29 мау, 2018 сағат 12:32

Мың теңге пара бергені үшін 336 мың теңге айыппұл төледі

Алматы облысында мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкеріне заңсыз сыйақы бермек болған азамат 336 мың 700 теңге айыппұл төледі. Оқиға Қарасай ауданында болған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2018 жылдың мамыр айында жеке кәсіпкер  ретінде тіркеуде жоқ екендігі туралы анықтама алу үшін А.есімді азамат өтінішпен Қарасай ауданы бойынша МКБ-на жүгінді. Мемлекеттік кірістер органының қызметкері А. есімді азаматқа  осы анықтаманы алу рәсімі туралы кеңестер беріп, өзінің функционалдық міндеттерін жүзеге асыра отырып, аталмыш анықтаманы берді. Алайда, А. есімді азамат тарапынан арандату сипаттағы талпыныстар жүзеге асырылды. Дәлірек айтқанда, мемлекеттік кірістер қызметкерін хабардар етпей 1000 теңге мөлшерінде ақшалай қаражат тастап кетуге ниеттенді», - деп мәлім етті Алматы облысы бойынша  мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі. 

Осы жайтқа байланысты Мемлекеттік кірістер қызметкері А. есімді  азаматқа тиісті шара қолдану үшін Ішкі қауіпсіздік басқармасына жүгінген. Нәтижесінде, А.есімді азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 676-бабында қарастырылған әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бойынша әкімшілік өндіріс (жеке тұлғаның заңсыз материалдық сыйақы ұсынуы) қозғалды. Қарасай аудандық арнаулы әкімшілік сотының шешімімен  мың теңге бермек болған адамға  336 700 теңге айыппұл салынған.

Осыған ұқсас жағдай Алматы облысының Іле ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында да тіркеліп отыр.

Қазір іс Алматы облысының Қарасай аудандық арнаулы әкімшілік сотына  берілді.