06 нау, 2016 сағат 19:40

Мыңжылдық құпиясының шешімі

Қазақ хандығының 550 жыл­дығына байланысты елімізде өткен жан-жақты, көптеген шаралар халықтың өз еліне, ұлтына деген сүйіспеншілігін нығайтып, жалпы, көпшіліктің тарих­қа деген құштарлығын арттырып, түсінігін шыңдай түскені анық.

Осы орайда қыруар жұмыс атқа­рылып, бұрын жөнді ескерілмей, толық зерттелмей келген мәселелер өз орнын тауып, талай қалып қойған ақтаңдақтардың беті ашылды. Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тарих тол­қынында» атты еңбегі барлық оқырман қауым­ның ортақ пікірі бойынша, осы зерттеулер қатарындағы еңбектердің ішіндегі терең туынды деген баға алды.

Елбасының осындай еңбегі бізді де қанаттандырып, алға қарай ұмтылуға, үлкен шаруаларды атқаруға белсене кірісуге және терең ізденулерге сілтейді. Мұндай ізденулерді қажет ететін шаруалар тарих саласында да баршылық. Дегенмен, тарихты зерттеу оны қолға алып, аз ғана уақытта бітіре салатын жұмыс емес. Оның үстіне тарих ғылымының ерекшелігі сонда, көп жағдайда оған саясат араласып отырған. Сол себептен, ол көп жағдайларда бұрмалануға да ұшырап тұрған. Осындай жағдайлар зерттеу жұмыстарын қиындата түсетіні де анық.

Мен өзім шет жақта жүріп діни білім алдым, соған байланысты араб, парсы, түркі, шағатай тілдерін үйренуіме тура келді. Кейін, елге оралған соң бірнеше көне кітаптарды ана тілімізге аудардым және «Құран Кәрім мағыналарының тәржімасы мен түсінігі» атты 5 томдық кі­­­тап жаздым. «Түркі-мұғулдардың және Шың­ғыс ханның шығу тегін зерттеу» ба­ғыты ­бойынша ізденіс жасаудамын.

Өкінішке қарай, біздің тарихымызға қатысты мұралардың көбісін шеттен із­деуге тура келеді. Өзіме айтылған ұсыныс­ты еске ала отырып, бір аса бағалы кітап­тың соңына түсуге тура келді. Ол – Рашид ад-дин Хамаданидің «Жамиғ ат-тауарих» кітабы еді. Ондағы мақсатым ХІІІ ғасырдың бастапқы дәуірінде Шығыс пен Батыстың арасындағы кең-байтақ аумақта алпауыт империя құрып, зор билік жүргізіп, әлем тарихындағы ең әйгілі тұлғалардың бірі де бірегейіне айналған Шыңғыс хан тұлғасы және оның шыққан тегі жайлы орын алған пікірталастардың түйінін таратуға нақты дәлел болатын деректерді табу болатын. Бұл тұлғаның өз кезіндегі билігінің ауқымы зор болғаны соншалықты, оның саяси ықпалы тек өткен дәуірлерге ғана емес, келешек дәуірлерге де ықпалын тигізетіндігі табиғи жағдай. Сондықтан біздің дәуірімізде, әсіресе, біздің қазақ халқының арасында Шыңғыс ханның шыққан тегі туралы қызу пікірталастар өрбіді. Бұл туралы талай айтылды да, талай жазылды да.

Ал бірақ, зерделеп қарасақ, бұл дау-дамайлардың туындауының түп негізі – бұдан әлдеқайда бұрында, алпауыт империялардың алдын ала жос­парлап жасаған, тым алысты көздеген саяси ойындарының астарында жатқан сияқты. Солардың қитұрқы саясатының салдарынан Шыңғыс ханның шығу тегі мен қай ұлтқа жататындығы туралы тарихи деректер бұрмалаушылыққа ұшыратылып, кейбір тұстары қасақана ұмыттырылып, оларға қатысты басқа тілдерде жарық көрген дереккөздері дұрыс аударылмауының салдарынан шатасып, шиеленіп, тым құпияланып кеткен. Тіпті, мұны әлемдік деңгейдегі «мың жылдықтың құпиясы» десе болатындай. Содан барып осы мәселеге қатысты сан қилы қорытындылар шығарылып жүргені де бар. Дегенмен, дау-дамайдың төркіні тек Шыңғыс ханның шығу тегінде ғана емес, одан едәуір тереңде жатыр. Кезінде Шығыс пен Батыстың екі арасындағы кең-байтақ аумақты алып жатқан Ұлы Далада өмір сүрген Ұлы Дала елінің жартысын түркі елдеріне, ал жартысын моңғол (монгол) деген ұлтқа жатқызып алалап, сосын олардың бірін жаулаушы-басқыншы ұлт ретінде, ал екінші жартысын жәбірленуші ұлт ретінде көрсетіп, бір-біріне қарсы қойылуына алпауыт империялардың отарлаушылық саясатының ықпалы болған сияқты.

