04 там, 2017 сағат 16:20

Мысырда тұтқындалған қазақстандық алты азамат елге оралды

Мысырда ұсталған қазақстандық студенттер елге оралды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов өзінің Facebook-тегі жеке парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Еліміздің барлық алты азаматы бүгін Мысырдан өз еліне аман-есен оралды. Қазір олар өз үйлеріне т­уыстары мен жақындарына бара жатыр», - деп жазды ол.

Еске сала кетсек, осыған дейін Мысырда 6 студенттің жоғалып кеткендігі туралы ақпарат жарияланып, кейінірек студенттердің Мысырдың құқық қорғау органында болғандығы анықталған болатын. Осыған байланысты Қазақстан Мысырға ресми наразылық нотасын жіберген.

1 тамызда Мысырдың ұлттық қауіпсіздік қызметі Қазақстан елшілігімен хабарласып, алты азаматтың еліне қайтарылатынын хабарлаған. Қазақстандық алты азаматтың ол жақта не үшін ұсталғаны әлі белгісіз болып отыр.