07 жел, 2016 сағат 15:33

Мұхтар Ниязов. Жүкеңнің шешімі солай болса, менің қандай кінəм болуы мүмкін

Ең біріншіден, менің осындағы еркін пікір иелерінің ешқайсысына зəредей өкпем жоқ. Кешегі домбыраның дауына себепші болып, сіздерге қиындық тудырсам, кешірім өтінемін.

Мені діннің теріс ағымдарымен байланыстырушыларға айтарым: құрғақ сөз - дəлелге жүрмейді. Менің қысқа балағыммен жүрген суретімді, діни араздық тудыратын сөзімді басқа да секталық сипатымды көрген адам айтсын, қалған кісілердің жүйесіз сөзі иесін табар.

Айтысқа келер болсақ, ел қатарлы екі күн осы айтыс үшін тер төгіп бақтық. Билік - қазыдан болғанымен, ризық - Алладан. Айтыстың алдындағы психологиялық ауыртпашылықтарды айтыскерлер ғана сезіне алады. Егер Болатбек келіп көзіме қарап тұрып, "Маке, сенікі - əділетсіз жүлде, мен шынымен лайықтымын" десе, сөз басқа. Бұл - "Болатбек лайық емес" деген сөзім емес, тек ол жігіттің өзі де кейбір кісілер ойлағандай əділетсіздік орын алмағанын жақсы сезеді. Азаматтық парасаты биік жігіт қой. Түнде ғана хабарласып, бұл шешімге разы екенін, ол туралы арнайы пост жазатынын айтты. Біз бұған дейін де дос, бауыр болғанбыз, бұдан кейін де  сол сыйластықта қала береміз. Жиырма ақынның өз биігі бар, қазылардың кəсіби деңгейі бар. Жүкеңнің шешімі солай болып келсе, менің қандай кінəм болуы мүмкін. Сол қатысқан жиырма ақынның он бесі "Мұхтар лайықсыз алды" десе, мен де ойланып қалар едім. Өйткені айтыстың не екенін жүз пайызға біледі олар. Бұл ақталу емес, сонша ойларға қатысты өз пікірімді білдіру ғана. Барлық жүлдегер бауырларымды құттықтаймын.

Мұхтар Ниязовтың фэйсбуктағы жазбасынан