Ал енді, жоғарыда айтылған «мың жылдықтың құпиясын» шешу, сөйтіп, оның бұлтартпайтын әділ бағасын беру, солайша сан қилы дау-дамайларға нүкте қою үшін осы мәселеге қатысты шынайы тарихи шындық баяндалған дереккөздерін анықтап, зерттеп, нақты дәлелдерді көрсету керек. Бұл тек бүгінгі күн үшін ғана емес, келешек үшін де аса маңызды шаруа. Мұны атқару үшін алдымен, аталған құпияны ашып беретін, яғни Шыңғыс ханның шыққан тегін анықтауға нақты дәйек болатын және «моңғол» деген ұлттың бұрын болған не болмағандығын айқындап беретін шынайы тарихи мәліметтер баяндалған дереккөздері бар ма? – деген мәселені анықтап алу қажет.

Тарихшылар осындай дереккөздері ретінде негізінен екі кітапты атайды. Оның біріншісі: «Моңғолдың құпия шежі­ресі». Екіншісі: түпнұсқасы бар, сондық­тан ғылыми орта шынайылығына шек кел­тір­меген, әлемнің тарихшылар қауымы түгел мойындаған «Жамиғ ат-тауарих» кітабы.

Алдымен, осы екі кітаптың қаншалықты сенімді екендігін салыстырып көрер болсақ, «Моңғолдың құпия шежіресі» атты кітап алғаш қай тілде, қандай жазумен хатқа түсірілгендігі әлі күнге дейін мәлім емес. Тек беймәлім дереккөзінен қытайшаға тәржімаланған нұсқасы ғана бар. Моңғолдар сол нұсқаны пайдалана отырып өз тіліне аударған. Негізінде, бұл кітаптың моңғол тілінде жазылған түпнұсқасы мүлдем жоқ. Сондықтан, бұл дереккөзін сенімді деп санауға, ғылыми дәлел ретінде қабылдауға болмайды.

Ал екінші дереккөзі жайлы айтар болсақ, ол аса сенімді саналатын «Жамиғ ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы» (Негізінде, «Жамиғ ат-тауарих» деген сөзді қазақ тіліне тікелей аударғанда «Тарихтар жинағы» деген мағына береді.) кітабы. Өйткені, оның авторы аты әлемге танымал парсының әйгілі тарихшысы, сондай-ақ, саяси қайраткері Рашид ад-дин Фазлуллах ибн Имад ад-Даула Абул-Хайр Хамадани (1247-1318ж.ж). Бұл кітапты Ғазан ханның тапсырысы бойынша 1300 жылы бастап, 1311 жылы аяқтаған.

KHetagurov-audarmasy-1-betParsy-kitaby-149-bet

Жылнамаларда айтылуынша, бұл еңбек­ке Ғазан хан солдәуірдің ең білікті саңлақ тарих­шыларын жұмылдырған. Тіпті, шығыс­тағы Қытайдан, батыстағы Франциядан ең атақты тарихшыларды алдырғаны мәлім. Содан болар, әлемге әйгілі көптеген тарихшылар бұған өте жоғары баға берген. Мыса­­лы, В.В.Бартольд Рашид ад-диннің бұл еңбегін тарихи энциклопедия атай оты­рып, былай деген: «Мұндай еңбек орта ғасырларда әлемнің ешбір халық­­та­рын­да, Азияда да, Еуропада да болған жоқ».

Ал И.П.Петрушевскийдің пікірі ­бойынша: «Көшпенділердің этникалық байланыстарын, әлеуметтік өмірін, тұрмысын, құқықтары мен аңыздарын Рашид ад-диннің кереметтей толыққанды және дәлдікпен суреттегені сондай, біз мұндай қолжазбаларды моңғолдың да, қытайдың да немесе басқа бір халықтардың да ешбір дереккөздерінен таба алмаймыз. Шыңғыс хан салтанатының құрылуы және моңғол халқының қалыптасу тарихын зерттеу үшін «Алтын дәптер» дереккөзі және қытай тарихы мен моңғолдың көне әңгімелеріне сүйене отырып жазылған «Жамиғ ат-та­уа­рих» жылнамасы «Құпия аңыздан» да құн­ды, әрі негізгі дереккөзі болып табылады».

Бұл кітапқа қызығушылық аса жоғары болғандықтан, ол орыс тіліне және басқа да тілдерге аударылған. Бірақ, ол аудармаларда кейбір кемшіліктер, тіпті, белгілі бір бұрмалаушылықтар да болуы мүмкін. Бұлай деуге себеп, аталған кітаптың орыс тіліне аударылған нұсқасын оқып отырсаң, оның кейбір жерінде «моңғолдар түркі ұлтынан» десе, кейбір жерінде моңғолдарды дербес ұлт ретінде көрсетеді. Сондай-ақ, алғашында «Шыңғыс хан қият руынан шықты» десе, кейіннен барып оны мүлдем моңғол қылып жібереді. Міне, осыдан: «Бұл қалай, алғашында түркілердің руынан болған Шыңғыс хан өзінің түркілерге тән қият руын кейіннен моңғол руына ауыстырып алғаны ма? Бұл оған неліктен қажет болды? Моңғол деген сөздің өзі қайдан шықты?» – деген сұрақтар туындайды. Бұл сұрақтарға нақтылы жауап табу үшін, алдымен аталған кітаптар дұрыс аударылды ма, олардың түпнұсқалары бар ма, бар болса қайда? – деген сұрақтарға ­жа­уап табу керек. Содан кейін табылған түпнұсқалардың арасынан ең сенімдісін таңдап алып, соған сүйене отырып бұрынғы аудармаларды салыстырып шығу қажет. Әне, сонда ғана шынайы ақиқаттың беті ашылмақ.

