22 там, 2018 сағат 09:38

"Нәтиже жоқ!". Сағынтаев Президенттің айтқанын орындамаған шенділерді сынады

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кезекті отырысы барысында Бақытжан Сағынтаев Елбасы тапсырмасын орындамаған министрлер мен әкімдерді сынап, оларға бұл жұмыстарды қайта қолға алуды тапсырды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Құрметті әріптестер, Елбасы өзінің жолдауында индустрияландырудың жаңа технологиялар енгізудің флагманына айналуы тиіс екенін айтып өтті. Осы бағытта 7 үлгілі фабриканы іске қосуды жоспарға енгіздік. Яғни осы бағытта біз цифрлық фабрикалар жобасын іске асыруымыз қажет. Жеңіс Махмұдұлы, Дәурен Асқарбекұлы және Асқар Қуанышұлымен бірге осы жұмыстарды жүргізуге қатысты шаралар жүргізіп келдік. Бүгінгі күнге дейін осы жұмыстың қарқыны төмен. Жарты жыл өтті, бірақ бүгінгі баяндамаларда осы атқарылған жұмыстың нәтижесі туралы айтылған жоқ. Осыған назар аударуларыңызды сұраймын", — деді Бақытжан Сағынтев. 

Әрі қарай премьер-министр кәсіпорындарды модернизациялау жұмыстарының дұрыс жүргізілмей отырғанын айтып өтті. Сондай-ақ, осы мәселеге байланысты Асқар Ұзақбайұлына тапсырма берді.

"Елбасының да тарапынан осындай талап болды. Әрі қарай технологиялық өнім шығаруға қатысты модернизациялау жұмыстарына келейік. Осы нәрсе экспортқа шығаратын өнімнің көлемін өзгертуге септігін тигізеді. Өңдеуші секторда жүйені құрайтын кәсіпорындар іске қосылмай отыр. Осыған назар аударуларыңызды сұраймын. Бұл да Елбасының тапсырмасы. Асқар Ұзақбайұлы осыны сіздің бақылауыңызға тапсырамын", — деді Бақытжан Әбдірұлы.