12 нау, 2019 сағат 11:13

NASA 2028 жылы адамдарды Айға жеткізбек

NASA  2028 жылы адамдарды Айға жеткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

АҚШ ғарыш ведомствосының 2020 жылғы бюджеті 21 млрд долларды құрамақ. Оның 363 млн доллары Айға жүк жеткізетін коммерциялық компанияларды қолдауға бөлінеді. 

«Айға адамдар мен жүк жеткізуде жеке компаниялармен серіктестік орнату әрекеті АҚШ-тың Ай-Ғалам шарын зерттеудегі басымдығын білдіреді. Адамдарды Ай бетіне жеткізу 2028 жылға жоспарланған», - делінген NASA құжатында.

АҚШ 2017 жылдан бастап Айды зерттеуді қайта қолға алғанын мәлімдеген еді. Айды зерттеудегі жаңа бағдарлама аясында NASA Ай маңында Gateway станциясын жасау идеясымен жұмыс істеуде. Келешекте айға ұшқан адамдар сонда қонады және кері қайтқанда да осы станция арқылы ұшады.

NASA-ның хабарлауынша, Gateway халықаралық жоба және коммерциялық компанияларды тартумен іске асырылады.