Осы мақсатта алдымен іздене келе, аталған кітаптың бірнеше тілдерге ауда­рылған нұсқаларын тауып, қарап шықтым. Сөйтіп, танысқан кітаптарымның бірі орыс шығыстанушысы И.П.Березиннің «Сборник Летописей. История Мон­го­ловъ Сочинение Рашид-Эддина. ИСТО­РИЯ ЧИНГИЗЪ-ХАНА» және «Сборник Летописей. История Монголов. Сочинение Рашид-Эддина. ВВЕДЕНІЕ: О ТУРЕЦКИХЪ И МОНГОЛЬСКИХЪ ПЛЕМЕНАХЪ» деп аталған кітаптары. Ол парсы тіліндегі осы кітапты 1858-1888 жылдар аралығында орыс тіліне аударған. Бірақ, оның аудару кезінде басшылыққа алған түпнұсқасында парсы алфавитіне тән 4 әріп (ч, г, ж, п) жетіспейді және терминдер мен атау сөздерді адаспай оқу үшін қойылатын белгілері жазылмаған. Негізінде, мұндай нұсқамен жұмыс істеу 100 пайыздық кәміл нәтиже береді деп айту қиын.

Дәл осындай жағдай Л.А.Хетагуров тарапынан орыс тіліне аударылып, Москва және Ленинград қалаларында 1952 жылы КСРО Ғылым академиясының баспасынан шығарылған «Рашид-ад-дин. Сборник летописей. Том 1, книга первая» атты кітапта да орын алған. Мұның да түпнұсқасында парсы алфавитіне тән 4 (ч, г, ж, п) әріп пен арнайы сөздерге қойылатын харекеттер жетіспейді. Бұл жайлы аудармашының өзі кітабының алғы сөзінде ашып айтқан.

Міне, осы жағдайлардың бәрін ескере отырып, аталмыш кітаптың ешқандай дау тудырмайтын толық түрдегі түпнұсқасын іздеп табу керек деген шешімге келдім. Содан іздей отырып, бірнеше нұсқаларды таптым. Олар:

1) Аталмыш кітаптың Эдинбург уни­вер­­ситетінің кітапханасында сақтаулы араб тілін­дегі нұсқасы. Әу баста, бұл кітап 1060 беттен тұрған сияқты, содан қазіргі күнге 399 беті ғана жетіпті. Сөйтіп, бұл кітап әрі толық емес, әрі араб тілінде жазылғандықтан парсы тіліне тән 4 (ч, г, ж, п) әрпі кем.

2) Нидерландтың (оңтүстік Гол­ландия) Лейден қаласында 1911 жылы баспадан шыққан 657 беттен тұратын парсы тіліндегі нұсқасының 2-томы. Бұл кітаптың барлық бет­тері де, парсы тіліне тән әріптері де тү­­гел болғанымен, қажетті белгілері қойылмаған.

3) Тегеран қаласындағы «Ал-Барз» бас­пасы тарапынан 1994 (1373 к.х) жылы шы­ғарылған Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» кітабының парсы тіліндегі 4 томдығы. Бұл төрт томдықтың біз үшін аса маңызды болған 1-томы 869 беттен тұрады. Ең құндысы – бұл кітаптың барлық беттері де, парсы тіліне тән әріптері де, сондай-ақ, қажетті сөздерге қойы­латын белгілері де түгел. Сондай-ақ, кітаптың түп-түбірі де бар, ол Тегеран қала­сындағы Әдебиет Университетінің кітап­хана қоймасында сақтаулы екен. Бір сөзбен айтқанда, дәл біз іздеп жүрген кәміл кітап.

«Жамиғ ат-тауарих» кітабының авторы дүниеге 1247 жылы келіп, 1318 жылы қайтқан. Парсы елінің әлемге әйгілі тарихшысы Рашид ад-дин Фазлуллах ибн Имад ад-Даула Абул-Хайр Хамадани аса ғұлама адам болған. Осы қасиеттеріне байланысты ұлты бөлек, діні бөлек болғанына қарамастан, ұзақ уақыт мемлекеттік бас уәзір қызметін атқарған. Персияның сол кездегі патшасы, Шыңғыс тұқымы Ғазан хан бұл кісінің тіпті уәзірлік дәрежесін де сақтап, басқа елдерден белгілі тарихшыларды шақырып, көп қаржы бөлген. Содан жұмысты 1300 жылы бастап, 13 жыл еңбек етіп, 1313 жылы Рашид ад-диннің дүниеден өтуіне 7 жыл қалғанда аяқтап бітірген.

