19 қыр, 2018 сағат 19:38

Музейдің бір міндеті – мұра жинау

2018 жылғы 14 қыркүйекте Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ұйымдастыруымен «Ұлттық музейге сый тарту» атты республикалық акция өтті.

«Ұлттық музейге сый тарту» деген аты айтып тұрғандай, Жетісу жұртшылығы қолында бар құнды дүниесін, өзгеде жоқ бірегей жәдігерін Ұлттық музейдің қорына табыстады.  

Акцияға Жетісу өңірінен шыққан мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың немере інісі Диар Асқарұлы Қонаев, аса көрнекті композитор Мұқан Төлебаевтың қарындасы Жамаш Төлебаева, ақын Есенқұл Жақыпбековтың жұбайы Менсұлу Нағашыбекова, Жетісудың тұңғыш генерал-майоры Әбдіқадыр Болсамбековтың қызы Мадина Болсамбекова, Қазақ КСР-нің халық әртісі Дәнеш Рақышевтың қызы Сәлима Рақышева, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрбақыт Теңізбаев қатысып, отбасылық мұрағатта сақталған құнды жәдігерлерін музейге сыйға тартты.

Әбілхан Қастеевтың қызы Гүлдария Қастеева әкесінің өз қолымен қарындашпен салған бірегей эскиздерін, қылқаламы мен қолшатырын музей қорына табыстады.

Бұдан бөлек жыр дүлдүлдері Жамбыл Жабаев пен Үмбетәлі Кәрібаев, мемлекет қайраткері Мұхамеджан Тынышпаев, дәулескер күйші Нұрғиса Тілендиев, қазақтың бірегей ақын-жазушылары Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Әнуар Әлімжанов, ән өнерінің ақберені Нұрғали Нүсіпжанов, айтыскер ақын Надежда Лушникова, театр және кино актрисасы Алмахан Кенжебекова, халықаралық дәрежедегі спорт шебері КСРО чемпионатына жеті мәрте қатысып, қола, күміс, алтын медальдарға және КСРО кубогіне ие болған Аманжол Бұғыбаевтың құнды заттары, жетісулық қылқалам шеберлері Хамза Кикимов, Қарлығаш Шалабаева, Бақыт Ахметов, Сымбат Сәрсенбаевалардың туындылары музей қорын толықтырды.

Алдағы уақытта Мұқағалидың костюм-шалбары, Әбілхан Қастеевтің жәй адам көтеріп жүре алмастай, табиғат құбылыстарын бақылап, эскиз жасап отырғанда жауын мен күннен қорғайтын, арнайы жасатқан қолшатыры, қазақ сазының сайыпқыраны Нұрғисаның өз қолымен жазған партитуралары, тұмадай мөлдір жыр түлеткен Тұманбайдың иығына жамылған шапаны ұлттық музейдің төрінде тұрады.

Талдықорғанда өткен акцияға 25 адам қатысып, музей қорына 250 жәдігер тапсырды. Бұл жәдігерлердің барлығы да жыл соңында «Ұлттық музейге сый тарту» акциясының қорытынды көрмесіне қойылып, көпшілік назарына ұсынылатын болады.

Досжан Қайратұлы,

ҚР Ұлттық музейі Баспасөз бөлімінің қызметкері