13 нау, 2017 сағат 15:17

Мыңдаған қазақстандық рақымшылыққа байланысты бостандыққа шықты

2016 жылдың желтоқсаны мен 2017 жылдың ақпаны аралығында 10 мыңнан аса қазақстандыққа рақымшылық жасалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" тілшісі kaz.tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

"ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетіне Сот органдары берген мәлімет бойынша, 2016 жылдың 13 желтоқсаны мен 2017 жылдың 28 ақпаны аралығы 10761 тұлғаның рақымшылыққа байланысты жазадан босату немесе жеңілдету туралы шағымы қанағаттандырылды", - деп жауап берді комитет өкілдері редакцияның ресми сауалына.  

Олардың ішінде 1168 адам бостандыққа шықты, 792 адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды, 376 адам сот үкімі бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Қылмыстық істің көпшілігі ҚР ҚК-нің 286-бабына ("Есірткі қолдану") қатысты тоқтатылған. 

ҚР ҚК-нің "Ұрлық" бабына қатысты 124 сотталушы бостандыққа шықты, 36 күдіктіге қатысты тергеу тоқтатылды.

Өзін қорғау шараларын асыра қолданып, абайсызда адам өлтіріп алғаны үшін сотталған екі адам босатылды.

Алимент төлемеген 34 ата-анаға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды және сотталған бір адам босатылды.

31 алаяқ колониядан босатылды, ал осы бап бойынша 33 күдікті қылмыстық жауапкершіліктен құтылды. 

Көлік ұрлаған 20 күдіктіге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды және сотталған сегіз адам бостандыққа шықты. 

Бұзақылық бабы бойынша сотталған алты адам босатылды, 11 күдіктіге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.

Мұның алдында жемқорлық бойынша күдікті сегіз адамға қатысты қылмыстық іс тоқтатылып, 18 сотталушы рақымшылық бойынша босатылды. Ақтөбе мен Павлодар облысында зорлау бойынша сотталған екі адамға рақымшылып жасалып, бостандыққа шықты. 

Ақпанның басында ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті рақымшылық туралы заң күшіне енгеннен бастап еліміздің сот органдары 4,5 мың материалды қарағанын мәлімдеген. Қызылорда, Шығыс Қаақстан және Қарағанды облыстарының ҚАЖ мекемелерінен көбірек сотталушы босатылды.

Рақымшылық туралы заң 2016 жылдың 13 желтоқсанында қабылданды. Бұл 1991 жылдан бері жасалған сегізінші рақымшылық.