03 қар, 2016 сағат 14:22

Мұнай алпауыттарына қызмет көрсетеді

Бұл кәсіпорынның құрылғанына үш жылға жуық қана уақыт болды. Соған қарамастан зауыт отандық өндірістегі белді ойыншылардың біріне айналып үлгерді. Құбыр желісі мен мұнай өнеркәсібіне қажет арматураларды шығаратын компания өндіріске қажет материалдың 85 пайызын отандық өндірушілерден алады. 

Отандық тауар өндіруші ретінде тіркелгендіктен кәсіпорынға құбыр-желілік арматура мен сағалық жабдықтардың импорттық үлесін азайту бағытында үлкен сенім артылып отыр. Мұнай мен газ магистральдарына, мұнай қотару станцияларына, резервуарларға, су жүйесі мен энергетика кешендеріне қажет жабдықтар өндіруге машықтанған зауыттың өнімдерін бүгінде «Өзенмұнайгаз», «Қазгермұнай», «Интергаз Орталық Азия», «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз», «Ақтөбемұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз», «Кен-Құрылыс Сервис», «Самек Интернешнл», «Сағыз Петролиум Компани», «ҚоЖан», «Фирма Ада Ойл», «Амангелді Газ», «Көлжан», «АқтөбеТЭЦ», «Алматы ТЭЦ» сынды компаниялар тұтынуда. 

Өндіріс кешеніне бас сұққанымызда, темірдей тәртіп пен мұнтаздай тазалық көзге ұрып тұрды. Түрлі өндірістік жасақтардан бөлек мұнда сапаны қадағалау қызметі жұмыс істейді. Осының арқасында шығарған өнімдеріне 20 ай мерзімге кепілдік бере алады. Сапа бақылау жүйесі әуелі қондырғы жасауға қажет деп сырттан әкелінген материал мен құрамдас бөлшектердің талапқа сәйкестігін бақылаудан өткізеді. Бұдан кейін дәнекерленген бұйымдардың беріктігін ультрадыбыстық, капиллярлық және магнит-ұнтақтық ақаукөргіштермен сынайды. Бұдан кейін жабдық бөлшектерінің бір-біріне бекітілу жолдары мен ұсынылатын тауардың толық сапасы сыналады. Осыдан кейін ғана өнім тапсырыс иесіне жол тартады. 

Зауыттың өндіріс жөніндегі директоры Қайрат Малғаждаров әуелде зауыт орнында ғимарат қаңқасы ғана болғанын айтады. Кеңес заманында бұл жерге темір-бетон комбинатын салмақ болған екен. Аяқсыз қалған құрылыс тек 2012 жылы жалғасып, кореялық қондырғылар орнатылады. Қондырғы кореялық болғанымен, өндіріс технологиясын зауыттың білікті мамандары өздері жетілдіріпті. Кәсіпорын құрылған тұста мемлекет тарапынан қолдау ретінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 18 пайыздық несиенің 10 пайызын үш жыл көлемінде өтеп беру көзделген. Мұндағы негізгі материал – болат құйындылары. Ол көрші Ресейден алынады. Қ.Малғаждаровтың айтуынша, елімізде сапалы құйынды өндіретін ошақ қалмаған. Сондықтан импортқа жүгінуге тура келген. Сырттан қабылданған материалдың сапасы тексерілгеннен кейін тиісінше термоөңдеу пештеріне немесе жону станоктарына жөнелтіледі. 

Тазалық пен тәртіп – сапа кепілі

Зауытта 75 адам жұмыс істейді. Ал тікелей өндіріске тартылған мамандардың тең жартысы жастардан құралған. Сондай жас маманның бірі – Ерасыл Сапарбеков. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ түлегі мұнда 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жону станогын қолында ойнататын жас шебердің алдынан тазартылмаған бөлшектердің бәрі өтеді. Ерасыл оларды тазартып қана қоймай, кейбірін бұрғылап, қажетті тесіктерін салады. Станокқа электронды есептеуіш қойылмайтындықтан барлық өлшемдерді Ерасыл циркуль, трансформатор сынды қарапайым құралдармен түсіреді. Жас маманнан зауыттағы тазалықтың құпиясын да сұрадық.

-Студент кезімізде талай өндіріс ошақтарының жұмысымен танысқан кезде тазалық сақтала бермейтінін байқайтынбыз. Зауыт жұмысшылары қымбат бағаға жаңадан сатып әкелген қондырғыларды мақтанышпен көрсететін. Сол кезде әлгі қондырғылардың аз ғана уақыт ішінде май мен шаң басып шыға келгенін көріп таңғалатынбыз. Оның бәрі тәртіпке байланысты екен. Мұнда келісімен тәлімгерлер бізді қатаң тәртіпке үйретті. Күн сайын жұмыс аяқталуына 15 минут қалғанда қондырғылардың бәрі жаппай өшіріледі. Әркім қолына шүберек алып, өзіне тиесілі қондырғыны күні бойғы шаң мен майдан, өндіріс қалдықтарынан тазартады. Басшылық бізге «Өз келбетің қалай болса, станогың да солай болуы керек» деген талап қойған, - дейді Ерасыл.

Қазіргі таңда қара алтынға деген сұраныстың қысқаруына байланысты мұнай зауыттары күрделі құрылыстар мен жөндеу шығындарын мейлінше азайтуға көшкен. Бұл өз кезегінде Өскемен өнеркәсіп арматурасы зауытының өнімдеріне деген сұраныстың да азаюына әкеп соқтыруда. Зауыттың бас директоры Ержан Әшімов бірнеше мұнай компаниясы бұрын жасалған ұзақмерзімді келісімдерді жойғанын айтады. Алайда, осыған бола жұмыс орны мен еңбекақыны қысқартуға жол жоқ. Өйткені, облыс басшылығы мен компания арасында тиісті меморандум бар. Бүгінде компания басшылығы өндіріс ауқымын кеңейтудің екі бірдей жолын қарастыруда. Оның бірі – Қазақстанда жұмыс істеп тұрған шетелдік мұнай компанияларының нарығына ену. Сол үшін зауыт американдық ІРІ сертфикатын ресімдеуде. Екі жыл бойы ресімделетін бұл құжат үшін компания 1,5 жылда 75 млн. теңге шығындапты. 

Компания тынысын кеңейтудің тағы бір жолы – зауыттың өндіріс бағытын әртараптандыру. Бұл бағытта Данияның Broen Ballomax компаниясымен бірлескен кәсіпорын құру жоспарлануда. Біздегі лизингтік институттардың несие мөлшерлемесі 7,5 пайыздан 18 пайызға дейін жететін болғандықтан, Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты даниялық компаниядан инвестиция тартуды жөн деп тауыпты. Бұл инвестицияға әлемде көшбасшы саналатын даниялық технологияны тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына енгізбекші. 

-Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасында да бұл бағытқа үлкен көңіл бөлінген. Сондықтан біз өндірісімізді осы коммуналдық салаға бұрып отырмыз, - дейді зауыттың бас директоры Е.Әшімов.

Есімжан Нақтыбайұлы, "Дидар" газеті