08 жел, 2017 сағат 14:36

Назарбаев "Астана" футбол клубын құттықтады

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» футбол клубына құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Еуропа Лигасының плей-офф кезеңіне шығуына байланысты «Астана» футбол клубын құттықтады.

«Сіздердің табыстарыңыз команданың ойынын зор қызығушылықпен әрі үмітпен бақылап жүрген миллиондаған қазақстандықтарға қуаныш сыйлады.

Сіздердің жетістіктеріңіз Қазақстанда футболды және спорт саласын одан әрі дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз. Елордамыз Астананың 20 жылдығы қарсаңындағы бұл жеңістің ерекше символдық мәні бар», - делінген жеделхатта.

Соңында Қазақстан Президенті команда мүшелерінің бәріне зор денсаулық пен амандық тілеп, алға қойған мақсаттарының орындалуына ниеттестік білдірді.