04 там, 2016 сағат 09:13

Мұнайлы Қазақ елiнде дағдарыс болмауы керек едi

Тәуелсiздiк алғалы бiр миллиард 400 млн тонна мұнай өндiрiппiз!.. Сонда қалайша ғана дағдарысқа ұшыраймыз?.. Елiмiзде бар болғаны 17 миллиондай ғана тұрғын бар... Тiптi түсiнiксiз жағдай, миға сыймайды!.. Соншама көл-көсiр дүниенi малданып отырып, неге бiз дағдарысқа ұрындық?.. Мұнайдан басқа да қазба байлықтарымыз шаш-етектен емес пе?.. Бұл аз болса, 2009 жылы Қазақ елiнiң мұнай өндiруiне 110 жыл толуына орай көрсетiлген деректерге үңiлсек – сол өткен жүзжылдықтағы өндiрiлген мұнай көлемi төрт млрд 600 млн тоннаны құраған!..

Қараңдаршы, кең байтақ қазақ жерiнде қаншама миллиардтаған тонна “қара алтын” өндiрiлген!.. Осындай ұшан-теңiз байлықты игерген мемлекеттiң халқы неге дағдарыспен өмiр сүредi? Өткен-кеткен дағдарыстарды желеулетiп, қараша халықтың басын айналдыруды қашан доғарады бұл бассыз билiк?! Алдаудың да, арбаудың да шегi бар емес пе? Бұл пұшайман күйге түскен халықтың тiрiлетiн уақыты жеткен жоқ па?
Иә, өткен тоқсаныншы жылдарда, яғни тәуелсiздiк бастауында экономикамыздың тұралап, қиын-қыстау кезеңдерге тап бол­ғанымыз рас. Мұнай өндiру көлемi құлдырап, “қара алтын” бағасы түсiп, елде қаржылық тапшылық етек алып, мұнайшыларға уақытында жалақы берiлмей – үлкен дау-дамай тудырғаны да есiмiзде. Осы кезеңдерде ғой билiктiң жұртшылықты шыдамдылыққа шақырып, “өтпелi кезеңнен” өтiп жатырмыз, әлемдегi дағдарысқа тап болдық, бұл бе­лес­терден де өтемiз, алдағы күндерi экономикамыздың қарыштап дамуына жол ашылады деп сендiрген. Қайда қарыштап дамыған экономикамыз? Екiншi Кувейт – гүлденген араб мемлекетi боламыз деп ел-жұртты елеңдеттi. Қайда көркейiп-құлпырған қазақ мемлекетi? Тап бүгiнгi күнi менiң отанымда айтулы араб мемлекетiнiң жұрнағы да көрiнбейдi! Көрiнiп тұрғаны – елдегi бар дүниенi тонау, талан-таражға салу! Бұл қайырсыз билiктiң сын сағатта жекешелендiру деген сылтаумен кәдiмгiдей “прихватизация” жасап, бар дүние-байлықты армансыз бөлiске салғаны тағы бар! Әйтеуiр, шендi-шекпендiлер бiлгендерiн iстеп, өздерi де, айналасы да қарық болды. Бүгiнгi күнi бұл сабаздар бар пәленi тәңiр атқан дағдарыс­қа аударып тастап, бұқара халықты мезi еттi. Өйткенiмен қоймай, сол алмағайып кезеңдерде өз отанын тонап, бай-манап, миллиардер атанып жүргендердi бүгiнгi билiк әлпештеп, тәрбиелеп өсiрдiк деп бүкiл елге жар салады. Бассыздықтың түрi осындай.
