18 қаң, 2017 сағат 11:11

Н. Нығматулин Мәжіліс жұмысының жаңа жылдағы басым бағыттарына тоқталды

Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жаңа жылдағы алғашқы жалпы отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Парламенті Мәжілісі аппаратының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәжіліс Спикері алда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүктеген жауапты міндеттер тұрғанын және оларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету жолында атқарылатын жұмыстардың көп екенін алға тарта келіп: - біз аймақтарда болып, сайлаушылармен де кездестік. Осы уақыттарда айтылған барлық мәселелерге алдағы заң шығару жұмысымызда ерекше көңіл бөлетін боламыз, - деді.

Атап айтатын болсақ, бүгінгі отырысқа бірінші оқылымда ұсынылып отырған жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселесіне қатысты заң жобасы маңызды құжаттардың бірі.

Сондай-ақ, жақын уақытта денсаулық сақтау және әлеуметтік – еңбек салаларына қатысты заң жобасы қаралады.

Н. Нығматулин атап өткендей, жол қозғалысы туралы, ақпарат және коммуникация, коммерциялық емес ұйымдар басқа да салмақты құжаттар бойынша тыңғылықты жұмыс істеу міндеті тұр.

Палата Төрағасы сессия соңына дейін Мәжілісте өтетін үкіметтік сағаттар мен парламенттік тыңдауларға да айрықша көңіл бөлді.

Осы жұмыстардың барлығын бірлесіп, жоғары деңгейде орындауымыз керек дей келіп, Палата Спикері: - Мәжілістің ең басты міндеті әдеттегідей заң шығармашылық жұмысының сапасын күшейту мен заңдардың орындалуына бақылауды күшейту, - деді.