10 ақп, 2017 сағат 11:58

Назарбаев Ақордада жиын өткізді

Бүгін Қазақстан Президентінің төрағалығымен экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуының мәселелері жөніндегі кеңес өтті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Кеңеске Премьер-Министр, Ұлттық банк төрағасы, Үкімет мүшелері, Астана қаласының әкімі, ұлттық холдингтер және компаниялар, сондай-ақ еліміздің жетекші кәсіпорындарының басшылары қатысты.

Жиын барысында Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауының бірінші басымдығы ретінде аталған экономиканың жеделдетілген жаңғыртылуы жөніндегі шаралар талқыланды.

Сондай-ақ, цифрлық технологияларды қолдана отырып, жаңа индустрияны дамыту және базалық салаларды техникалық қайта жарақтандырудың кешенді шараларын әзірлеу мәселелері қарастырылды.

Қазақстан Президенті кеңес қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.