21 жел, 2018 сағат 10:00

Музей арқалайтын міндет ауқымды

Қазіргі таңда елімізбен бірге бүгінгі ғасыр музейлері де ерекше бір өрлеуді бастан кешу үстінде. Бүгінде музей ісіне жаңаша көзқарас қалыптасып, жаңа бір даму кезеңі басталды. Бұл ретте, өзім төрт жылдан бері басшылық жасап келе жатқан Қазақстандағы ең көне музейлердің бірі – Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі туралы аз-кем сөз қозғамақпын.

2018 жыл мен үшін ерекше жыл болды десем артық айтқандық болмас. Еліміздегі музейлер қауымдастығының төрағасы, Халықаралық музейлер кеңесі, Қазақстан ИКОМ вице-президенті лауазымына тағайындалдым. Осы уақытқа дейін біздің батыс өңірден осы халықаралық беделді ұйымға Бөкейорда тарихи өлкетану музей кешенінің директоры, үздік музей маманы, марқұм Темірболат Махимов ағайдың мүше болғанын білеміз. Міне, араға жылдар салып, осындай аса жауапты қызметке лайықты саналуымның өзі үлкен еңбектің арқасында республика көлеміндегі әріптестерімнің мені «музейші» ретінде мойындаулары деп түсінемін, ризашылығымды білдіремін. Бұл, әрине, тек қана менің еңбегімнің жемісі ғана емес, ұжымның жетістігі.

Бүгінгі таңда Ақ Жайықтың тарихи шежіресін жинап, сақтап, ұлттық салт-дәстүрімізді, рухани құндылықтарымызды насихаттап отырған музей құрамындағы 12 филиалмен бірге халыққа қызмет көрсетуде. Музей қоры жағынан еліміздегі ең бай музейлер қатарында. Онда 140 мыңнан астам археологиялық жәдігерлердің, зергерлік, этнографиялық бұйымдардың мол коллекциясы жинақталғанын зор мақтанышпен айтуға болады.

Еліміздің, соның ішінде Ақжайықтың тарихын бүгінгі ұрпаққа, келешек ұрпаққа жеткізу, жастардың бойында ата-баба тарихына, қазақ халқының салт дәстүріне, әдет-ғұрпына қызығушылық сезімін ояту, оларды музейдің тұрақты келушісіне айналдыру мақсатында музейде ауқымды жұмыстар жүргізіліп, көрнекті жобалар жүзеге асырылды. Ең алдымен, музей залдары өзгертілді. Өйткені, келушілер арасында зал экспозициясындағы фотосуреттердің көптігінің салдарынан «Үлкен фотоальбом» деген пікір қалыптасқан, тіпті «Тілек кітапшасына» осылай деп ашығын жазып кететін болған. Сондықтан, осындай жеңіл ойдан арылту үшін музей қорындағы заттай жәдігерлер зерделеніп, оларды экспозицияға шығару ұйғарылды. Қазіргі уақытта облыстық музей залдарының экспозициясы толықтай жаңғыртылды. Фотосуреттер азайтылып, тарихи кезең туралы мәлімет беретін заттай жәдігерлермен толықтырылды.

Бұрынғы «Археология» мен «Алтын ханшайым» залы «Археология» залы болып біріктіріліп, өңірімізде табылған археологиялық құндылықтар бір залдан орын тапты.

«Алтын Орда» залы мен «Бөкейордасы» залдарының орнына «Қазақ хандығы мен Бөкей Ордасының тарихы залы» құрылды. Бұл зал экспозициясы Ақжайықтың асыл перзенті,аққан жұлдыздай дүниеден ерте озып, артына өшпес мұраларын қалдырған дарынды суретші Мұратбек Жоламанның «Керей-Жәнібек» картинасынан бастау алады.

«Тәуелсіздік залы» жаңа экспонаттармен толықтырылып, «Елбасы және Тәуелсіздік» залы болып қайтадан ашылды.

«Жауһар жәдігерлер» залына «Зергерлік әшекейлер» мен күміс ыдыстар коллекциясы шығарылды. Ақ Жайық өңірін –тарихи тұлғалармен қатар қазақтың ұлттық эпостарының бірі – «сұлу Жібектің елі» деп атайтыны да бұл залда ескерілді. Музей қорында елімізге танымал суретші Әбілхан Кастеевтің 1941жылы салған «Қыз Жібек пен Төлегеннің кездесуі» атты графикасы сақталған.

«Өнер» залының экспозициясы Ақ Жайық өңірінен шыққан дарынды өнер иелерімен жақынырақ таныстырады. Қасиетті Жайық даласы аты аңызға айналған Құрманғазы, Махамбет, Дәулеткерей, Дина, Сейтек, Мәмен, Мұхит секілді біртуар тума талант иелерін дүниеге келтірді. Олардың мұрасы бізге домбыра арқылы күй арқылы жетті. Сондықтан зал экспозициясының төрінде ұлы күйші бабамыз Құрманғазы домбырасының көшірмесі орын алып тұр. Дина Нұрпейсованың киген қамзолы да осы залда. Міне, музей залдарындағы осындай өзгерістер бүгінде көрермендердің ризашылығына бөленуде.