Мен бейшара ел байлығы талан-таражға түстi, тоналды деп неге қақсаймын? Бұлай деп жабырқауымды тереңнен қозғамай-ақ, бiр-екi мысалмен ғана айғақтауға болады. Тәуелсiздiк алған 1991 жылдың басында республикамызда 35 млн. бас қой болған. Бұл мәлiметте сол кездегi же­кеменшiктегi қой есептелмеген. Ал 2000 жылдың басында елi­мiзде бар-жоғы 11 млн бас қой қалған. Мыңғырған мал қайда жұтылып кеттi? 2001 жылы тәуелсiздiгiмiздiң он жылдығы өтпей жатып-ақ, ханталапайдың кесiрiнен қаражат тапшылығына тап болған бассыз билiгiмiз көлеңкедегi күмәндi мүлiк пен ақшаны рақымшылық жариялау арқылы заңдастыру науқанын жүргiзiп, қазынамызға 500 млн АҚШ долларын түсiрдi. Уақытында қара халыққа жетпеген бұл қолды болған мол қаржының құны қымбат болғаны және мәлiм. Сөйтiп, қаржы көзiн тауып, елдегi жағдайдың ушығып кет­пеуiнiң алдын алды. Ушықпағанда қайтедi, Маңғыстау экономикасының күретамыры – “Маңғыс­таумұнайгазды” тойымсыз билiк қитұрқы әрекеттермен мардымсыз пұлға жекеге өткiзiп, өздерi иеленiп алса! Ал аймақтың мұнайшылары болса тоқсаныншы жылдардың аяғында, жоғарыда айтып өткендей, бей-берекет жекешелендiру тұсында жалақыларын ала алмай, дәрменсiз күйдi бастарынан кештi. Ашын­ғаннан, басқа амал таппағасын, мұнайшылар Ақтау қаласындағы “Маңғыстаумұнайгаз” кәсiпорны орналасқан даңғылды жауып тастап, билiктi арнайы ұшақпен жедел түрде ақша әкелуге мәжбүрледi. Мiне, оларға жетпеген қаржы, яғни нәпақа көзi бүтiн бiр ұшақтың жүгiне айналған.
Уақыт оздырмай, екiншi рет ұрлық-қарлықпен қолды болған капиталды заңдастырғанда бюджетiмiзге тағы да 5 млрд доллар топ еттi! Бұл миллиардтаған қаржылар қайда тығылған, кiмдердiң қоржындарында жасырынбақ ойнаған? Әрине, бұл сомалар “айсбергтiң” үстi ғана, ал астына үңiлсек – талай миллиардтарға тап болатынымыз айдан анық ақиқат. Бұл уәжiме төмендегi дерек айғақ болар. Алдыңғы жылғы басылымдарда жарияланған Бас прокуратураның мәлiметi бойынша – тек қана соңғы он жылда елiмiзден 140 млрд доллар шетел асқан! Мiне, қазағымның байлығы тоналды, ханталапайға түстi деуiме бұл фактiлер нақты дәлел. Бұл – өмiр шындығы. Осындай сорақы жайт­тар, қылмыстық әрекеттер етек алып тұрғанда – бұл ұятсыз билiк, бар шаруаны тындырғандай, бай-бағландарды тәрбиелеп өсiрдiк деп көлгiрсидi. Халқымның 50-60 пайызы кедей­шiлiкте өмiр сүрiп жатқаны ешкiмнiң басын ауыртпайды. Сөйтiп, бұл озбыр алаяқтар аласапыран кезеңдi ұтымды пайдаланған, “жығылғанға жұдырық” дегендей, одан сайын құлдырап жатқан елiн тонап, Отанын сат­қан нағыз қылмыстылар болып шықпай ма? Бұл бай-манаптардың iстеген қылмыстарының мерзiмi заңдылық тұрғыда еш уақытта ескiрмейдi. Қалай ескiредi, олар тонаушылық әрекеттерiн одан сайын үдетiп жатса, алдағы жекешелендiру­дегi мемлекеттiк активтердi “Қазмұнайгаз” ҰК”, “Қазатом­өнеркәсiбi”, “Қазақ темiр жолы” т.б нысандарды бөлiске салу пиғылдары көрiнiп тұрса, яғни заң-законды белден басып жатса! Бұл жебiр билiктiң бүгiнгi күнгi қарекетi ел-жұртты бiр негiзсiз қиялдарға жетелеп, халықты түрлi күмәндi жобалармен, нанымсыз ұрандармен тойдырып, сайқымазақ сайлаулармен бастарын айналдырып болды.
