12 қар, 2019 сағат 07:29

Назарбаев алпауыт елдердің текетіресі туралы: "Үміт ақталмады..."

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 30 жыл бұрын әлем халқы қақтығыстар аяқталды деп үміттенгенімен, ол үміт ақталмағанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ресейлік мегаконтиненттің өсіп келе жатқан көліктік байланысы Еуропа мен Азия арасында адамзат тарихындағы теңдессіз мүмкіндіктерді ашып отыр. Дәл қазір бізге қауіпті айналып өтуге жол ашатын, Үлкен Еуразия да жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізетін ашық әрі әділ диалог керек. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңы мен тоқсаныншы жылдардың басы дәуірлік оқиғаларға толы болды. Ол оқиғалардың бел ортасында өз күйреуіне беттеп келе жатқан СССР-дың ыдырауы тұр еді. Әлем дәл осы уақытта оптимистік көңіл-күйде болатын. Қырғи-қабақ соғыстың жарқын үлгісі ретінде Берлин қабырғасы құлады. Ол бірегей әлемді құруға мүмкіндік берген болатын. Сол кезде энтузиазм толқынында Фукуяманың әйгілі «Тарихтың ақыры» атты кітабы шыққан. Әлемдік тарих тоқтады, адамзат бірегей даму жолына түсті деген қиял пайда болды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев Astana Club отырысында.

Елбасының айтуынша, сол уақытта әлемдік ірі қақтығыстарға нүкте қойылды деген пікір де айтылған.

«Алайда арада 30 жыл өткенде бұл үміттің ақталмағанын көріп отырмыз. Бүкіл әлем бойынша геосаяси текетірестерге, қақтығыстарға куә болдық. Өтіп бара жатқан 2019 жыл да драмаға толы жыл болып тарихқа еніп барады», - деді ол.

Айта кетсек, елордада ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Astana Club отырысы өтіп жатыр. Кезекті басқосуға әлемнің 23 мемлекетінен геосаясат, экономика мен халықаралық қатынастар саласының маңдайалды сарапшысы ретінде мойындалған 50-ден астам халықаралық спикер қатысуда. Құрметті меймандардың қатарында - 3 бұрынғы мемлекет басшысы, 5 экс-премьер-министр, 10 министр және Нобель сыйлығының лауреаты бар.