Осы жылдар ішіндегі музейдің үлкен жетістігі – жаңа музейдің құрылуы.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің басшылығымен, Батыс Қазақстан облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Орал қаласында «Рухани жаңғыру» атты музей өз есігін айқара ашты.

Музейдің ХІХ ғасырдың соңында салынған тарихи ғимаратта орналасуы оның маңызын айшықтай түскендей. Музейге мемлекеттік қаржы жұмсалған жоқ, күрделі жөндеу демеушілердің көмегімен іске асқанын атап кеткен жөн. Ескі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, азаматтық борышын аброймен атқарған кәсіпкердің есімі – Мұратбек Мұхамедиев,  «Казконтракшнгрупп» компаниясының жетекшісі.

Музей төрт экспозициялық залдан тұрады. Алғашқысы «Өңірдің киелі жерлері» деп аталады. Онда «Сакралды Қазақстан» атты картасына енген облыстың алты нысаны туралы сыр шертіледі. Сонымен қатар бұл залдан облыс орталығынан 600 шақырым қашықта жатқан Жәңгір хан музей-кешенінің үлгісімен танысып, шежіресіне қанығуға да мүмкіндік бар.

Екінші зал «Ұлттық баспасөз тарихына» арналып отыр. Мұнда ұлттық, аймақтағы баспасөз құралдарының тарихы жан-жақты көрсетіліп, тұңғыш жүйелі басылымның бағыт-бағдарынан хабар беретін мәліметтер қойылған.

Алаш арыстарына арналған залда елім деп еңіреп өткен ұлт зиялыларының өмірі баяндалған. Батыс Алашорда қайраткерлері туралы тереңірек мағлұмат «Батыс Алашорда қозғалысының төрағасы Жаһанша Досмұхамедов кабинеті» арқылы беріліп отыр. Осы залды жабдықтау барысында және Батыс Алашорда қайраткерлеріне қатысты тың деректер іздестіру мақсатында музей қызметкерлерінің Алматы қаласындағы ҚР Президенттік архив пен еліміздің Орталық архивінде жұмыстанғанын атай кеткен жөн. Музей экспозициясында Күнбатыс Алашорда қайраткерлерінің бұрын-соңды жарияланбаған суреттері көрермен назарына ұсынылып отыр. Мәселен, Алаш қайраткерлері Иса Қашқынбаев, Ғұбайдолла Әлібеков, Есенғали Қасаболатов суреттері мен Бақытжан Қаратаевтың көзі тірісінде тұтынған дүниелері қойылды.

Музейдің төртінші «Жаңғырған өңір» залында Астана қаласының дамуы мен Орал қаласының жетістіктері айшықталып тұр.

«Ел іші-өнер кеніші» жобасы жүзеге асырылды. Жоба аясында «Көкейімде бар әлем» – «От рукоделия к бизнесу» атты қолөнер шеберлері мен жеке коллекционерлердің көрмесі ұйымдастырылып, жыл бойына өткізілді. Шынында «Ел іші – өнер кеніші» деп, дана халқымыз бекер айтпаса керек, ел ішінде он саусағынан өнері тамған шеберлердің аз еместігін біз жоба барысында байқадық, өңірімізде «Өнер» атты өнегелі туындының әр түрімен айналысатын шеберлер жетерлік екеніне көз жеткіздік. Бірақ, оларды біреу білсе, біреу білмесі хақ. Музейдің көрме залынан «Текемет» көркемөнер галереясының картиналарын, мүгедек жандардан құралған «Ғибадат» ЖШС-нің ұлттық оюмен нақышталған сандықтардың, сәби бесігінің түрлерін, Шыңғырлау ауданындағы «Қыз жасауы» Марфуға тігін цехының қалыңдыққа арналған құрақ көрпелері мен сырмақтарын, саз аспаптарын жасаушы Серікбаев Аслан сияқты қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалауға болады. Жоба қорытындысы бойынша қолөнер шеберлері өздерінің бір-бір туындысын музейге сыйға тарту етсе, музей тарапынан шығарылған «Ел іші-өнер кеніші» атты басылым оларға естелік сый ретінде ұсынылды.