Бiр мысал. Биылғы жылғы елiмiздегi кедейлiк шегiнiң мөлшерi ең төменгi күнкөрiс шамасының (22859 теңге) 40 пайызын құрайды, яғни 9143 теңге ретiнде белгiленген. Ендi бұған не айтуға болады?.. Осындай бейшара тiрлiкпен қайдағы бiр 2030, 2050 ж.ж. темiрқазық етiп, жалаулатып, дамыған елдердiң арасындағы ондықты дәметiп жүрiп, экономикасы жыларман халге түскен елдердiң ондығына кiрiп кеткендерiн бұл билiктiң өздерi де бiлмей қалған сияқты.
Жаңа ғасырдан, жаңа жүз­жылдықтан бастап елiмiзде мұнай өндiру көлемi артып, бағасы едәуiр өсiп, мемлекетiмiздiң қазынасы молая түстi. Яғни экономикамыздың күретамырына қан жүгiрiп, еңсемiз көтерiлдi. Сонда да дағдарысқа бай­ланыс­ты өз ой-тұжырымдарымды бiлдiрмекшiмiн. Жан-жағымызға қарап отырсақ, дамыған әлем елдерiнде, нақтырақ айтсақ, АҚШ пен Еуропа мемлекет­терiнде экономикалық ахуал тұрақты, даму көрсеткiштерiнде өсiм бар, дағдарыс деп жанталасып жатқан билiк басындағылар көрiнбейдi. Батыс елдерi миллиондаған босқындарды қабылдап, ауқымды қаржы бөлiп, оларға тұрмыстық жағдай жасап, қол ұшын беруде. Ал бiздiң билiк болса, дағдарыспен күресiп жатырмыз, қайтсек те жеңемiз, “ақшаны үнемдеп” үйренiңдер деп қараша халықты алдарқатудан танбайды!
Билiктiң ендiгi бiр уәжiне сенсек, Ресейдегi жағдай бiздiң елiмiзге керi әсерiн тигiзген. Бұл ендi ежелгi көршiмiзбен экономикалық одаққа бiрiгуiмiздiң салдары. Мұндай ауыртпалықты, жайымызға қарап отырмай, өзiмiз тiлеп алдық. Қалай болғанда да, менiң пайымдауымша, қосақтағы екi мемлекет шикiзат­тық дағдарысқа ұшырап отыр. Шикi мұнайды толассыз экспорт­тап, одан түскен мол пайдаға құнығып, “қара алтын” бағамына байланып қалғанын өздерi де сезбегендей. Қалай шикi мұнайдың бағасы әлсiрей бастады, бұл екi елдiң экономикасы да шатқаяқтап, тығырыққа тiрелдi. Сонда деймiн-ау, өткен жылдарда мұнай бағамы шарықтап, “қара алтын” дәуiрi жүрiп тұрғанда экономикамыздың жан-жақты дамуына неге көңiл бөлмедiк? Менi осы жәйттер көп ойландырады. Тiптi толғандырады. Әлде шендi-шекпендiлерiмiз қалталарының қамын ойлап, елдiк мүдденi ұмытып кеттi ме? Талай рет теледидардан көрдiк қой – әкiмдердiң миллиардтаған қолда бар мол қаржыны игере алмай, билiктiң сын сағатына iлiккенiн. Тағы да қайталаймын, 2001 жылдан бастап елiмiзде мұнай өндiру көлемi аспандап, жылдық мөлшерi 40 млн.тоннадан асып, тiптi, тәңiр атқан дағдарыс деп қақсаған 2008-2009 жылдарда да 70 млн тоннадан артып, соңғы бес-алты жылда, жыл сайын 80 млн тоннадан кем “қара алтын” өндiрiлмеген. 