05 қыр, 2017 сағат 09:22

Мьянма мұсылмандары неге мұңайды?

Бірнеше күннен бері әлем халқы Мьянма мемлекетінде үкіметтік күштер мен рохинджа мұсылмандары арасында орын алған қақтығысты талқылап, түрлі пікірлер айтуда. Жергілікті биліктің мәліметінше, қақтығыс «рохинджа содырларының» Ракхайн штатында бірнеше полиция бекетіне және әскери базаға жасаған шабуылынан басталған-мыс. Оқиғаға байланысты халықаралық ұйымдар мен саясаткерлер түрлі пікірлер білдіруде. 

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Мьянмадағы «қауіпсіздікті қамтамасыз ету операциясында» тұрғындардың өліміне байланысты алаңдаушылығын жасырмады. БҰҰ-ның жабық отырысының күн тәртібінде Мьянмадағы жағдай жан-жақты талданғанын айта кеткен жөн. Алайда тараптар ортақ шешім шығарған жоқ.

Түркия президенті Тайып Ердоған бұл оқиғаны «мұсылмандар зұлматы» деп атаған болатын. Ердоған Түркия әлемдік қауым­дастыққа Аракандағы жағдайды жеткізу үшін қолдан келгенін жасайтынын мәлімдеп отыр. Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлут Чавушоғлы өзіне қарай ағылған босқындарды қабылдаудан бас тартқан Бангладештен көмекке мұқтаж жандарды шекарада қалдырмауды өтініп, барлық шығындарды өз мойындарына алатынын жеткізді. Ислам ынтымақтастық ұйымын дағдарысты шешуге жұмылдыруға уәде еткен бас дипломат осы жылы Араканға арналған саммит өткізу жөніндегі жоспарымен бөлісті. Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров бұл қантөгісті бүкіл әлем болып тоқтату қажеттігін айтқан еді. Жексенбіде Мәскеуде, Шешенстанмен көрші Дағыстанда рохинджаларды қолдау акциясы өтті. Ресей Сыртқы істер министрлігі Мьянмадағы жағдайға Мәскеудің «мұқият назар аударып» отырғаны туралы мәлімдеп, жанжалға қатысушы тараптарды диалог орнатуға шақырған. Рим папасы Франциск өз салты мен мәдениетін ұстанып өмір сүргені үшін мұсылмандарға қысым көрсету дұрыс емес екенін атап өтті.
Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Мьянмадағы этникалық рохинджа тобын қудалауға қатысты алаңдаушылық танытып, пікір білдірді. «Бұл жердегі исламға кері тен­денцияны байқап отырмыз. Осыған бай­ланысты Ислам ынтымақтастығы ұйымы байланыс тобы секілді құрылымы Мьян­мадағы ахуалды реттеуге белсенді тартылғаны өте маңызды. Сонымен қатар ұйым өкілдері бұл елдің билік тара­пымен диалогта бол­ғаны өзекті» деді ми­нистр. Парламент Сенаты­ның төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «БҰҰ тарапы Мьян­мадағы оқиғаларға қа­тысты өзінің ұстанымын жария­лауы тиіс. Себебі, жа­зық­сыз көптеген мұсыл­мандар қатыгездік репрес­сия­сының құрбанына айналуда» деп twitter-дегі парақшасында жазды.

Әлеуметтік желілер арқылы тарап, елді дүрлік­тірген бейнежазбалар мен суреттердің қаншалықты шын­дыққа жанасатынын, оқиға төркіні неден бастау алға­нын, қазір не болып жатқанын білу үшін шетелдік БАҚ көздеріне үңілдік…


Рохинджа деген кімдер?

Рохинджа – әлемдегі ең көп қуғын көрген азшылық қауым ретінде танымал. Бұл – Мьянмада жылдар бойы мекен етіп келе жатқан мұсылмандардың этникалық тобы. Оңтүстік-шығыс Азияда орналасқан мемлекетте бүгінгі таңда 1,1 миллион рохинджа мұсылмандары өмір сүреді. Олар сол елдегі 135 ресми этникалық топтың құрамына кірмей қалған және 1982 жылдан бері Мьянманың азаматтығын алу құқығынан айырылған. Рохинджалардың басым бөлігі Мьянманың батыс бөлігінде орналасқан Ракхайн штатында тұрады. Reuters агенттігінің мәліметтері бойынша, олар биліктің рұқсатынсыз елді тастап кете алмайды. Бұл гетто секілді лагерьлері бар елдің ең кедей аймағы саналады. Бірнеше жыл бойы жалғасып келе жатқан қуғын-сүргін жүз мыңдаған рохинджаның жер аударуына себеп болып отыр.


От қайдан өршіді?

Ракхайн штатында өрши түскен қан­төгіске 25 тамызда Аракан-Рохинджаны құтқару армиясы деп аталатын топтың полиция посттары мен әскери базаға ша­буыл­дағаны себеп болып отыр. Өткен жыл­дың қазан айында дәл осы топ мүшелері 9 құқық қорғау органы қызметкерін өлтіріп, оның соңы жергілікті билікпен текетіреске ұласқан еді. Биылғы жылы да рохинджа мұ­сылмандарының әрекеті жауапсыз қалмады. Мьянманың әскери күштерінің жаппай жазалау шараларынан қаза тапқандардың қатары көбейіп, зорлық-зомбылықтан араша іздеген халық шекара асып, көрші мемле­кеттерге ағылып жатыр. Бұл туралы әлемдік басылымдар жарыса жазуда.

Жергілікті билік Мьянмаға шетелдік бұқаралық ақпарат өкілдері мен құқық қорғау ұйымдарын кіргізбей отырғандықтан, қақтығыс құрбандары жөнінде ортақ дерек жоқ. CNN, APF, Al-Jazeera ақпарат агенттіктері 400-ге жуық мұсылманның мерт болғанын жазса, BBC журна­листері қаза болғандардың саны 100 адам деген ақпарат таратты. Агенттік журналистері Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының жер серігінен түсірілген суреттерде Ракхайн аймағындағы 700-ге жуық үйдің өртелгені анық көрінеді деген мәлімдемесін ұсынады. Үкіметтік емес ұйымның айтуынша, ауыл­дағы баспаналардың 99 пайызы құлатылған. Мьянманың әскери басшысы Мин Аунг Хлайм 25-30 тамыз аралығында «Аракан-Рохинджаны құтқару армиясы» мен құқық қорғау қызметкерлерінің арасында 90-ға жуық қақтығыс болып, нәтижесінде, рохинджа тарапынан 370 «бүлікшінің» көзі жойылғанын хабарлады.

Бирманың билігі 2012 жылғы қанды оқиғадан кейін мұсыл­мандарды қорғау мақсатында құрылған Аракан-Рохинджаны құтқару армиясы тобын террористік ұйым деп танып, өлтірілгендер тәртіп сақшыларына қауіп төндіріп, тұрақтылықты бұзған лаңкестер деген мәлімдеме жасады.

Human Rights Watch ұйымының сарапшысы Фил Робертсон Бирманың құқық қорғау органдары шабуылды бастаған терроршылар­ды жазалау шарасының атын жамылып, жергілікті бейбіт тұрғындардың ауылдарын өртеп, аяусыз қырып жатқанын айтады.

Мьянмадағы рохинджа мұсылмандары қазіргі көшбасшы Аунг Сан Су Чжи үшін ең үлкен проблемаға айналды. Батыс сын­шылары оны азшылықты қолдамағаны үшін айыптауда. Нобель сыйлығын алған оған Бангладеш, Түркия, Индонезия және Пәкістан секілді мұсылман халқы көп елдер дипломатиялық қысым көрсетіп жатыр. Олар рохинджаның бейбіт тұрғындарын қорғауды талап етіп отыр.

Al-Jazeera агенттігінің мәліметтері бойынша, Мьянмадағы Ракхайн штатының оншақты ауданында өрт тіркелген, 50 мыңнан астам адам босып, екі елдің арасында қалып қойған. Сонымен бірге, агенттік штат канцлері Аунг Сан Су Чжидің рохинджа­лардың ауыр жағдайын талқылаудан бас тартқанын мәлімдеді.


Аракан-Рохинджаны құтқару армиясы деген не?

Аракан-Рохинджаны құтқару армиясы (ARSA) бұған дейін әл-Якин қозғалысы ретінде белгілі болған. ARSA биыл наурызда жасаған мәлімдемесінде «әлемдегі ешқандай террорлық топпен байланысы жоқ екенін» және «азаматтардың діни немесе этникалық сипатына қарай ешқандай терроризм түрлерін жасамайтынын» хабарлаған.

Al-Jazeera ақпарат агенттігінің мәлімдеуінше, бұл топ Ракхайн штатындағы полиция бөлімшелері мен әскери базаға жасалған шабуылды өз мойнына алды. «Билік өкілдерінің айтуынша, қақтығыс барысында қайтыс болған 400-ге жуық адамның да көпшілігі ARSA мүшелері болған. Бірақ Халықаралық дағдарыс тобының мәлімдеуінше, ARSA-ның Сауд Арабиясында өмір сүретін рохинджалармен байланысы бар. Мьянма билігі 25 тамызда бұл топты ресми түрде «террорлық ұйым» деп таныды» дейді Al-Jazeera ақпарат агенттігі.


Кешегі бейбіт тұрғын – бүгінгі босқын

Рохинджа мұсылмандарын барлық БАҚ өкілдері әлемдегі ең қысым мен қудалауға көп ұшыраған этникалық топ есебінде қарастырады. AL-Jazeera ақпараттық агенттігінің мәліметінше, 1970 жылдан бері Мьянмадан 1 миллионға жуық мұсылман қоныс аударған. БҰҰ-ның ұсынған дерегіне сәйкес, 2012 жылы Бирмадағы жергілікті буддистер мен рохинджа мұсылмандарының арасында болған қақтығыстан соң, Оңтүстік Азияның өзге мемлекеттерінен пана іздегендердің саны 168 мыңды құраса, өткен жылдың қазан айында құқық қорғау органы қызметкерлеріне жасалған шабуылдан кейінгі жазалау шарасы кесірінен 87 мың бейбіт тұрғын Бангладешке бет түзеген. 25 тамыздан бері он күн ішінде өмірін сақтап қалу мақсатында бас сауғалап, Бангладешке жеткен босқындардың саны туралы деректер әртүрлі.

Reuters ақпараттық агенттігі 58 мың мұсылман – босқындар лагерінде, қалған 10 мың тұрғын Мьянмадағы Үкімет қадағала­майтын, адам мекендемейтін аралдарда ас-сусыз қалып отыр деп хабарласа, AL-Jazeera телеарнасы 25 тамыздан бері он күннің ішінде Бангладеш жағалауына келіп жеткендердің санын 73 мың деп бағалады. БҰҰ-ның босқындар жөніндегі агенттігінің қызметкері Вивиан Танның айтуынша, рохинджа мұсылмандарына қарсы жаппай зорлық-зомбылық актілері басталған 25 тамыздан бері он күннің ішінде өмірін сақтап қалу үшін, Бангладешті паналаған­дардың саны күн санап артып келеді. BBC ақпараттық агенттігі тағы 20 мың мұсыл­манның су үстіндегі қауіпті аймақта қалып қою ықтималдылығы бар екенін жазды. Вивиан Тан Мьянмадан өмірін құтқарып қалу мақсатында мұнда келіп жатқан мұсылмандардың жағдайлары ауыр екенін айтады. «Олардың көбі бірнеше күн қа­тарынан ас ішпеген. Жараланғандар мен шұғыл медициналық көмекті қажет ететін адамдар көп» дейді ол.

Бангладешке жетер жолда 20 адам суға кетіп, көз жұмғаны туралы мәлімет таратқан CNN ақпараттық агенттігі Бангладештің шекара күзетінің қызметкері Арифул Исламның пікірін ұсынады: «Жағалаудан денесі табылған адамдар Бангладешке келер жолда аударылып қалған қайықта болғанға ұқсайды. Наф өзенінің арғы бетінен көк түтін көрініп, жиі атылған оқ дауыстары естіледі. Босқындар лагерін паналағандар ауылдарының өртеніп, әйел адамдарының зорлыққа ұшырағанын, бейбіт тұрғындардың аяусыз жазаланғанын хабарлап жатыр».


Олар қайдан келген?

Көптеген тарихшылар мен рохинджа топтарының айтуынша, мұсылмандар ХІІ ғасырдың өзінде бүгінде Мьянма аталып жүрген мемлекет аумағында өмір сүрген. Аракан рохинджалары ұлттық ұйымы «рохинджа Араканда бағзы заманнан бері тұрады» деп мәлімдеген. Бұл жерді қазір Ракхайн деп атайды.
Британдықтар отарлық еткен жүз жылдан астам уақыт аралығында Үндістан мен Бангладеш, Мьянма арасында жұмысшылардың қоныс аударуы ішкі көші-қон болып есептелген еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін Үкімет британ билігі кезіндегі көші-қонды заңсыз деп тауып, нәтижесінде, көптеген рохинджаларға азаматтық беруден бас тартқан. Мьянма Үкіметі рохинджаларды сырттан келген мигранттар деп санайды.


Босқындар лагерлеріне БҰҰ мен Малайзиядан арнайы гуманитарлық көмек жеткізілгенімен, халықты дәрі-дәрмек және ас-сумен қамтамасыз ету оңайға соғып жатқан жоқ. ВВС журналистеріне сұхбат берген босқындардың бірі: «Біз онда көп жақындарымызды жоғалттық. Ажал аузына қайта барғымыз келмейді», – деп, бұлыңғыр болашағына қарамастан, отанына оралуға құлықсыз екендігін жасырмады. Қазір Мьянмадан қашып келген ро­хинджа мұсылмандары үшін жауап­кершілікті өз мойнына алып, өз елінен орын бе­руге ешқандай мем­лекет ниет білдірмеді. Осы­дан бұрын өз еліне заңсыз кірген 40 мың рохинджа мұсыл­манды депорта­ция­лауға бел бай­лаған Үндістан босқындар туралы келісім­дерге қосылмағанын алға тартып, өз мойнына жауапкершілік жүк­темейтінін ашып айт­ты. Бангладеш мигрант­тар дағдарысын еңсеру үшін бирмалық мұсыл­мандарды инфра­құрылымы жоқ, бос аралдарға орналас­тыру­ды ұсынды.