Ендігі бір сәтті шыққан жоба ретінде «Ұлы дала құндылықтарын» атар едім. «Туған жер» бағыты бойынша, өңірлік тарихты зерделеу, насихаттау үшін жүргізілді. Жоба барысында 2012 жылы өңірімізден табылған археологиялық қазба құндылығын – «Алтын ханшайым» реконструкциясын облыс аудандарына жылжымалы көрме ретінде шығардық. Сөйтіп облыстың 10 ауданында болып, 3000 астам аудан тұрғындары музей қорындағы құнды жәдігер – Теректі ауданының Тақсай оба кешенінен табылған сармат ханшайымын (ҮІ-Үғ.) көріп, көнеден жеткен зергерлік әшекей бұйымдарды және белгілі қылқалам шебері С.Ғұмаровтың туындыларын тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Облыстық музей қызметкерлері «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» жобасы аясында ұйымдастырылған Халықаралық ғылыми экспедицияға қатысты. Экспедиция Қазақстанның батыс өңірінен бастау алып, күй атасының басқан ізімен жүріп отырып, Ресейдің Астрахан облысының Володар ауданы, Алтынжар ауылында жерленген ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының басына тағзым етіп, «Құрманғазы» музейіне күйшінің туған жерінің топырағын жеткізумен өз жұмысын аяқтады. Экспедициядан көп ой түйіп, алға жоспарлар жасап келдік. Өйткені халқымыз үшін күй мен Құрманғазының есімі бір-бірімен астасып кеткен ұғым.

ЮНЕСКО көлемінде Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығын атап өту күйшіні ғана ұлықтау емес, ең алдымен, халқымыздың төл өнері – күйді ел іші мен шет мемлекеттерде кеңінен насихаттау деп түсінеміз. Халықаралық экспедиция барысы туралы фотосуреттер шығарылып, мақалалар жазылып, теледидардан сұхбаттар берілді.

Соңғы кезде Халықаралық музейлер күніне орай мамыр айында өткізілетін «Музей түні» Орал қаласының тұрғындары асыға күтетін халықтық мерекеге айналып келеді. Бұл сыйқырлы түнде музей залдарындағы тарихи тұлғалар «жанданып», облыстық қазақ драма театр артистері сомдаған «Алтын ханшайым», Жәңгір хан, Фатима ханша, Қыз Жібек пен Төлеген, Махамбет пен Исатай, Алаш арыстарының бейнелері көпшілікпен жүздесті. Сонымен қатар бұл күні музей жанында «Халық өнері-асыл қазына» деген атаумен қолөнершілер жәрмеңкелері ұйымдастырылып, «Сән үлгілері», «Домбыра-party», «Аударыспақ», «Әуенді музей» атты сазды кештері, «Табақ тарту», «Киіз басу» сынды қазақтың салт-дәстүрлерінің көрінісі көрсетілді. Бұл уақытта музей залдарында тағылымды экскурсиялар, қыштан құмыра жасау шеберлік класстары, құмнан сурет салу, жылма-жыл өзгеріп отыратын сан алуан тақырыптағы музей көрмелері, қызықты кездесулер өткізіліп жатады. Сондықтан болар, халық көңілінен шыққан бұл күнді оралдықтар ерекше асыға күтеді.

Президент Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында жаңа жобалар қолға алынбақ.

«Тарихи сананы жаңғырту» бағытының «Архив-2025» тармағы бойынша Ақ Жайық өңірінің тарихи тұлғалары туралы тың деректер жинау мақсатында Алматы Орталық архивіне, РФ Москва, Санкт-Петербург, Орынбор, Казань, Уфа, Астрахань қалаларының архивтеріне ғылыми-зерттеу экспедициясын ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Бұл архивтерден Кіші жүз, Бөкей Ордасына қатысты деректер, Жәңгір Бөкеев, Фатима ханша (Фатима Гусейнова), Ғұбайдолла Жәңгіров, Мұхаммед Салық Бабажанов, Сырым Датов, батыс Алашорда қайраткерлері мен репрессияға ұшыраған тарихи тұлғалар туралы деректер іздеу, кейін архив жұмыстарының қорытындысын «Ұлы даладағы Ақжайық тұлғалары» тақырыбы бойынша цифрлық форматқа енгізу көзделуде.

«Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жоба аясында «Жайықтың жауһар мұралары» тақырыбында Ресей Федерациясының Уфа, Ижевск, Нижний Новгород қалаларына. жылжымалы көрме ретінде жоспарланып отыр.

«Дала фольклорының антологиясы» жобасы аясында музей қорындағы ХҮІІІ-ХХғғ күмістер топтамасын облыс тұрғындарына көрсету аудандарға «Күміс күмбірі» атты жылжымалы көрме шығару жоспарда бар. Көне көз қариялардан қазақ халқының фольклорына жататын ертегі, қисса, аңыз-әңгімелерді теріп, жазып алу.

Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, Ақ Жайықтың тарихи құндылықтарын сақтап, осындай жобаларымен өңір ризашылығына бөленіп отырған музей – әрқашанда ерекше рухани орда, құнды жәдігерлер әлемі болып қала береді.

Мирболат Ерсаев,

БҚО тарихи-өлкетану

музейінің директоры,

Қазақстан ИКОМ

вице-президенті.