16 мам, 2019 сағат 13:45

Нариман Мұқышев: Халық цифрландырудың игіліктерін тиімді пайдалануы керек


Еліміздегі ең маңызды салалардың бірі – әлеуметтік-еңбек саласы. Өйткені, әлеуметтің әл-ауқатының артуы, еңбекпен қамтылу деңгейі осы саладағы өзгерістер мен жобаларға тікелей байланысты. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданғалы бері аталған саладағы цифрландыру жұмыстары күшейе түсті. Олай болса,  халықты жұмыспен қамтудағы онлайн форматтың орны қандай? Жұмыспен қамтылғандардың санын арттыра ала ма? Электронды жүйенің артықшылықтары неде? Әлемнің көшбасшы елдері цифрлық тұрғыдан неге ұмтылады? Цифрлық формат оларды қалай өзгертті, қалай дамытты? Осы және өзге де сауалдардың жауабын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Нұрланұлы Мұқышев айтып берді.    

- Нариман мырза, еңбек және әлеуметтік қорғау саласын цифрландыруда Еnbek.kz порталы өз нәтижесін көрсете бастады. Оның бүгінгі жетістіктері мен өзгерістері жөнінде айтып өтсеңіз...

- Бүгінде электронды еңбек биржасының (Еnbek.kz) базасында қызметтердің жаңа түрін көбейттік. Оған мысал ретінде, жұмыспен қамтудың жеке агенттіктерінің қосылғанын, аналитика  мен бір реттік құпия сөз арқылы ыңғайлы форматтың пайда болғанын және дағды бойынша механизмдердің іске қосылғанын айтуға болады. Еnbek.kz көпшілікке жақсы таныла түсті. Яғни, жұмысқа тұру сатысы бойынша ақпараттық агенттіктердің арасында екінші сатыда келеді. Ал енді электронды еңбек биржасы енгізілгенге дейін және кейін деп салыстыратын болсақ, жұмысқа орналасушылардың саны 17 пайызға  артты.

- Үлкен көрсеткіш қой...

- Иә, бұл дегеніміз – вакансиялар мен резюмелерді бір жерге біріктіргеніміз өз тиімділігін көрсетті деген сөз. Адамдар бос жұмыс орындарын тезірек таба алатын болды. Мұның бәрі цифрландырудың нәтижесі.

- Осы enbek.kz арқылы қай сала өкілдері жұмыспен көбірек қамтылды?

- Көбіне жалпы профессияның жұмысшылары жұмыспен қамтамасыз етілуде. Олардың қатарына мұғалімдер, дәрігерлер, темір шеберлері, жүк тасушылар, санитарлық техник және т.б. кіреді. Әрине, мұнда компания директоры немесе программистерге де бос вакансиялар болып тұрады. Бірақ олардың үлесі жоғарыдағы қызмет түрлеріне қарағанда аздау. Бәрібір де жалпы профессиялар көп көрсеткішке ие. Өйткені, электронды еңбек биржасын көбіне жұмыспен қамту орталықтары толтырады. Онда интернетті дұрыс қолдана алмайтын адамдар да келіп жатады. Біздің міндетіміз – оларға интернетпен жұмыс жасауды үйрету, жұмысқа тарту.

- Жалпы электронды еңбек биржасына Қазақстандағы бүкіл компаниялар мен ұйымдар қатыстырылған ба?

- Негізінен заң бойынша, кез келген жұмыс беруші 3 жұмыс күнінің ішінде мемлекетке жұмыс орындары туралы хабар беруі тиіс. Әрине, егер бос жұмыс орындары болса ғана. Және оларға бұрынғыдай көп қағаздарды толтырудың қажеті жоқ. Қазір тек қана enbek.kz-ке кіріп, вакансияларын орналастырып, содан соң электронды цифрлық қолтаңбаны қою керек. Бұл жұмыс берушілерге жеңіл әрі жайлы.

- «Е-халық» жобасының Республика көлеміндегі жетістіктерін атап өтесіз бе?