Ғазан хан Рашид ад-диннің бір өзіне тапсырса да, ол дәл осы кітапты жазып шығар еді. Бірақ, тереңнен ойлаған Ғазан хан бұл кітапты сол арнайы топтың мұқият тексеруінен өткізіп алған. Осы шығарманың әлемге ұлы кітап ретінде таралуы да, бір жағынан, ол Шыңғыс хан туралы алғаш жазылған еңбектердің бірі болса, екінші жағынан, оның сапалы шығуына үлкен талап қойылуында болса керек. Осы себепті, Шыңғыс хан туралы немесе оның заманы туралы кітап жазуға ниеттеніп, қалам көтергендердің бәрі де осы шығарманы негізге алып отырған. Бірақ, кейбір тұстарда аударма дұрыс болмауы салдарынан немесе кейбір ойшылдардың өз ой-пайымын қосуларының, көркем әдебиет пен шынайы тарихты шатас­тырып жазушылардың «еңбектерінің» әсерінен Шыңғыс хан тарихындағы тұманды жерлерін тіпті де қоюландырып жіберген. Мысалы, моңғол деген сөз бен осы атаулы ұлттың жоқ жерден шыға келуі және түркі халықтарының тең жартысы, солардың қатарында Шыңғыс ханның да моңғол деген ұлттың ішінен табылуы – әлбетте, айтып кеткен бұрмалаушылықтар мен бұрмаланған деректерге сүйене отырып ой толғаудың және соларға еліктеудің салдарынан туындаған жағдайлар болып табылады. Әйтпесе, Рашид ад-дин де, онымен жұ­мыс істеген ғалымдар да және олар әңгі­мелескен басқа адамдар да, еш жерде моңғол деген халық туралы айтпаған, есіне алмаған және атамаған. Тіпті, ондай халықтың бар екенін олар білмеген де сияқты. Сондықтан «моңғол» деген сөз «Жамиғ ат-тауарих» кітабының бір жерінде де, бір ауыз да айтылмайды, кез­деспейді. Шыңғыс хан туралы да, оның елі туралы да әңгіме болғанда, ол кісі­лер­ тек бір-ақ сөзді ғана пайдаланған, ол мұғул деген сөз. Бұл не? Бұл сөз нені білдіреді?

Қате кетіпті дейін десең, ол бір-ақ жерде кетуі мүмкін еді ғой, ал бұл сөз кітаптың барлық жерінде осылай жазылған. Және Рашид ад-дин сияқты ғұлама мұндай қатені жіберуі мүмкін бе? Ал енді қате кете қалған жағдайда, кітап жазуға туралы тапсырма берген Ғазан хан, оның білімді адам болғанына күмән жоқ, «Менің ата-бабамды неге дұрыс жазбағансың?» деп, неге өзгертпеген? Ғазан хан Шыңғыстың тікелей ұрпағы, егер олар шын моңғолдар болса, неліктен өз халқының атауын «моңғол» деп жаздырмаған? Шыңғыс хан өз балаларын, немерелерін басқа елдерге жіберіп, хан тағына отырғызды, басшы етіп қойды. Бірақ, өзіне қалған қара шаңырақты, өз мемлекетін ол неге «Мұғулстан» деп атады? Неге Моңғолстан, не Моңғолия деп атамады?

Егер бұл жағдайға мейлі десек, онда әлі, еш елде, ондай кітап жазылып көр­меген заманда, үлкен мемуар тастап кеткен, сол заманның білімпазы, барлас руынан шыққан Бабыр (Бабур), неге өзінің шығыстағы империясын Мұғулстан деп атады?

Мұғул сөзі мен моңғол сөзі құлаққа бір-біріне ұқсас болып естілгенімен, бұл екеуінің арасы көк пен жердей ғой. Осыған қарамай, кейбіреулер қазақ пен моңғолдың түбі бір деп те қалып жүр. Бұл шындыққа еш жанас­пайтын жағдай. Олар бізден тілі де, діні де бөлек халық. Қайдан түбі бір болады, олар түркі халықтарына жатқан да емес, жатпайды да. Тіпті, атам заманнан келе жатқан, көп мың жылдық тарихы бар сақтардың да ұрпақтарына кірмейді. Ол халық заты бөлек тибет, таңғұт, бұйрат және басқа да халықтармен бір топқа жататын болу керек.

Ал мұғул ұғымы өте көне заманнан бері келе жатқан ұғым. Бұл топқа тек кең-байтақ жерді жайлайтын түрік тайпалары ғана кірген. Мұны нық сеніммен айтуымның себебі, мен осы шындықтарға Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» кітабын парсы тілінде оқи отырып көз жеткіздім. Онда «моңғол» сөзінің мүлдем кездеспейтіндігі ақиқат. Сондай-ақ, кітапта аталатын «мұғул» сөзінің «моңғол» деген сөзге еш қатысы жоқтығы да даусыз. Ең бас­тысы – кітапта «мың жылдық құпиясына» айналған «мұғул» сөзінің шығу түбірі де және оның мағынасы да тайға таңба басқандай анықталған.

