13 қар, 2019 сағат 14:41

Назарбаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорын қабылдады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановты қабылдады. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президентінің ресми сайтында хабарланды.

Кездесу барысында Елбасы жоғары оқу орнын одан әрі дамытудың және халықаралық беделін нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

«Университеттің беделін көтеру маңызды. Алдымызда жоғары оқу орнын зерттеу орталығына айналдыру мақсаты тұр. Білім сапасы мен профессорлық-оқытушылық құрамды дайындау деңгейін арттыруға назар аудару керек. Білім алушылардың жағдайын жақсарту үшін студенттік жатақханалар салу жөнінде тапсырмалар берілді», - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сондай-ақ, әңгіме барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын атап өтуге арналған шаралардың дайындығы жөнінде мәлімет берілді.