16 қар, 2018 сағат 15:04

Мұхтархан Ділдәбеков көкпардан ұлттық құраманы алға жетелеуге уәде берді

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Көкпар» федерациясының президенті Мұхтархан Ділдәбековты қабылдап, кездесу барысында көкпардың келешегі, алдағы жарыстарға дайындық мәселесін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы Жолдауында тапсырғандай, қазіргі кезде бұқаралық спорт түрлеріне, оның ішінде ұлттық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Соның аясында, әрине, біздің алға қойған мақсаттырымыз бар. Өзіңіз білетіндей, «Көкпар» федерациясының басшылығына Мұхтархан Ділдәбековты шақырып отырмыз. Мұхтархан бокстың алдында көкпар ойнаған. Көкпардан боксқа келіп, аз ғана уақыт ішінде Сидней Олимпиадасында күміс жүлдегер болды. Осы қауымдастықты басқаруға келіп отырған Мұхтарханға көп-көп рахмет айтамыз», - деді министр.

Арыстанбек Мұхамедиұлы өз сөзінде Аст

анада ЮНЕСКО-ның шешімімен Ұлттық спорт түрлерінен Олимпиада өтетінін атап өтті.

«Соңғы кезде көкпардың айналасында келеңсіз жағдайлар болғанын білесіздер. Оны да түзетуіміз керек. Сол себептен өзіміз өтініш білдіріп, Мұхтархан Ділдәбековке ұсыныс жасаған едік. Қазіргі кезде ұлттық спортты ары қарай дамыту үшін Астанада бірінші рет республикалық ұлттық спортты дамыту орталығын құрдық. Әуежайға бара жатқан жолдағы «Қазанатты» жандандырдық, онда орталық жұмыс істеп тұр. Көкпардан ол жерде Әлем чемпионатын өткіздік. Одан басқа, ЭКСПО аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткіздік. Ендігі кезекте Астанада Ұлттық спорт түрлерінен өтетін Олимпиадаға дайындалып жатырмыз», - деді министр.

Өз кезегінде «Көкпар» федерациясының президенті Мұхтархан Ділдәбеков сенім артып, ұлттық қауымдастық президенттігіне сайлағандықтан, үмітті ақтауға тырысатынын айтып өтті.

«Бала кезден көкпар тартып, кейін облыс орталығы Шымкентке келіп бокстастық. Осы 7-8 жылдың ішінде бокс мектебінде жұмыс істеп келе жатырмын. Сонымен бірге, көкпарды да игереміз деген үміттеміз. Көкпаршыға ойын кезінде жан-жақты мықтылық керек. Өзіңіздің қолдауыңызбен көкпарды көтеріп, 2020 жылғы Ұлттық олимпиадада жақсы нәтиже көрсетеміз деген ниеттеміз», - деді Мұхтархан Ділдәбеков министрге.

Сонымен бірге, Мұхтархан Ділдәбеков келесі Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына дайындық мықты болатынына уәде берді.


«Бұл жақта да үлкен жарыстар болып, екінші, үшінші нөмірлі спортшылар барып (Қырғызстанға), жақсы көрсеткішке қол жеткізе алмады. Келесі жолы жақсы балуандар барады. Болмаса, өзім шығам», - деп әзілмен аяқтады сөзін Мұхтархан Ділдәбеков.

Еске сала кетсек, республикалық «Көкпар» федерациясының президенті болып Мұхтархан Ділдабеков тағайындалғанын хабарлаған болатынбыз. Даңқты боксшы Мұхтархан Ділдәбеков есімі спортсүйер қауымға жақсы таныс. Екі Олимпиада ойындарында бақ сынаған, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, ХІІ Азия ойындарының жеңімпазы, ХІV Азия ойындарының күміс жүлдегері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған атақты боксшы Мұхтархан Ділдәбеков 1976 жылы Түркістан облысы Мақтарал ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Білімі жоғары. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ - түрік университетін тәмамдаған. «Парасат» орденінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы.