10 нау, 2016 сағат 19:54

Наурыздың иісі қайда?

Ақ қардың көбесі сөгілді. Наурыздың нақышындай әр жерден қылтиған көк көрінді. Әлбетте, бұл – қала сыртындағы көрініс. Ал қала көшелері мүлгіп тұр. Алдымызда – қазақтың төл мейрамы Наурыз. Алайда наурыз көженің иісі әлі шыққан жоқ.

Осындайда есімізге Жаңа жыл мерекесі түседі. Жасыл шырша, жасанған қала. Тіпті, Жаңа жылға жар айтқанда, қазақтың азалы һәм ғажайып күні 16 желтоқсанның да мысы басылып қалады. Он алтыншы желтоқсан – күнтізбе бетіндегі қызыл дақ қана. Неге?

Кейбіріміз бұл жерде биліктің еш кінәсі жоқ, мәселе халықта деген әңгімеге әңгүдіктей иланамыз. Ал егер бәрі халықтың қолында болса, халық жасампаз болса, әкімдік не үшін керек? Ұйымдастырушы, үйлестіруші сол емес пе?! Желтоқсанның бірінен бастап шырша жағып, көшені тақырыпқа сай сәндейтін де – солар. Көшеңіз «мен Жаңа жылды қарсы алуға дайынмын» деп қызша қиылып тұрса, біздің көңіл қайтеді? Іштей болса да ойсырап, іштей болса да жеңіліп, сол мерекенің жетегінде кетеріміз һақ. Бұл – санаға әсер етудің төте жолы. Осы тәсілді Наурыз мейрамында қолданса, қой деген кім бар? Әкімдіктен осы туралы сұрап көрсеңіз, «қаржы дағдарысы» деп қалтасын қайырып көрсетеді. Жоқ, бұл – қаржы дағдарысы емес, бұл – әкімдіктегі ұлттық болмыстың дағдарысы. Одан басқа ештеңе емес…

Көлгірсуден аулақпыз, бірақ көшеге қарап көңіл жетім. Қайда Наурыздың иісі? Ою-өрнек қайда, ұлттық нақыш қайда? Қыста Аяз ата мен Ақшақар қыз тұрған жерге қазақтың ақ сақалды атасы мен ақ кимешекті әжесінің мүсінін сомдаса, қандай керім?! Жиырма бірі күні орталық көшені тас бекітіп, жағалай киіз үй тігумен бітетін бұл не мейрам?

Қазақтың Қазақстандағы мемлекет құраушы ұлт екені рас болса, ол ұлттың беделі басқадан биік болуы тиіс. Қазақты сыйлату үшін мерекесін келеке етпеген жөн. Онсыз да «түйе баққан қазақ» деген атпен үш ғасыр қойдай жусап жаттық. Енді өз дәстүрімізді дәріптеп, ұлттық құндылығымызды ұлықтайық. Тарихтан тағылым айтып, «Алтын Орданың» бел баласы екенімізді білдіріп, «тепсініп келгенде, тең атаның ұлы екенімізді» неге көрсетпейміз?

15-18 наурыз аралығы амал немесе көрісу күні екені белгілі. Наурыз мейрамы осы күннен басталуы керек. Ал оған дайындық ай басынан жасалсын. Жетім қыздың тойындай етпесін ұлық мейрамымызды. Көкейдегі сөз – осы.

Айтпақшы, осы сайлау біздің ұлттық мерекемізге айналып бара жатқан жоқ па? Қазір біздің көшеден сайлаудың иісі аңқиды. Тақырыпқа сай партиялар мен үміткерлердің суретімен безендіріліп жатыр қаламыз. Әскерилер айтпақшы, «ұрыс ұрысымен, тамақ уақытымен» болуы керек қой.

Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ,

Аймақтық «Арқа ақшамы» қоғамдық-саяси газеті (№10(144) 10 наурыз 2016 жыл)