Тағы бір айта кетерлігі, соңғы кездері әлеуметтік желілерде аталған оқиғаға үн қосып, пікір қалдырып жатқандардың қарасы көбейді. Дегенмен дүниежүзілік ақпарат агенттіктері желі арқылы таралып жүрген суреттердің көпшілігі шындыққа жанаспайтынын айтуда. Мысалы, 29 тамызда Түркия премьер-министрі Мехмет Симсек әлеуметтік желідегі парақшасында Халық­аралық қауымдастықты Ракхайндағы «этникалық тазалауды» доғаруға шақырған төрт сурет жариялаған. BBC-дің хабар­лауынша, оның бұл жазбасы 1600 рет таралып, 1200 оқырманға ұнаған. Бірақ премьер-министрдің бұл суретіне сенімсіздік білдіргендер де пайда болды. Ол жариялаған суреттердің бірін бирмандықтар 2008 жылы Наргис циклонынан қаза тапқандардың көрінісі деп болжаған. Бірақ ол оқиға туралы мұндай суреттер жарық көрмеген екен. Дегенмен бұл сурет өзге де сайттарда өткен күннің даталарымен жарияланған. Яғни, оның Ракхайнда болған оқиғаларға еш қатысы жоқ. BBC екінші суреттің 2003 жылы Индонезияда Reuters агенттігінің фотографы түсіргенін дәлелдеп шыққан. Осыдан-ақ интернет желісі арқылы тараған ақпарат­тардың қаншалықты ақиқатпен жанасаты­нын зерделемей таратудың өзі дезинфор­мацияға әкеліп соқтыратынын аңғаруға болады.


Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:

– Мьянмада орын алып жатқан қақтығыс – тек мұсылмандар қоғамына ғана емес, адамзатқа жасалып жатқан үлкен қылмыс. Бұған Мьянма басшылығы, саяси топтары, құқық қорғау органдары жол беріп отырғаны ешбір ойға қонымсыз. Халықаралық деңгейде мемлекеттер, саясаткерлер наразылығын білдіріп, ХХІ ғасырда мұндайға жол берілмеу керектігін айтуда. Мен де бұл пікірді қолдаймын. Өкінішке қарай, мұндай жағдай тек Мьянмада емес. Өзге ұлт, дін өкілдерін қудалау, қысым жасау басқа да мемлекеттерде орын алып отыр. Сондықтан осындай өрескел әрекеттер тезірек аяқталып, оң шешімін тапса деймін. Бұл мемлекетте соңғы 30-40 жылда халықшыл топтар және әскерилер бастаған бірнеше төңкерістер болғанын білеміз. Мьянма – ішкі тұрақтылығы әлсіз, кедей, артта қалған мемлекет. Барлық мәселеде кінәні қоғамнан не басқа ұлттан көру ұлтаралық, дінаралық жанжалдар тудырып, арты қайғылы аяқталатынын көрдік. Саясаткерлер бұдан үлкен сабақ алып, сараптауы керек. Себебі, мұндай жауыздық түрлі сипатта басқа да мемлекетте орын алуы әбден мүмкін. Сондықтан әлеуметаралық, ұлтаралық, нәсіларалық мәселелерді шарықтау шегіне жеткізбей, ушықтырмай дұрыс шешу – сауатты кешенді биліктің жауапкершілігі.

Оқиғаның қалай орын алғаны жайында әлеуметтік желілерде түрлі нұсқалар айтылып жатыр. Ішінде араңдатушылық ақпараттар да болуы мүмкін. Бізге белгілі ақпараттардың ішіндегі нақтысы, қақтығыс ислам дінін ұстанғаны үшін, сол топқа кіргені үшін азаматтарға қарсы осындай жабайы әрекеттердің ұйымдастырылуы. Бұл әрекеттер қаншалықты ұйымдастырылғаны бұл екінші дәрежедегі мәселе. Маңыздысы – қақтығыс салдарынан қаншама адамдар зардап шегіп, өмірімен қоштасты. Сондықтан ХХІ ғасырда өмір сүре тұра осындай ортағасырлық жабайы әрекеттерге жол бермеу – үлкен міндет.

Ақбота ИСЛӘМБЕК, Кәмила ДҮЙСЕН, Динара ТІЛЕУБЕК

"Айқын" газеті