2014 жылдың төртiншi тоқсанына дейiн мұнай бағасы баррелiне жүз доллардан кем түскен жоқ, сонда бұл – қайдағы дағдарыс? Бiздiң жауапкершiлiксiз билiктiң осындай мол байлықты игерiп отырып, қалайша дағдарысқа тап болдық деп айтуға ауыздары барады. Тап сол кезеңдерде, яғни мұнайдың құны бағаланып тұрғанда – шикiзаттық ресурстар­ға тәуелсiздiктен құтылып, экономикамызды әртараптандыруға әбден болатын едi. Бұған кiм кедергi болды? Қытайдан, Түр­киядан, Қырғызстаннан тауар тасытып, жұртшылықты тентi­ретiп, сергелдеңге түсiргенше, жеңiл өнеркәсiптi өркендетiп, халыққа жұмыс орындарын ашып, олардың жағдайын бiр көтерiп тастайтын уақытты өткiзiп алдық. Басқа да жаңа өнеркәсiп салаларын дамытуға баға жетпес мүмкiндiктер өтiп кеттi. Мүмкiндiк болған деп қалай айтпайсың, бiр сәттерде, мұнайдың бiр баррелi 150 долларға дейiн көтерiлiп, “қара алтыннан” түскен есепсiз қаржыға көмiлiп қала жаздадық қой. Осы мезгiлдерде көп ақшаның буымен “ауыл жылдары” деп 150 млрд теңгенi желге ұшырдық. Бұлай деп неге айтпаймын, одан кейiнде “Ақ бұлақ” бағдарламасы деп – ауылдарға тағы да миллиардтаған қаржы бөлiндi. Бәрiбiр елдi мекендерiмiз ауызсуға жарып отырған жоқ. Мен айтар едiм, осы 150 млрд. теңгенi елiмiздегi бар болғаны 150 ауданның әрқайсысына бiр миллиардтан тiкелей бөлiп, аударылған қаражаттың жұмсалысын қатаң бақылауға алғанда, кiм бiлiптi, ауыл-аймағымыз көр­кейiп, ел қатарлы өмiр сүрер едiк. Билiк олай етпедi, ортада қаржы жымқыратындардың жемсауын ойлаған болар. Сондай-ақ, сол кезеңдерде қаржы-қаражаттың молшылығының арқасында “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры дүниеге келген жоқ па? Сөйтiп, үй iшiнен үй тiккен жоқпыз ба? Үкiметпен пара-пар құрылымды дүниеге әкелдiк. Осы аталмыш қордың 500-ден аса еншiлес кәсiпорындары бар көрiнедi. Президенттiң өзi тәп­тiштеп көрсеткендей, бұл кә­сiпорындар өзiне қосалқы ұйымдар ашып қоймай, солардың iшiнен тағы да еншiлес ком­пания­лар ашып алған. Көр­дiңiздер ме былықбайды? Бұл жүздеген компанияларда, шамамен, 400 мыңдай қызметкер нәпақа тапқан! Ақпарат көз­дерiне қарап отырсақ, “Самұрық-Қазына” қорының активтерi жалпы iшкi өнiмнiң 40 пайызын құрайтын көрiнедi. Сонда деймiн-ау, бұл құрылымның үкiметтен қай жерi кем? Сонымен, “Самұрық-Қазына”, “Бәйтерек”, “Қаз Агро” холдингтерiн құрып, триллиондаған қаржы жұмсап, экономикалық тұрғыда қандай жетiстiктерге жеттiк? Егер аталған холдингтер тиiмсiз болса, неге құрдық? Ал тиiмдi деп құрсақ, неге дағдарысқа жол беремiз? Сөйте тұрамыз да, бұл құрылымдардағы топ-менеджерлердi арқаларынан қағып әлпештеп, оларды айына 1,5 миллион теңге жалақымен жарылқадық. Ал, республика бойынша орташа жалақы көр­сеткiшi – 118638 теңге ғана.