- «Е-халық» жобасының негізгі мақсаты – әлеуметтік карталардың қалыптасуын анықтау. Яғни, отбасылардың әлеуметтік портретін білу. Мысалы, қазір мекенжай әлеуметтік көмегі, тұрғын үй көмегі, балабақша, мектептердегі ыстық тамақпен қамту, осының барлығы өтініш беру форматында болса, кейін проактивті форматта болады. Мәселен, мен көпбалалы әкемін. Менің табысым күнкөріс деңгейімен есептегенде 70 пайыздан төмен болса, мен қажетті құжаттарды жинаймын. Ал «Е-халықта» барлық мәліметтер бірыңғай формат бойынша жазылып тұрады. Яғни, біз бірыңғай форматта отбасылардың жағдайын біліп отырамыз. Яғни, мына отбасының кірісі осындай, ыстық тамақпен қамтылған, баспанасы жоқ, мекенжай әлеуметтік көмегі жоқ деп бәрін бақылауда ұстап отырамыз. Дәл осындай отбасылар бізге хабарласса, оны жергілікті әкімдікке көрсетіп, оларға көмек қажет екенін, проактивті көмек керек екенін жеткіземіз.

Бүгінгі таңда әлеуметтік карталарды анықтау үшін белсенді түрде жұмыс жасап жатырмыз. Осы бағытта жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстар атқарудамыз. Бұл жұмыстар биыл аяқталады. Одан кейін ел тұрғындарына проактивті форматта шыға алатын боламыз.

- Қазіргі таңда әлеуметтік карталар қаншалықты деңгейде анықталды?

- Еліміз бойынша әлеуметтік карталар 46 пайыз көлемінде жасалды. Енді 54 пайызы қалды. Әлеуметтік карталар ақпарат толық болған кезде ғана толықтай жүзеге асады. Яғни, білім саласы бойынша ақпараттарды Білім министрлігінен, денсаулыққа қатысты мәліметтерді Денсаулық сақтау министрлігінен аламыз. Осы мәліметтердің бәрі бәрі толық болып бір жерге жинақталған кезде, біз отбасылардың әлеуметтік портретін көре алатын боламыз. Сондай-ақ, ақпарат ретінде айта кетсек, бүгінде мекенжай әлеуметтік көмегі бойынша 175 мың отбасыға қаражат төленген.

- Өткен жылдың тамыз айында Астана Хабтағы бір кездесуде еңбек кітапшалары толықтай онлайн форматқа көшеді деген едіңіз. Осы уақыт аралығында 1 жылға жуық уақыт өтті. Біз әлі де еңбек кітапшасымен жүрміз. Қашан толықтай электронды форматқа ауысады?

- Иә, солай айтқан болатынбыз. Қазіргі таңда 575 мың еңбек кітапшасы электронды форматта тіркелді. Осы жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 1 млн-ға жеткізу жоспарланып отыр. Мұның барлығы еңбек кітапшаларын толықтай онлайн форматқа көшіру бойынша жасалып жатқан қадамдар. Кейін зейнеткерлікке шыққан кезде еңбек кітапшасын онлайн форматта сақтағандардан ешкім еңбек кітапшасын сұрамайды. Өйткені, олардың барлық еңбек өтілі базада тұрады. Цифрландыру дегеніміз – бір ғана адамның немесе бір ғана органның істейтін ісі емес, оны бірлесіп жасау қажет. Яғни, бір отбасы секілді, тек қана ер адам емес, әйелі де көмектесу қажет. Жалпы Қазақстанда 8 млн. еңбек кітапшасы бар. Мұның бәрін электронды форматқа көшіру біртіндеп жүзеге асатын болады. Менің ойымша 1-2 жылдың ішінде жағдай өзгеруі тиіс.

- Өз қызмет өтіліңізде басшылық қызметтерді атқарып келесіз. Кадрларды қалай таңдайсыз? Қандай қасиетіне мән бересіз?

- 2007 жылдан бері басқарушылық қызметтемін. Ең бастысы, қызметкерлерді таңдаған кезде көзінде от, бойында қуат, жігерлі болса деймін. Адамды көрген кезде тарихта өз ізін қалдырғысы келетін жанға ұқсауы қажет. Ал екінші жағдайда жұмыс тәжірибесіне қараймын. Тәжірибесі жоқ, бірақ жанып тұрған адам болса да, жарты жылдың ішінде көп жұмыс атқара алатынына сенемін. Өзіне де, компанияға да көп пайдасын тигізетін болады. Сөзіме дәлел ретінде бір оқиғаны айтып берейін. 5 жылдық жұмыс өтілі бар маманмен еш жерде жұмыс істемеген студентті бірдей қызметке алдым. Оны кезінде кейбір адамдар түсінбеді. Алайда, мен сол студенттің көзінен от көрдім де, сенім артып жұмысқа қабылдадым. Қазір олар департамент директорлары. Мен оларға «5 жылдан кейін сендердің қабылдауларыңа жазыла алатын болсам, онда мен қуанамын», деп айтқан болатынмын.  Маған олардың өскендері ұнайды. Бұл жерде басшылыққа да байланысты. Ал, өзіме келер болсам, мен әрқашан бастамаларымды, жобаларымды қолдаған басшыларға тап болдым. Кейбір басшылар қолдамас та еді, осы жағынан менің жолым болды. Басшылық пен коллектив кадрдың өсуі үшін өте маңызды.

- Келесі сұрақ, отандық IT-стартаперлерге қатысты. Оларды қаншалықты деңгейде қолдайсыз. Менің білуімше, Астана Хабтағы жиындардың бірін қалдырмайсыз...

- Иә, әр жиын мен үшін қызық. Кейде сөз сөйлемесем де артқы жақта тұрып, тыңдаймын. Мен ылғи да стартаперлерді қолдап келемін. Қазпоштада қызмет еткен кезімде Назарбаев университетін енді ғана тәмамдап жатқан 3 бала келді. Сол кезде робот пошташыны қатты жасағым келіп жүрген. Олар мұны жасай алатындарын жеткізді. «Бізде қажетті жабдықтар бар. Егер жасасақ, сіздер аласыздар ма?» деп өз ойларын айтты. Мен олардың қатты қалап отырғанын түсіндім, сендім. Сосын «мұны жүзеге асырыңдар, шынымен қолдарыңнан келсе біз сіздерді қолдаймыз» дедім. Олар жарты жыл жасады. Артынша біз оны іске қостық. Бүгінгі таңда робот пошташы Expo аумағында тұр. Ал жаңағы жас таланттарға келер болсам, олар қазір аяқтан тұрды, сан түрлі сұхбаттар береді. Алғаш жұмыс жасай бастаған кезде мен оларға «өздерің үшін жасаңдар, егер имидждеріңді жасап алсаңдар үлкен есіктер ашылады», деп кеңес берген болатынмын. Қазір соның бәрі орындалды. Олар – кәсіпкерлер.

Сонымен қатар, жақында мүгедектерге арналған «ақылды таяныш» жобасын қолдадық. Бұл жоба арақашықтықтарды анықтап, адамға өз көмегін тигізетін болады. Тағы бір маңызды жоба – IT-дағдыларды мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үйрететін проект. Мұны ұсынған – Әмір Сүлейменов. Ол өзі арбада отырып, онлайн форматта үйде отырған мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс жасауды үйретеді. Бұл жүре алмайтын азаматтар үшін өте қолайлы. Біз оны қолдап, сынақ ретінде мүмкіндігі шектеулі 10 адамды таңдап, оған оқытып көрдік. Оның 7-еуі табыс таба бастады. Екінші кезеңде 50 адам оқытылды. Ал биыл 1000 адамды оқыту көзделіп отыр. Біздің мақсатымыз – үйде отыратын адамдардың лайықты қаржы тауып, цифрландырудың беріп жатқан игіліктерін пайдалануларына ықпал ету.

- Адамға өмірден өз орнын табу үшін қандай кітаптарды ұсынасыз? Фантастикадан басқа...

