26 қаң, 2017 сағат 12:27

Мұхтар Тайжан: Елдің мәселесі өзіміздің табандылығымызға тәуелді

Қарасам, кешегі президент үндеуіне сенбеушілік бар, пессимизм басым. Дұрыс, әрине, халық жылдар бойы қанша алданды?! Бірақ осы жолы мүлде басқаша болады деп сенемін. Неге?

Себебі мұнай 120 долл/барр емес, екі жыл 50-ден кем болатын. Сыртқы қарыз деген сұмдық, білесіздер, 163 млрд долл. Ұлттық компаниялар - банкрот, банктер - банкрот, зейнетақы қоры әбден қор болды. Жемқорлық бұл жүйені тіпті алға бастырмай қойды. Апта сайын "скандал", қамау. Халық пен билік арасындағы сенім мүлде жоғалды. Олар да бұны анық көріп отыр.

Сондықтан біз кешегі үндеуді пайдаланғанымыз жөн. Демократизация деп айтылды ма? Енді істеңдер! Ең бастысы, бізге адал сайлау керек. Халыққа жақын парламент керек. Сонда ғана үкімет халыққа тиімді саясатын жүргезе бастайды.

Демократизация бола ма, жоқ па - ол да өзімізге байланысты. Әрине ешкім бізге пейішті аяқасты сыйға тартпайды. Өзіміз талап етуіміз керек. Президенттің өзі айтты ғой, демократизацияны орнатайық деп.

Неге қоғамдық кеңестер қаптап кетті? Акиматтар былай тұрсын, әр меморган өзіне бір қоғамдық кеңесін ашып қойды. Не себепті? Себебі маслихаттар - өтірік, маслихатта отырған депутаттарды халық танымайды. Шынайы маслихаттар керек екені анық.

Жергілікті әкімдерді де халық сайлау керек. Облыс, аудан әкімдері сайлану керек! Сонда ғана жергілікті жемқорлық азаяды. Әкімдер халыққа жақын болады.

Горбачев атамыз естеріңде ме? "Перестройканы" неге бастады? Себебі жүйе шыдамай, әлсіз, банкрот боп тынды. Амалы жоқтан бастады. "Перестройканы" көз бояушылықпен бастаған соң ақыры қатып қалған жабық советтік жүйені құлатты.

Қорытынды: қазір елдің мәселесі өзіміздің табандылығымызға тәуелді боп тұр. Парламентке, маслихаттарға депутаттарды, одан бөлек әкімдерді адал сайлауды талап етуіміз керек. Менің пікірім - осы.

Мұхтар Тайжанның фэйсбуктағы парақшасынан