16 мау, 2017 сағат 18:46

Назарбаев әлемдік бірыңғай валюта әзірлеуді ұсынды

Халықаралық есептік төлем бірлігін енгізу мәселесін байыппен қарайтын уақыт жетті. Бұл туралы бүгін Х Астана экономикалық форумының жалпы отырысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Әлемдік қаржы архитектурасын трасформациялау қажеттілігі жетілдіріліп отыр. Халықаралық есептік төлем бірлігін енгізу мәселесін байыппен қарайтын уақыт жетті. Ол әлемді валюталық соғыстардан, алаяқтықтан арылуға, сауда қарым-қатынастарында қателіктерден жалтаруға, нарықтағы құбылмалықты төмендетуге мүмкіндік береді», - деді Қазақстан Президенті.

Елбасының айтуынша, валюта қарапайым, ол пайдаланушыға бағынышты болуы тиіс.

«Блокчейн сынды технологиялардың дамуын, цифрландырылуды ескере отырып, криптовалюта түріндегі есептік бірлікті құруға да болар еді», - деді Елбасы.

ҚР Президентінің пайымынша, ол абстрактілі сенімді тірек етпеуі тиіс. Керісінше, нақты активтерді қамтамасыз етуі қажет. Бұл валюта бүкіл әлемдегі қолданушылар тарапынан қабылдануы керек.

«Сондықтан бұл іске тек қана G20 емес, одан да көп мемлекеттер қатысуы үшін біз G-Global-ды  ұсындық», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, жаһандық валютаны  Орталық банктердің пулын құру жолымен, мәселен, БҰҰ жанына арнайы комитет құру арқылы енгізуге болады.

«Барлық елдің теңқұқылы, әділ өкілдігі болуы тиіс. Әрине, мәселе қарапайым емес. Бірақ бұл проблема жоғалмайды. Бізге оны айтып қана қоймай, шешу де қажет», - деп түйді сөзін ҚР Президенті.