- Мен фантастиканы қатты жақсы көремін (күліп). Жалпы менің оқыған кітаптардың ішінде ерекше әсер еткені - «Қатал ғасыр», «Алтын орда», «Көшпенділер». Бұлар коммуникацияны үйретеді. Ол адамды дамытады. Аталған кітаптарда адамды өмір сүріндірсе де, олар амалын тауып, қайта әрекет етеді. Соңында жеңіске жетеді. Мақсат пен сәттілік бірінші қадамнан келмейді. Бастысы – табандылық керек, IQ-дың да қажеті жоқ. Бір адамдардың мақсаты 5-ші қадамнан кейін орындалып жатады, енді бірінде 10-шы қадамда болады. Осы кезде табандылық көрсетіп, қайта-қайта еңбектенсе, адам өз дегеніне жетеді. Еңбек бәрін де жеңбек.

- Көптеген басқосуларда немесе жиындарда жастарға, студенттерге өз тәжірибеңізді бөлісіп, шабыт беріп жүресіз. Өзіңіз шабытты қайдан аласыз?

- Шынын айтқанда, менің мемлекеттік қызметке келгендегі себебім – істеген ісімнің мыңдаған, миллиондаған адамдарға пайдасының тиюі. Ауылдағы ақ жаулықты әжелерімізге дейін қажетті қызметті бұрынғыдан да тезірек алуы, қуануы. Мұның бәрі жұмыс жасауға шабыт береді. Ең бастысы, біздің команданың жұмысы азаматтарға пайдасын әкеліп жатса, біз үшін үлкен мотивация. Сондай-ақ, IT-саласындағы әлемдік тұлғалар мен олар жасаған дүниелер маған мотивация береді. Мәселен, Илон Маск, Стив Джобс, Джефф Безос, Джек Ма деген сынды тұлғаларды жиі оқимын. Әр оқығанымда шабыт аламын. Олардың әлемді жақсы арнаға бұруы, жаңа индустрияны қалыптастыруы, жаңа жұмыс орындарын ойлап табуы – маған үлкен шабыт сыйлайды.  

- Лидерлерден шабыт алады екенсіз...

- Иә, бірақ бірден айтайын, ақылды кітаптарға қарсымын. Мәселен, «Сәттілік пен бақытқа жетудің 5 қадамы» немесе «Бай адамдардың 3 мысалы немесе 3 дағдысы» дегендер меніңше бос сөздер.

- Цифрлық тұрғыдан лидер мемлекеттер саналатын Эстония мен Үндістанда болдыңыздар. Олардағы жағдай қалай екен?

- Иә, дұрыс айтасыз, бұл 2 мемлекет цифрландыру тұрғысынан әлемдегі көшбасшы елдер саналады. Эстонияға келер болсақ, электрондық
Үкімет бойынша әлемдегі 1-ші мемлекет. Олардағы үкімет сағатының ең қысқа уақыты 45 секунд болған. Оған қалай қол жеткізген дейсіз ғой? Олар алдарындағы монитор арқылы 2 ғана сұраққа жедел жауап беріп, жиынды аяқтаған. Ондағы электронды қызметтер де жоғары дамыған. Біз мұның бәрін барған кезде зерттедік. Мұндай көрсеткіштерге қалай жеткендігін сұрадық. Талқыладық. Сол кезде олардағы зейнет жасындағы адамдардың да электронды қызметтерді қолдануды жақсы меңгергенін білдік. Ал бізде егде жастағы адамдарға электронды жүйені үйрету қиындау. Кейбірі қаламайды, кейбірі түсінбейді. Ал олар жасай алған. Енді бұл тәжірибені Цифрлық даму министрлігімен бірлесе отырып, жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Үндістанға келер болсақ, олардағы бағыт өзгеше. Бұл елде IT-нарық пен IT-компаниялар өте жоғары дамыған. Біз солардың бірінде болдық. Ол компанияда 700 мың адам жұмыс жасайды екен. Ал IT-компанияда мұншалықты адамның қызмет етуі шынымен де талқаларлық жағдай. Олар өз тауарларын экспортқа шығарады. Оның өнімдерін АҚШ, Еуропа, Қытай мемлекеттері алады. Яғни, олардағы IT-саласы дұрыс жолға қойылған.

- Ашық әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Назерке ЕРКІНҚЫЗЫ