Осы айтқандарым құр бос сөз болып қалмауы үшін, Тегеран қаласындағы Әдебиет Университетінің кітапхана қорында сақтаулы Рашид ад-диннің «ЖАМИҒ АТ-ТАУАРИХ» кітабының түпнұсқасы негізінде Тегеранның «Ал-Барз» баспасы тарапынан 1994 (1373 к.х) жылы баспадан шығарылған кітаптың біршама жерінен дәйек ретінде үзінді келтіремін. Абай атамыздың «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» дегеніндей, оқиық, ойланайық, ағайын!

 БІРІНШІ БӨЛІМ ТӨРТІНШІ ТАРАУ

Кезінде «Ергене-қунға» қашып кетіп «дүрлүккен» атанған Нукуз бен Қияттан тараған түркі-мұғул тайпаларының Дубун Баян мен Алан Қуаға дейінгі аралықтағы дәуірлеріне қатысты деректер.

Бұл құтты кітаптың кіріспесінде толық, кеңінен түсініктеме айтыл­ға­нындай, мұғул тайпалары жалпы түркі тайпаларының қатарынан болып табылады. Сөйтіп, олардың түр-әлпеті де, тілдері де бір біріне сай және жақын (ұқсас) келеді. Бұл аталған тайпалардың барлығы өзінің бастауын Нұх (а.с.) пайғамбардың ұлы Яфестен алады. Оны (Яфесті) Абулжа хан деп те атайды, сөйтіп ол бүкіл түркі тайпаларының жалпы атасы болып келеді.

Алайда, байырғы дәуірлердің кезі кетіп, арада сан ғасырлар (көп уақыт) өткен. Расында, уақыттың тоқтамай жүріп отыруы көптеген оқиғалардың ұмытылуына себеп болады. Ал түркілердің ол байырғы замандарда кітаптары да, жазуы да болмаған, сондықтан олар өткен 4-5 мың жылдықтың тарихын еш жерге жазып қалдыра алмаған. Сондықтан, оларда өткен дәуір оқиғалары туралы белгіленген, сенімді ескі жазба деректер жоқ. Тек қана әкеден балаға ауызша айтып жеткізу жолымен (тәсілімен) жетіп келген кейбір ауызекі деректер ғана бар.

Бұл айтылған түркі тайпаларының барлығының белгілі тұрақтау орындары болған. Сөйтіп, олардың киіз үйлерінің орналасуы бір-біріне жақын да көршілес тігілетін. Және олардың әрқайсысының киіз үйлерінің орналасуы қай жерден қай жерге дейін тігілуі сенімді түрде бел­гілі болған. Олардың киіз үйлерінің жинағы (яғни оларға қарасты болған аумақ­тың шекарасы) Ұйғыр уәлаятының шекара­сынан Қытай мен Журчаға дейінгі аралық­тағы, қазір Мұғулстан деп аталатын өңірлер­ді жайлаған болатын. Бұл аталған аумақтар мен оларға қатысты деректер және түсі­ніктемелер жоғарыда толығымен айтылған.

Сөйтіп, көнеде – осыдан шамамен 2000 жыл бұрын, (кейіннен) мұғул деп аталған (түркілік) тайпа мен өзге түркі тайпаларының арасында дау-жанжал туып, жанжалдың соңы қақтығыс пен соғысқа айналды. Бұл жайлы өте сенуге тұрарлықтай әйгілі адамдардың аузы­нан жеткен нақты әңгіме-деректерге сәйкес: (сол өңірлерде өмір сүрген) басқа (түркі) тайпалар (кейіннен) мұғул (атанатын) тайпасының үстінен жеңіске жетіп, оларды сондай қатты қырғынға ұшыратты – нәтижесінде олардың арасынан екі еркек пен екі әйел ғана тірі қал­ды. Бұл екі отбасы жаудан қашып, жау жете алмайтын, айналасы тік тау­лар мен қалың орман болған, бір кіш­­кен­тай жасырын жолдан басқа барар жол қалмаған, бір өңірге барып жан сауғаласты.

Негізінен ол жерге жетіп бару өте қиын болғанымен, таулардың ортасында қалың, нулы боп өсетін шалғын және табиғаты бойынша қолайлы жайлау бар еді. Ол жердің атауы «Иргана (ергене) қун». «Қун» сөзінің мағынасы – «қисық тау», ал «Ергене» сөзі – «тік», яғни «тік шың» деген мағынаны аңғартады.

Сондай-ақ, (аман қалған) екі кісінің есімдері Нукуз және Қиян болатын. Олар һәм олардың ұрпақтары көп уақыт­тар бойы сол өңірді мекендеп, өсіп-өніп көбейді. Сөйтіп, олардың ұрпақтарының әрқайсысы бөлек-бөлек бір тармақ болып, белгілі де әйгілі бір атпен немесе лақаппен аталатын болып, әрқайсысы белгілі убаққа айналды. Убақ сөзі белгілі бір сүйекке (руға) және (содан тараған) ұрпаққа қатыстыларға айтылады (Қазақтағы «ұбақ-шұбақ» сөзі біріне бірі ілескен деген мағынаны береді –З.О.). Кейіннен бұл убақтар да тармақтарға бөлінді. Қазіргі уақытта мұғул тайпаларының арасында осы айтылған тармақтардан пайда болған рулардың баршасы бір-бірімен туыстық қарым-қатынаста тұрады. Ал олардың түп негізі «Мұғул дүрлүккен».

