30 қар, 2017 сағат 09:53

Мұхтар Құл-Мұхаммед: Алаш арыстарындай таланттар шоғырын сол кездегі Орта Азияның бірде бір ұлты шығара алмады

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылған салтанатты қабылдау рәсімінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед өз саласында биік белестерді бағындырған талантты жастарға партиялық билеттерін тапсырды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед тәуелсіздіктің 26 жылында Қазақстан тұтас бір ғасырға жүк болатын жетістіктерге жеткенін, әлемдік қауымдастықтан ойып тұрып орын алғанын, жаһандық деңгейдегі күрмеуі қиын өзекті мәселелерді шешетін тиімді алаңға айналғанын айтып, мұның бәрі Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі екеніне назар аударды. Осыған орай партия Төрағасының Бірінші орынбасары іс-шараға қатысқан жастарды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтады.

Сондай-ақ, Мұхтар Құл-Мұхаммед жастарға өткеннен сабақ алып, халқымыздың жарқын сәттерін жадымыздан шығармаудың маңызы зор екенін айтты.

– Жиырмасыншы ғасыр басында патшалық Ресейді мекендеген түркі халықтары ішінде қазақ ұлтының өкілдері білімдарлық, қайраткерлік қабілеттерімен айрықша көзге түсті. Алашорда үкіметінің төрағасы болған Әлихан Бөкейхан Мәскеу мен Петербордағы орыс оқымыстылары мен демократиялық бағыттағы қайраткерлер арасында ерекше беделге ие болды. Орталық Азия тарихында жарияланған тұңғыш демократиялық мемлекеттік құрылым – Түркістан автономиясын да Мұхамеджан Тынышпаев пен Мұстафа Шоқай сияқты Алаш арыстары кезектесе басқарды. Тіпті бұл автономия күшпен таратылып, оның орнына дүниеге келген Түркістан Кеңестік Республикасының басшылығында да Тұрар Рысқұлов пен Нәзір Төреқұлов сияқты қазақ қайраткерлері болды. Үркердей жарқыраған дәл осындай таланттар шоғырын сол кездегі Орта Азияның бірде бір ұлты шығара алған жоқ. Әттең, репрессия зұлматы болмаса Алаш арыстары осыдан бір ғасыр бұрын-ақ қазақ халқын әлемдік өркениет биігіне шығарар еді. Бүгінгі ұрпақ осыны ұмытпауы керек. Қазақтың өткен тарихта кеткен есесін жаңа заманның талантты жастары толықтырады деп сенемін, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Айта кетейік, бүгін «Нұр Отан» партиясының мүшесі атанған таланттар қатарында белгілі әншілер: Төреғали Төреәлі мен Ерке Есмахан, ауыр атлетикадан Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Карина Горичева, кәсіпқой бокста ел намысын абыроймен қорғап жүрген Жанат Жақиянов сияқты танымал жастар бар.