03 ақп, 2017 сағат 15:43

Назарбаев: Ағылшын тілінің керегі не дейтіндер - қазаққа қарсы жұмыс істейтін адамдар

Ағылшын тілінің керегі не дейтіндер - қазаққа қарсы жұмыс істейтін адамдар. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

ҚР Президенті дамыған елдерде қабылданған 12 жылдық білім беру жүйесіне көшудің, үш тілде оқытудың  пайдасын және ұлттық бірыңғай тестілеудің  пайдасын халыққа нақты түсіндіру қажеттігін баса айтты. Бұл ретте Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа түсіндіру жұмыстарын қолға алуды тапсырды.

«Мен қабылданған бұл бағыттардың барлығы да дұрыс деп санаймын. Бірақ, оны дұрыстап түсіндіріп, жүзеге асыру қажет. Мұны барлығы да түсінуі керек. Қажеттілігін көп айтқан болатынбыз. Әй, оның, ағылшын тілінің керегі не дейтін адамдар - қазаққа қарсы жұмыс істейтін адамдар, ертеңіміз  болмасын деген адамдар. Біз жалғыз емеспіз. 1,5 млрд. астам халқы бар Үндістан тәуелсіздік алған кезде хинди тіліне көшкен болатын. 4 жылдан кейін қайтадан ағылшын тіліне оралды. Малайзия да сөйткен болатын. Ол да қайтып келді. Себебі, дүниедегі барлық ғылым, жаңалық ағылшын тілінде болып жатыр. Қайтеміз енді. Біздің шаруамыз емес, ол. Мемлекеттің, дүниенің шаруасы. Жастарымыз, балаларымыз ағылшын тілін білмесе, Қазақстанның болашағына кедергі болады. Түсіндіру керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Сонымен қатар Елбасы білім саласындағы реформаларды қоғаммен жан-жақты талқылап, түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін ескертті.