18 сәу, 2017 сағат 13:04

Мұрат Жұрынов. Үлкен көрегендіктің белгісі деп білемін

Елбасының бұл мақаласы – өте терең, жан-жақты қарас­тырылған және өте батыл жазылған дүние.

Ұлттық кодты сақтай отырып, модернизациялау деген не? Код дегеніміз – ұлтты біріктіріп, ұстап тұратын ұлттың фундаменті. Оған тіл, дін, діл жатады. Діл дегеніміз – қанымызға сіңген әдет-ғұрыпты сақтай отырып, өзіміздің қоғамымыздың кейбір қасиеттерін, кейбір әдеттерін өзгертіп, заманға сай өмір сүру. Біз бұған да дайынбыз.

Елбасы өзінің мақаласында ұлттық болмысымызды, ұлттық қабілетімізді әлемдік байлықпен үйлестіре отырып дамытуды көрсетіп отыр. Сонымен қатар, руханиятқа, білімге, ғылымға мән беруі – үлкен көрегендіктің белгісі деп білемін. Бәсекеге қабілет­тілік сөз болды. Біз барлық салада – саясат, экономика, мәдениетте көштен қалмауымыз керек. Білім беру саласына мән берілген. Ағылшын тілі – әлемдік тіл. Десек те, қазақ тіліне басымдық беруі­міз керек. Мақсатымыз – дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Оған білім, ғылым арқылы ғана жетеміз.

Мұрат ЖҰРЫНОВ,

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті