04 жел, 2018 сағат 08:28

Мүмкіндігі шектеулі жандар мәселесі басты назарда болуы керек

Халықаралық деңгейде мүмкіндігі шектеулі адамдар құқығын қорғауға байланысты БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 2006 жылы 13 желтоқсанда «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясын» қабылдаған болатын. Бұл конвенция 2008 жылы 3 мамырда өз күшіне енді.

Осы конвенциямен бірге  оның «Факультативті протоколы» да жүзеге асырылды. Конвенцияда мүмкіндігі шектеулі әйелдер мен балалар туралы: «Қатысушы  мемлекеттер мүгедек әйелдердің және мүгедек қыздардың дискриминацияға (кемсітушілік) көп ұшырайтынын мойындап,  осыған байланысты олардың барлық адами құқықтары мен негізгі бостандықтарын толық және тең іске асыруын қамтамасыз ету шараларын қабылдау» керектігін тілге тиек етілген болатын. Осы 2008 жылы мамырда қолға алынған конвенция негізінде Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы мен Дүниежүзілік Банк топтарының бастамасымен инновациялық саясат пен бағдарламаларды жүзеге асырудағы тәжірибелер арқылы мүгедектер өмірін жақсарту мақсатында 2011 жылы «Дүниежүзілік мүгедектер туралы есеп» шығарылды.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының экс-директоры Маргарет Чен бұл баяндама тұрғысында «мүгедектер қызығушылығын арттыру үшін әлеуметтік қолдау, реабилитациялық дамыту, мемлекеттік стандарттарға сәйкес актілерді қабылдау керектігін, яғни осы бағдарламаға жоғарғы Үкіметтен бастап, мүгедектерге арналған ұйымдар, қайырымдылық қорлары өз үлестерін қосуға тиісті екенін» жеткізген. Халықаралық келісім – мүгедектердің құқығы мен дамуы турасындағы түсінікті нығайтуға себеп болды.

2015 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбек етуін, білім алуын, қоғамның толыққанды мүшесі болуын қамтамасыз етуге бағытталған «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заңға қол қойды. Бұл құжатта әлеуметтік қолдауға мұқтаж мүмкіндігі шектеулі әйелдер мен балаларға баса назар аударылып, олардың құқығын қорғауға ерекше көңіл бөлінді.

Азаматтық Қоғамды Дамыту Қауымдастығының (АРГО) өткізген сауалнамасы бойынша өткен жылы Қазақстанда 630 мыңдай мүгедек тіркелген.

Олардың ішінде Алматы қаласында тұратын 40 мыңдай мүмкіндігі шектеулі жандардың 3,5 мыңы жұмыс жасайды, ал 25 мыңы еңбекке жарамды, жоғары білімді, кәсіби квалификациясы болса да, жұмыссыз екендігін көрсеткен. Осы турасында бірнеше пікірді негізге алдық.

Пархат Юсупджанов, "Жігер" мүмкіндігі шектеулі адамдардың жастар ұйымы" қоғамдық бірлестігінің президенті:       

«Мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбек етуі туралы айтар болсақ, мемлекетімізде бекітілген заң ережелерін есімізге аламыз. Жұмыс берушілердің келісіміне сәйкес мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орнынан квота беріледі. Квота – жұмыс орнының санына қарай 2%-дан - 4%-ға дейінгі мөлшерде  жергілікті атқарушы органдар көмегімен беріледі. І және ІІ топтағы мүгедектерге квота берілмейді. Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарға ІІІ топтағы мүгедектерді жұмысқа алу тиімдірек, себебі олар көп аспектіде еңбек етуге жарамды. Осыдан барып мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында дискриминация (кемсітушілік) пайда болады. Мысалы, АҚШ елдерінде көзінен мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттік мекемелерде орнатылған газдалған және газдалмаған суларға арналған автоматты құрылғыны басқару құқығы берілген. Бұны «позитивті дискриминация» деп атасақ болады. Өкінішке орай, біздің мемлекетімізде мұндай артықшылықтар жоқ.

Әли Аманбаев, Қазақстан мүгедектері ұйымдарының Одағының төрағасы: 

Менің ойымша, бізде арнайы орындау тәртібін нығайту керек. Мысалы, республикалық маңызы бар қалаларда барлығы өз деңгейінде орындалса, кейбір аймақтарда әлі шешілмеген түйін ретінде қалып отырғаны да рас. Жұмыспен қамту туралы айтсақ, бізде салынған, салынып жатқан заводтар, үйлер көп. Қалалық жердегі мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қазіргі таңда жағдайлар жасалуда. Бірақ біз әлі түсінудің медициналық үлгісінен арылмай келеміз, яғни мүгедекті – ауру ретінде қабылдау. Біз оларға материалдық жағынан өзіміз көмектесіп қана қоймай, Батыс елдеріндегі сияқты олардың өздеріне материалдық дүниесін табуға мүмкіндік жасауымыз қажет.

Аманбике Ерғалиева, «Үміт» есту қабілетінен айырылған мүгедектерді қолдау орталығы» қоғамдық қорының директоры:

Бала кезінен есту қабілетінен айырылған балаларды ІІІ группаға жатқызамыз. Арнайы мамандандырылған балабақшаларда мектепке дейінгі дайындықтан өткеннен кейін мамандандырылған мектепте оқиды. Есту кемістігі бар балалардың сөздік қоры да шамалы, жазу сауаттылығы да төмендеу және мәтінді түсіну деңгейі де ақырын дамиды. Қазір Қазақстанда есту қабілетінен айырылған және есту кемістігі бар балаларға арналған 24 мамандандырылған мектеп-интернаты бар, ол жерлерде 150-ден 300 балаға дейін білім алады. Бұл білімнен кейін жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік алады. Кейбір қалалардың жоғары оқу орындарында есту қабілеті төмен балалар үшін гранттар әлі бөлінбеген және университеттерде сурдоаудармашылар жоқтың қасы. Осы олқылықтың көп ұзамай шешілетініне үмітім зор.

Әлеуметтанушылардың 2017 жылғы қорытынды есебі бойынша, әлемде миллиардтан аса адам мүгедектіктен зардап шегеді, бұл – жер бетіндегі халықтардың 15%-ын құрайды. 1970 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген зерттеу кезінде есеп көрсеткіші 10%-ды көрсеткен еді. Осыған қарап мүмкіншілігі шектеулі жандардың саны артқандығын байқаймыз. Оларды тұтас әлемнен бөліп-жарып қараудың еш жөні жоқ. Өмір сырын бізден терең түсінетін, мүмкіншілігінің шектеулілігіне қарамастан алға қадам басатын жандардан біздің үйренеріміз, үлгі алар тұстарымыз көп.