Ал асылында «мұғул» сөзінің негізі «мұң ұл» болған, яғни «мұң­лы бейшара» және «қарапайым, ақ­жар­қын, ақ көңіл» деген мағынаны аңғартады.

«Қиян» сөзі таудың басынан төмен қарай ағатын жылдам, екпінді «күшті ағыс» деген мағынаны білдіреді. Қияндар өте жауынгер, батыр әрі өте ержүрек болғандықтан, олар осы сөзбен (атпен) аталған болатын. Ал «қият» сөзі – «қиян» сөзінің көпше түрі. Ежелгі дәуірлерде, осы рудың бастауына жақын ұрпақтары «қият» деп аталатын болған.

Таулар мен орман арасындағы шатқалда өмір сүріп, көбейген соң бұл жерлер ол халық үшін тар болып қалды. Сондықтан, олар бірі-бірімен кеңес жасап, бұл табиғаты қатал шатқалдан шығудың жолын іздестірді. Кеңесе келе олар үнемі темір шикізаты алынып, сол жерде темір балқытылатын орынды таңдады. Сөйтіп, олардың барлығы жиналып, орманнан өте көп ағаш отын мен көмір алып келді. Одан соң жетпіс бас бұқа мен жылқыларды со­йып, олардың терілерінен отқа жел үрлейтін көрік жасады. Содан соң олар ағаш отындар мен көмірді әлгі темір шикізаты өндірілетін қияның қасына орналастырды. Сөйтіп жиналған отынға жалын тас­тап, барлығы отқа жетпіс көріктен жел үрлеп, әлгі қия балқып кетпегенінше тоқтамады. Бұл істің нәтижесінде ол қияның қойнауынан өте көп темір алынды, сонымен қатар сыртқа шығатын жол да ашылды. Осылайша, олар көптен бері тұрақтаған тар шатқалдан кең жайлауға қоныс ­аударды. Бізге жеткен деректерде айтылуынша, көріктермен жел беру қызметінің бастауын тікелей Қияннан бастау алатын рулардың арасындағы ең үлкені (бастысы) атқарды. Дәл солар сияқты көріктермен жел беру қызметін нукуз тайпасы мен олардың бір тармағы болып келетін урияңқат руы да атқарды.

Көріктермен жел беруге қатыс­қандары жайлы бірнеше өзге тайпа өкілдері де айтады. Бірақ, олардың бұл іске қатысы бар екендігін жоғарыда аталған екі үлкен ру мойындамайды. Және айтылуынша, Ергене-қунда Нукуз бен Қияннан тараған, бірнеше тармақтардан (аталардан) тұратын Қоңырат руы басқалармен кеңеспей, ақылдаспай өзге рулардың тұрақтары мен ошақтарын таптап, басқалардан бұрын Ергене-қун шатқалынан шығып кеткен. Сондықтан, басқа тайпалар, қоңырат руының көпшілікке белгілі болған аяқ ауруы – қоңыраттардың өзге рулардың ошақтарын таптап, ешкіммен ақылдаспай, басқалардан бұрын шатқалдан шығып кетіп, өзге рулардың ошақтары мен құрметін таптағанынан ұшыраған, міне, осы себептен қоңырат тайпасы ауыртпалық жағдайға ұшыраған, деп сенеді.

Қазіргі уақытта осында (Персияда – З.О.) өмір сүріп жатқан – (кезінде) Ергене-қунды көрген мұғулдар тобы: ол жердің табиғаты қатал болғанымен, ондағы өмір, аңыздарда айтылатындай, өте қиын емес еке­нін айтады. Ал олардың тауды балқы­­­туының себебін – өз атақ-данқтарын шы­ға­рудың бір өзгеше жолы ғана болған дейді.

Құралас руынан шыққан Алан Қуаның күйеуі Дубун Баян – қиян руынан шыққан, Шыңғыс ханның шыққан тегі жоғарыда айтылғандай сол екеуіне (Дубун Баян мен Алан Қуаға) барып тіреледі…

Жоғарыда кеңінен айтқанымыздай, бұл тайпаны байырғы уақыттарда қият деп атаған. Сосын, Дубун Баяннан көптеген рулар тарап, олардан да көп тармақтар бө­лініп шығуының себебінен уақыт өте келе ол рулар мен тармақтардың барлығы өзіне тән ерекше атаулармен аталатын болды.

