17 шіл, 2019 сағат 18:15

Мұхтар Тайжан: "Кеңестің жұмысында ешқандай шеңбер жоқ"

Ұлттық қоғамдық кеңестің мүшесі Мұхтар Тайжан ұйымға кірудегі өзінің мақсаттарын айтты, деп хабарлайды "ҚазАқпарат".

Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан Ұлттық қоғамдық кеңес шынайы диалог алаңына айналады деген пікір білдірді.

«Өз басым бұрыннан айтып келе жатырмын. Билік пен қоғам арасында диалог құратын жүйе болу керек. Сондықтан, биліктің нақты осы қадамын қолдаймын. Мұндай тұрақты түрде жұмыс істейтін жиын бәрімізге қажетті деп білемін. Біздің Қазақстанымыз болашақта өркениетті, құқықтық, демократиялық, шынайы нарықтық мемлекетке айналуы керек. Бұл кеңеске кірудегі өзімнің мақсатым осы. Біз келешек ұрпаққа өте өркениетті мемлекетті қалдырып кетуіміз қажет. Осы кеңес сол басты мақсатымызға нақты қадам болады деп үміттенемін. Сондықтан өз басым кеңестің жұмысына атсалысуға дайынмын», - деген саясаткер кеңестің жұмысы ашық болатынына сенім білдірді.

«Біздің жұмысымыз міндетті түрде ашық болады. Өз мақсатымызды өзгертпейміз. Бірте-бірте ортақ мақсатқа жетеміз деген үміт бар. Ең бастысы, кеңестің жұмысында ешқандай шеңбер жоқ. Ел өмірін жақсартуға қатысты шаруалардың бәрін қамтитын болады.

Жұмыстың басында пессимизмнен аулақпын. Жұмысты бастайық алдымен, жарты жылда түк нәтиже болмаса, сынның жөні болады. Ал қазір жұмыс бастамай жатып оның қорытындысын алдын ала шығару әбден ерте», - деді Мұхтар Тайжан.