09 ақп, 2017 сағат 10:11

М.Жолдасбеков: Қазақтың ең тағдырлы мәселесі – ұлт, тіл, дін мен жер

Бүгін «Қазмедиа» орталығында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі алқа мәжілісінің кеңейтілген отырысында қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков қазақты толғандыратын төрт негізгі мәселені атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.

«Қазақты толғандыратын бірнеше тағдырлы мәселе бар. Оның ішінде ең негізгілері – ұлт, тіл, дін және жер мәселесі. Қазір демократияның заманында өмір сүріп жүрміз. Әркім өзінің ойындағы пікірін ашық айта алады», - деді М.Жолдасбеков.

Осы орайда қоғам қайраткері, журналистика саласының майталманы Елбасының қазақ тіліне деген жанашырлығына ерекше тоқталып өтті.

«Елбасымыздың Тәуелсіздігімізге сый ретінде жазған «Ұлы дала ұлығаттары» деген шағын ғана кітабы бар. Мен осы кітапқа үлкен мақала жаздым. Сонда ол кісінің бәрін біліп тұрып айтқан бір сөзі бар: «Қазақ тілінде мен сөйлей алмайды деп кім айтады? Сөйлей аламын, әрине. Францияның президенті, Қытайдың басшысы, Ресейдің президенті өз тілінде баяндама жасайды, мен де соны армандаймын...», - дейді. Кезінде Целиноград, Ақмолада халықтың 17-ақ пайызы қазақ болды. Қазір Астана қазағы ең көп қалаға айналды. Өткенде Елбасымен бір жүздескенімде, Құдай қаласа, жазда Қазақстан халқы 18 миллионға жеткенін хабарлайтын боламыз деді. Бұл да үлкен қуаныш деп ойлаймын», - деген М.Жолдасбеков халықты толғантқан мәселелер мемлекет назарынан тыс емес және оң шешімін тауып келе жатқанын жеткізді.