Содан соң Алан Қуаның алтыншы ұрпағы (шөпшегі) Кабул хан есімді кісі өзінен соң алты ұл қалдырды. Олардың барлығы ұлы жауынгер, баһадүр әрі өте сыйлы адамдар болғандықтан, оларды қайтадан қият деп атап кетті. Сол уақыттан бері Кабул ханның кейбір балалары мен оның ұрпағын «қият» деп атайды. Олардың ішінде «қият» атауымен ең көп аталатыны Кабул ханның баласы Бартан бахадүрдің балалары. Бартан бахадүр өз кезегінде Шыңғыс ханның бабасы болып келеді. Сол уақытта Бартан бахадүрдің Мүнгеду киян деген үлкен ұлы болатын. «Мүнгету» сөзі «қалы көп адам» деген мағынаны білдіреді. Оның мойнында үлкен қалы болғандықтан есімін осылай атаған. Ол ұлы бахадүр болатын. Қазіргі кезде Дешті Қыпшақ даласында өмір сүретін қияттардың көпшілігі соның ұрпағынан және оның әкесі бо­йынша ағаларының ұрпағынан тараған. Ал Шыңғыс хан мен оның аталары және ағалары жоғарыда айтылғандай атаққа ие болып, қият тайпасынан шыққан. Сосын, Шыңғыс ханның әкесі Есугей бахадүрдің балалары Қият-буржіқин (бүржігін) деп аталып кетті. Олар – қияттар әрі бүржігіндер. «Бүржігін» сөзі түркі тілінде «көзі көк адам» деген мағынаны білдіреді. Олардың (терісінің) түсі сарғыш болып келеді. Олар өз болмысынан өте батыл әрі жаужүрек келеді. Тіпті, олардың ержүректігі аңызға айналған. Басқа рулар бірі-бірімен жанжалдасып, жанжал соңы соғысқа айналғанда олар қият-бүржігіндерден барып көмек сұраған, олардың алдына келіп, олардың төбесінен түрлі сый-сияпаттарды жау­дырып, олардың күші мен көмегіне жүгінген. Олардың қолдауымен әлгілер өздерінен күшті жауларды жеңіп, олардан басым түсетін. Мұғулдар арасында олардың дәрежесі жайлы не белгілі болса, ол мағлұматтар осында баяндалған. Сондай-ақ, төменде кеңінен баяндалатындай, олардан көптеген басқа рулар тараған. Және рулар туралы баяндаулардың көлемді де көп сөзді болуының басты себебі «нирун» руы мен Шыңғыс ханның аталары туралы баяндалып, олардың барлығы басында бір рудан болып, бір атаға барып тіреледі. Олардың ортақ аталары сол «Ергене-қунға» шығып кеткен екі кісіге барып ұштасады. Олар ол өңірде көп уақыт тұрақтап, көбейді. Сөйтіп, олардан басқа тармақтар пайда болып, тармақтар өсе келе руларға айналды. Олардың барлығын «мұғул дүрлүккен» деп атайды. Олардың ұрпақтарынан көптеген басқа рулар өз бастауларын алады. Сондай-ақ, Дубун Баян мен Алан Қуадан тарайтын кейбір рулар көптеген руларға бөлініп кеткен. Ол туралы біз екінші және үшінші бөлімде толық тоқталатын боламыз.

Бірақ олар жайлы айтудан бұрын, Шыңғыс хан мен оның ұрпақтарының заманында осы аталған «нукуз» және «қият» тайпаларының өкілдерінен әмірлер шыққандығын айту керек. Қазір Иран мемлекетінде (әмір болғандардың қатарына) «нукуз» руынан мың қолдың әмірі Жауүрши жатады. Оның ұлдары Кара мен Субатай (Сүбетай) да мың қолдың әмірлері болды. Абаға ханның құтты билік ету заманында, жалайыр руы­нан шыққан Муқали гуйаңның ұрпағы Жауқур басқарған мыңдықтың ішінде де осы аталған «нукуз» руының көптеген өкілдері болған.

* * *

…Енді осы үзіндіде баяндалған тың деректерге қатысты шағын түсініктеме айтар болсам, үзіндіде келтірілген деректерге сүйене отырып «мұғул» тайпалары деп аталынып келген тайпалардың бәрі негізінде түркі тектес тайпалардың құра­мынан шыққандығы мәлім болды. Сондай-ақ, «Ергене-қун» өңіріне жан сау­ғалап барған түркі руларының өкіл­дері болған Нукуз бен Қияннан тараған рулардың ең алғашқылары ретінде «Қият» пен «Қоңырат» руларының ата­луы, сосын мұғулдар деп аталатын рулардың барлығы сол екі адамнан тара­ғандығын, олардың барлығының негізін түркілер құрағандығын көрсетеді. Олай болса, әкесі қият және анасы қоңырат болған Шыңғыс хан қайсы ұлттан болуы мүмкін? Шыңғыс ханның әкесі Есугей бахадүрдің қият руы­нан болғандығын Рашид ад-дин анық түрде жазған.

Бұған қоса, жоғарыда айтқанымдай, бұл кітапты басынан аяғына дейін мұқият оқып шыққанның өзінде «моңғол» деген сөз мүлдем кездеспейді. Ал кітапта жиі кездесетін «мұғул» деген сөз жайлы айтар болсам, оны «моңғол» деген сөзбен шатастырмау қажет. Өйткені, бұл екеуі бір-біріне мүлдем жат сөздер. «Мұғул» сөзінің асыл түбірі «мұң ұл», яғни жаудан әрең қашып жан сауғалаған «мұңлы бейшара, қарапайым ақжарқын ұл» де­ген мағынаны аңғартады. Бұл сөз анық түрде «мұң ұл» деп, яғни «мұң» сөзіндегі «н» және «г» әріптерінің екеуі де «сү­күн» белгісімен белгіленіп, қазақ алфа­­ви­тіндегі «ң» әрпіне сай түрде жазылған.