 Мiне, осындай тиiмсiз құрылымдарды ашып, уысымыздағы мол қаржы-қаражатты оңды-солды шашып, елдi тығырыққа тiредiк. Ендi бұл билiктiң қалған шаруасы – мемлекеттiк меншiк­тегi активтерге ие осы компания­ларды жекешелендiрiп, бөлiске салу. Әрине, бұл – бай-бағландарға таптырмайтын мүмкiндiк! Қара халық нан табуға шамасы келмей, сергелдеңге түсiп жүргенде, өнеркәсiп пен ауыл шаруашылығының орасан зор активтерiн қайтiп сатып алады. Мен бұл жерде айтар едiм, билiктегiлердiң әуелден көк­сегенi – мемлекеттiк меншiктегi активтердi белгiлi қитұрқы жолдармен түрлi құрылымдар құру арқылы иеленiп, өз ойларын iске асыру. Басқа түк те емес! Осылайша елдi тақырға отырғызу. Отырмағанда несi қалды?!
Ақпарат көздерiне үңiлсек, тек 2000 жылдың басынан берi қазақ елiне 203 млрд. доллар инвестиция құйылған. Сонда бұл мол қаржының елiмiзге тигiзген пайдасы қайда? Егер пайдасы болса, дағдарыстың болмауына, яғни, оның алдын алуға осы миллиардтардың көмегi неге ти­медi? Ал, осы аралықтағы бей­мәлiм инвесторлардың (бұл жерде аюдың терiсiн терiс жамылып жүрген өзiмiздiң инвесторлар да жоқ емес) бiздiң елден тапқан табысы, яғни, құйған ақшаларының қайтарымы190 млрд. долларды құраған. Бұған ендi не айтуға болады. Менiң пiкiрiмше, осы инвестиция тарту деген нарықтық қатынастың “жаңалығы” бар ғой, алаяқтарға нағыз майшелпек болып отыр. Жалпы, бiздiң мемлекетiмiзге инвестор болып жүргендердiң көпшiлiгi – өз Отанын тонап, байлығын шетел асырады да, айналып келiп, өз елiне инвестиция құйып, пайда тауып жүрген өзiмiздiң сат­қын алаяқтар. “Форбс” тiзiмiндегi атышулы өзiмiздiң миллиардерлер, өз елiмiзде тiркесiп жүрген ұзын саны елу миллионерсымақтар да тап солардың дәл өздерi.
Қазақ елi сыртқы қарызға белшесiнен батып бара жатыр. Бүгiнгi таңдағы берешегiмiз 200 млрд. АҚШ долларынан асып кеткен. Бұл дегенiмiз, халықтың жан басына шаққанда, тiптi, дүниеге келетiн әр сәбидiң мойнына 12 мың доллардың шамасында қарыз iлiнедi деген сөз. Дағдарыстан шыға алмай айналшықтап жүргенде – еселенiп өсiп жатқан борышты қашан өтеймiз? Берешектер уақытында өтелмесе – жақын болашақта жарты триллион долларға жетiп жығылып, мемлекетiмiз қарызға одан сайын көмiлiп, ел экономикасы дефолтқа ұшырап қала ма деп қорқамын. Сонда деймiн-ау, құлдық санаға бейiмделе түскен халқымыз не ойлап жүр екен осы? Бүгiнгiдей дағдарыстан-дағдарысқа ұрынып тұрған шақта – қарыздан құтылудың жолдарын да, басқа да амалдарын мен көрмей тұрмын.
Сөз соңында айтарым, әу бас­тан Алаш азаматтарының армандаған қазақ мемлекетi құрыл­ғанда, Алаш жерiндегi өткен жүзжылдықта игерiлген 4 млрд 600 млн. тонна мұнаймен, яғни осындай маңдайымызға бiткен мол байлықпен, бүгiнгi күнi, гүлденген Араб Әмiрлiктерiнiң жетiстiктерiн он орап алатын едiк деп назданамын! Бүгiнгi билiктегi алаяқтар Алаш арыстарының басып кеткен iздерiне де тұрмайды-ау! Қайтейiн, бар дүниенi ұқсата алмадық!
Қамысбай БЕСIНБЕРГЕНҰЛЫ,
Ақтау қаласы
"Жас Алаш" газеті