11 ақп, 2017 сағат 11:11

Мұсақожаева: Димаш Құдайбергенді шетелге оқуға жіберуіміз мүмкін

Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваның айтуынша, үшінші курста оқитын Димаш Құдайберген АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласына оқуға баруы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде біз академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы Musicians institute (Сollege of ContemporaryMusic) мекемесімен Димаш Кұдайбергенді оқуға қабылдау бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Оқудың мерзімі - 120 күн», - деді Мұсақожаева ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Димаштың дауысы ерекше, сан алуан жанрдағы шығарманы орындай алады. Оның анасы жоғары сопраноны шебер орындаса, әкесі - лирикалық тенор. Димаштың өзі Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінде білім алған. Ал 2014 жылы Қазақ ұлттық өнер университетіне түсті. Қазіргі кезде ол «Эстрада өнері» кафедрасының 3-курсында оқиды.

Айта кетейік, 2010 жылы Димаш Құдайберген «Байқоңырдың жарқын дауыстары» халықаралық фестивалінде бірінші орынды иеленген. Ал араға екі жыл салып, «Жас қанат» республикалық байқауында топ жарды. Сол жылы «Шығыс базары» халықаралық конкурсында тағы да бас жүлдені қанжығасына байлады. 2015 жылы «Славян базарында» Гран-при иегері атанды.

Қазіргі кезде Димаш Құдайберген Қытайдың Хунань қаласында өтіп жатқан «I am a singer» халықаралық байқауына қатысып жатыр. Байқаудың 5-кезеңінде ол «Uptown Funk» әнімен бесінші орынды иеленді. Оның қытайлық жанкүйерлері әншіге арнап құмнан әдемі бейне салуға қатысты видеоролик түсірді. Бір аптаға жетпейтін уақыт ішінде оны 5 млн-нан астам адам көріп шықты.