Сондай-ақ, араб алфавиті қағи­далары бойынша «сүкүн» белгісімен белгіленген әріпке «а», «ә», «е», «и», «о», «у», «ү», «ұ» әріптерін тіркеп оқуға болмайды. Сон­дықтан, «мұң ұл» деген жазу­дағы «мұң» сөзімен «ұл» сөзі бір-біріне тіркелмей, бөлек жазылған, содан бөлек оқылуға тиіс. Бұл қағида – араб алфавитінің бұлжымас қағидаларынан саналады.

Ал енді осы кітаптың Л.А.Хета­гуров тарапынан орыс тіліне аударылып, 1952 жылы КСРО Ғы­лым академиясының баспасынан шығарылған нұсқасын қарастыратын болсақ, онда біз атаған сөздегі «сүкүнге» қатысты бұлжымас қағида бұрмаланып, «мұң ұл» деген сөзді бұрмалап «мунгол» деп жазған. Осыдан кейін «монгол» деген сөздің бұрмалаушылық салдарынан пайда болғандығы шығады. Мұндай бұрмалаушылықтың алғашқы көрінісін 1858-1888 жылдар аралығында жарық көрген И.П.Березиннің «Сочинение Рашид-Эддина Сборник Летописей. История Монголов» деп атаған кітабынан да көруге болады. Ол кітабының ­атауын «Мұғулдар тарихы» деудің орнына «Монголдар тарихы» деп атау беріп, онда кездесетін «мұғул» деген сөздердің бәрін «монгол» деп, «Мұғулстан» сөзін «Монголия» деп бұрмалап ауыстырып жазған. Ал енді «мұң ұл» деген сөзді біршама дұрыс түрде «мунг уль» деп транскрипциялағанымен, оның мағынасын «угнетенный и тупой» деп оңдырмай аударған. Оның аударма кезінде мұндай тәсілді қолданғаны тек бұл емес.

Қорытындылай айтқанда, И.П.Бере­­зин­нің аудармасында да, Л.А.Хе­та­гуровтың аудармасында да деректердің кейбір тұс­та­рын бұрмалап аударудың салдарынан, жалпы түркілерге тән «мұғул» деген сөз «монгол» деген мүлдем жаңа сөз­ге ауыс­тырылып, бұрын болмаған бей­мәлім сөз шығарылып, сөйтіп ешқан­дай мағы­на аңғартпайтын, ешбір елдің тілінде кездес­пейтін, мағынасына ешкім түсінбей­тін, содан мың жылдықтың құпиясына айна­лып, түркілердің тарихына орасан зор зиян тигізген, нағыз мәңгүрттің сөзі пайда болған. Соның салдарынан, шығу тегі бір, тілі де, көрінісі де, салт-дәстүрі де бір түркі тектес халықтарды құрайтын көптеген рулар мен тайпалардың кейбірін түркіге, ал кейбірін моңғол деген басқа жаңа бір ұлтқа жатқызып алалайтын, түп шындығын, сірә, түсініп болмайтын тарих қалыптастырылған.

Жалпы айтқанда, бұл кітаптың орыс тіліне аударылған нұсқаларында сөздердің бұрмаланып аударылып, мүлдем беймағына болған, яғни мағына аңғартпайтын, түсініп болмайтын жағдайға жеткен тұстары аз емес. Бұған және бір мысал келтірер бол­сам, жоғарыдағы аудармада келген «мұғул дүр­ліккен», яғни жаудан қашып «дүрлік­кен мұғул» деген мағынаны аңғартатын сөз. Бұл сөзді орыс тіліне «монгол-дарлекин» деп аударып, мүлдем мағынасыз етіп жіберген.

Міне, осындай жағдайларды көр­геннен кейін Рашид ад-диннің аталған кітабын оның парсы тіліндегі нұсқасынан қазақ тіліне тікелей аудару аса қажет екендігін түсіндім. Тіпті, бұл шаруаны атқару осы ұрпақтың әрі парызы, әрі қарызы екен десем, жаңылыспаған болармын. Өйткені, бұл кітапты оқи отырсаң, онда мұғул тай­паларының түркілерге жататындығы, содан барып «мұғул» деген сөз барлық түркілерге де қатысты «түркі-мұғулдар» деп те қолданылғанын және осы түркі-мұғулдар шығыстағы Қытай қорғанынан тартып, батыс­та Еу­ропаға дейінгі аралықты жай­­лаған ел болғандығын аңғарасың.

Зәріпбай ОРАЗБАЙ,

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік

университетінің «Түркітану» ғылыми-зерттеу орталығының

аға ғылыми қызметкері.

«Егемен Қазақстан» газеті