16 там, 2018 сағат 17:38

Мүсінші Шоқанның бюстін бір биеге айырбастамақ

"Ш.Уәлиханов мүсінін биеге айырбастаймын!" Көкшетаулық тұрғын әлеуметтік желіде осындай хабарландыру жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Хабарландыруда көрсетілгендей, жарнама иесі Мейрамхан Қойшыбаев есімді тұрғын қазақтың ұлы ғалымының мүсініне 420 мың теңге немесе бір бие сұрап отыр.

Жарнамадағы телефон арқылы хабарласқанымызда Мейрамхан өзін мүсінші, суретші ретінде таныстырды. Оның сөзінше, мүсіннің жасалғанына 40 жыл болған.

«Бұл ескерткішті (Шоқан Уәлиханов бюсті) 1978 жылы досымыз екеуіміз жасап, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің алдына орнаттық. Кейін оның орнына басқа жаңасы орнатылып, бұл ескерткіш алынып тасталды. Досымның қайтыс болғанына біраз жыл өтті. Ескерткіш жай тұр. Сондықтан, оны сатуды шештім. Бәлкім біреулер алып, тиісті жеріне орнатады деп үміттенемін», - дейді Мейрамхан Қойшыбаев.

Сонымен қатар, мүсіншіден сұрағанымызда биіктігі 1 метрден асатын бюстің ешқандай құжаттарының жоқтығын анықтадық. Осы туралы Ақмола облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығына хабарласқанымызда ондағылар «Тарихи ескерткіштерді салу және орнату үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы лицензиясы болуы қажет» екенін айтуда. Ал, қалалық әкімдіктегілер болса, аталмыш мүсінді қала аумағында орнатылған ескерткіштер тізілімінде жоқ деп отыр.

«Қалалық әкімдік қала аумағындағы орнатылған, ескерткіштер реестіріне тіркелген ескерткіштер үшін жауапты. Нақтырақ айтқанда құжаттарды рәсімдеу, жер телімін бөлу, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары.  Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қалалық әкімдік, жеке тұлғадан сататын тауарды тәркілеп ала алмайды, және сату-сатып алу операциясын болдырмауға құзыры жоқ. Дегенімен аталған жағдай қала әкімдігінің  назарына алынды», - деп түсіндірді Көкшетау қаласының баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, хабарландыру 23 шілдеде жарияланған.