24 қар, 2016 сағат 08:22

Мысырда 7 мың жыл бұрынғы ежелгі қала табылды

- Мысыр археологтары 7 мың жылдан асатын ежелгі қаланы тапты.

Қазба орнынан ғимараттар, құрал-саймандар, тұрмыстық керек-жарақтар мен үлкен мазарлар табылды, деп хабарлайды Би-Би-Си агенттігі.

Қала Ніл өзенінің жағасында, Абидостағы Сети I перғауын храмының маңында орналасқан. Сарапшылардың айтуынша, табылған 15 мазардың көлемі ондағы жерленген адамдардың жоғары әлеуметтік таптан шыққанын көрсетеді. Болжам бойынша, қалада жоғары лауазымды шенеуніктер мен мазар тұрғызушылар тұрған.

Сарапшылар ежелгі қаланың табылуы Мысырдың туристік индустриясын қайта жандандырады деп үміттеніп отыр. Ғалымдардың болжауынша, қала тарихы біздің заманымызға дейінгі 5316 жылға тиесілі.