20 сәу, 2017 сағат 09:08

Мұхтар Тайжан. Уахабизм - ұлтымызды жоюға апаратын жол

Мəселе сақал мен хиджабта емес əрине, мəселе - уахабизмде. Иман жүректе болу керек, сақал мен шалбарда емес. Ал уахабизм қазақ ұлттық құндалықтарын мойындамайды. Уахабтарда "ұлт" деген ұғым да жоқ. Қазір жастардың арасында бір жағынан "орыстандыру", басқа жағынан "арабтандыру" үрдісі жүріп жатыр. Екеуіне де жол бермеуіміз керек.

Қазақ халқы ислам дінімен қазір ғана танысып отырған жоқ, бірнеше ғасыр исламда жүрген халықпыз. әл-Фараби, Қожа Ахмет Иссауи, Бұқар жырау, Пір Бекет, Абай, Шəкəрім, Мəшһүр Жүсіп бабаларымызды барша əлемнің мұсылман жамағаты мойындап отыр.

Қазақта əкелері тірі жігіттер сақалды қоймайтын. Ал қазір жап-жас жігіттер сақалды өсіріп мəз боп жүреді. Сақалды қою үшін қара тер төгіп еңбек атқару қажет емес. Жіберсең, өзі өседі. Сондықтан сақал қою - қысқа шалбармен жүру жас жігіт үшін ешқандай жетістік емес. Ал қара сақал жасқа келгенде, сақал жібересіңдер ме, жоқ па - өздерің білетін боласыңдар.

Адамның иманы жүректе, істері - адал, таза болуы керек. Ал ата-бабадан қалған ұлттық салт дəстүрлерімізге, қазақы ұлттық құндылықтарымызға қарсы шығу - ол қиянат. Ол ұлтымызды жоюға апаратын жол. Бұны жастар ұғып, қазаққа жат секталардан аулақ жүру керек.

Мұхтар Тайжанның фэйсбуктағы жазбасынан