#
#
Сейсенбі 25/09/2018

Мұхтар Қожа: Киелі дәстүрдің сақталуы саяси тұрақтылыққа тәуелді

  • 22.02.2018
  • 0
  • 6716

Ұлт порталы назарларыңызға белгілі журналист Санжар Керімбайдың тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Қожамен сұхбатын ұсынады.

– Мұхтар аға, дербес мемлекет болудың бір белгісі пантеон ұстау. Кейде бір державаның да символы сияқты әсер етеді. Бізде керісінше Қазақ хандығы әлсіреген тұста Түркістанды пантеонға айналдырды. Әзірет Сұлтан кесенесіне қай кезден бастап тұлғалар жерлене бастады?

– Яссауи дүние салған соң ХІІ ғасырдан бастап жанына шәкірттері жерлене бастаған. Әрине, бұл Құрандағы шарапат ұғымынан шығады. «Пірімнің табанында жатсам ақиретім оң болады» немесе «ол жақта да пірдің қызметінде боламын», «әулиенің шапағаты тиеді» деген сенім. Сондықтан Яссауи сияқты ірі тұлғаның кесенесі пантеонға айналуы табиғи құбылыс. Бұл түсінікке көне түркінің батыр, бек, абыз, қағандарын ұлықтап, алтынға орап көметін дәстүрін қосыңыз. Ислам «шаранамен туып, бөз оранып өтесің» деген философияны сіңірді. Осылайша марқұмдар сауыт-саймансыз, ат-әбзелсіз, алтын-күміссіз, қару-жарақсыз жерленді. Бұл жерде бір нәрсе ғана бар. Жерленген тұлға өлдіге есеп емес. Олармен байланыс болады деп сену. Бұл исламдағы аян, илһам деген ұғымдармен астасып кетті. Оны хикметтен-ақ көреміз. Пайғамбар миғражда Яссауидің рухын көріп сөйлесе береді. Бұл мәңгі өлмейтін адам жанының бір символы іспеттес. Сондықтан, Ұлы Далада қайраткер тұлғаны ұлықтау өлген соң да жалғаса берді. 

– Мынаны айтыңызшы, бұл пәлен жерде осындай да осындай хан жерленді деген тарихи деректер сақталған ба?

– Санаулы, өкінішке орай, аз ғана мәлімет бар. Жазба деректерде мәліметтер шашыраңқы. Түркістандағы көптеген құлпытастар жоғалған. Күтім болмаған, біразының жазуы өшкен. Себебі, өзің білесің, Түркістан қаласы тарихта шайбани, қазақ хандығы, жоңғар, беріде Қоқан, Бұқара хандары, Ресей патшалығының қол астында болды. Кешегі большевиктер тұсында да тонауға түсті. Ел аузында Яссауи кесенесінің кітапханасын вагонға тиеп алып кеткен деген де әңгіме бар. Сондықтан ондай құжаттың жойылып кетуі де немесе бір архивте шаң басып жатуы да кәдік. Мысалы, Әзірет Сұлтанның еңбектері Ираннан, Өзбекстаннан табылып жатыр емес пе? Кесенеде жерленген тұлғалар жайлы деректер де табылып қалуы мүмкін. Әзірше, Кесенеде сақталған құлпытастарға, ел аузындағы аңыздарға, насабнамада келетін мәліметтерге, көне көз саяхатшы, зерттеушілердің жазбаларына қарап біраз тұлға анықталды.

– Мысалы...

– Мысалы, Кесененің сыртқы солтүстік-шығыс қабырғасында Илияс хан ойығы деп аталатын орын бар. Әмір Темір тағайындағын құрылысшылар Яссауи кесенесін салып жатқанда жоба бойынша ғимараттың сыртқы қабырғасы Ілиясхан моласының үстінен өтуі тиіс. Сол кезде Әмір Темірдің нұсқаумен моланы қиратпай, қабырға орнына ойық жасалған. Оны бір жазбаларда Ілияс хан немесе Кукрас хан ойығы деп атайды. Соған қарап «бұл жерде Кесене салынбай тұрып, Яссауидің ескі мазарының жанына Ілияс хан жерленген екен» деп тұжырым жасайсың. Бұл Отырар билеушісі Ілияс хан болуы мүмкін. Себебі кесенеге алғаш қарахандық хандар жерленіп бастаған. Кесенеде «Жолбарыс хан дәлізі» деген бөлме бар. Әзірет Сұлтан қабіріне перпендикуляр жатыр. Аңызда Жолбарыс ханды Яссауидің замандасы деп атайды. Бір елдің әміршісі болған дейді. Әулиенің кереметін көріп, мүриді болыпты. Бұл да сол замандағы билеушілердің біреуі болуы мүмкін. 

– Оны Ұлы жүздің ханы Жолбарыс деп атайтындар бар емес пе?

– Иә, ондай да пікір бар. Кейбір зерттеушілер 18 ғасырдағы Ұлы жүз ханы Жолбарыс деп есептейді. М.Массонның 1930 жылдары жазып алған аңызына қарағанда Баба Самит Жолбарыс хан Яссауи заманында өмір сүрген. Ал М.Массон кейінгі 60-шы жылдардағы мақаласында Ұлы жүздің Жолбарыс ханы деп көрсетеді. Өкінішке орай, 90-жылдардағы реставрация кезінде қазып алынған Жолбарыс ханның мәйіті сол кездегі «Әзірет Сұлтан» музейі директорыныңнадандығынан ба, қасастығынан ба, біз жоқта басқа сүйектермен қоса араласып ортақ молаға көміліп кетті. Біздің жүргізе бастаған антропологиялық зерттеуіміз аяқталмай қалды. Сараптама жасау мүмкіндігінен айырылып қалдық. Енді Жолбарыс ханның қай дәуір тұлғасы екенін дәл анықтау мүмкін емес. Кейбір алынған антропологиялық анықтамаларға қарап және кейбір мәліметтерге сүйене отырып, оны Яссауидің замандасы деген ойға келдім. 

– Бір кездері тарихшылардың Абылай ханның жерленген орны жайлы пікірі екіге жарылды. Бірі Абылайды сонда жерленді десе, екінші бірі жоқ деді. Сіз сол кезде зерттеу жасап, соны анықтадыңыз. Сол жайлы бір айтып өтсеңіз. 

– Ғылыми сараптамалық жұмысты атқаруға бірнеше зерттеуші қатысты. Мен археолог пен тарихшыға тиесілі жұмысты атқардым. Зерттеу жұмысына басшылықты Қазақстанда анторопология ғылымының негізін салған атақты ғалым Оразақ Смағұлов жасады. Бұл зерттеу ғылымның түрлі саласын түйістірген ізденіс болды. Жиырма жылдай жүргізген зерттеудің барысы мен түйіні, дәлелдері мен айғақтарын монографиялық кітапта кеңінен баяндадық.

Абылай хан қабірінанықтаудың өзі күрделі жұмыс. Оңай шешілмейтін түйін еді. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, бізді дауға қалдырған Сүйініш қожаның көк тасы. Екіншіден зерттеу жұмысының басы-қасында болмаған, арнайы тарихи білімі жоқ кей жазушылардың өзін білгіш етіп көрсетуінен, араласуынан туды. Зиялы қауым кімге сенерін білмей қалды. Бірде бір деректе кей жазушы айтқандай «кесене сыртында жерленіпті» деген мәлімет жоқ. Бізге қарсы келген жазушы бізді терістеу үшін мәліметтерді бұрмалауға дейін барды...

– Ханның қабіріне қатысты Сіздер қандай түйін жасадыңыздар?

- Оқиға тарихи мәліметке сүйенсек былай өрбіген. Абылай хан қайтыс болғанда оны Әзірет Сұлтанның оң жағына арулап, жерлейді. Ол қым-қуыт, аласапыран кезең ғой. Мұхамеджан Тынышбаевтың зерттеуінде мынадай мәлімет бар. Ханға құлпытас қоюға ұрпақтары Түркістандағы бір қожаларға 40 ту бие беріп «ханның басына құлпытас әкеліп орнатыңдар» деп тапсырады. Қожалар әдемі, жарқыраған құлпытас әкеліп орнатады. Оны кейін жұрт Абылай ханның айна тасы деп атап кетеді. Сөйтсе қожалар Ташкентте қараусыз жатқан Сүйенішқожа ханның мазарындағы көк тасын әкеліп, мүмкін ұрлап алды ма, не арзанға сатып әкелді ме - белгісіз, орната салған. Тастағы күрделі стильмен жазылған мәтінге көпшіліктің тісі батпаған. Себебі 17-18 ғасырларда Жоңғариямен, Цин империясымен, басқа да көрші елдермен болған соғыс қаншама қазақ қырылды. Ішінде сауаттылары да кетті. Қазақ хандығының қалалары қиратылды, білім-ғылым саласы үлкен соққы алды. Сауатты адамдар саусақпен санарлық қалды. Сондықтан былайғы жұрт көк тастағы жазуды оқи алмаған. Абылай хан қабірінің орнын білген.Оның үстіне қойылған құлпытасты «Абылайдың тасы» деп атап кеткен. Кейін орыс зерттеушілері «Қабірді жұрт Абылай хандікі дейді. ҚұлпытастаСүйенішқожа ханның аты жазылған» деп елден естіп білгенін қағазға түсіріп қалдырып кетеді. 

1993 жылы Түркия Яссауи кесенесіне реставрация жасайды. Олар кесене ішінде жерленген марқұмдардың сүйегін ақтарып тастады. Жұмысты Түркия жағы атқарғанмен, жалпы басшылықты советтік дәуірде тәрбие алған Қазақстан реставраторлары басқарды. Олар қазақ тарихы үшін Яссауи кесенесіндегі әрбір қабір ат басындай алтынға бағаланатын дерек екенін сезінбеді. Тек сол мекемеде істейтін Марат Мырзабаев деген археологтың екі қабірді тұтас алып шығуға мүмкіндігі болды. Ол айнатасты көтеріп астында жатқан Абылайдың қабірін тұтас қазып алған. Реставраторлар да, археологтар да құлпытас астында Абылай хан жатыр деп ойламаған. Себебі жоғарыда айтқандай құлпытас жазуында «Сүйенішқожа хан жерленген» деп көрсетілген. 

– Сіз де білмедіңіз бе, басында?

– Олкезде Абылай хан жайлы мәліметтерді жинап саралап жүргенмін.Құлпытас астында атақты ханымыз жатқанын жобаладым. Ғылыми дәлелдеу үшін, тексеру керек болды. Құлпытас астындағы мәйіт монолитпен алынып, сол қалпы сақтаулы тұрғанын көріп Алматыдағы ұстазым антрополог Оразақ ағаға хабар бердім. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті басшылығы қолдау көрсетті. Археология кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к. Зияддин Исабеков зерттеуді ұйымдастыру жағына көмектесті. 

– Сонда түріктер реставрация жасағанда оларға жөн сілтеп, бағыт-бағдар беріп отыратын этнограф, архитектор, археолог, тарихшылар болмағаны ма?

– Меніңше, реставрация ерте басталды. Себебі қазақ ғалымдарының санасы СССР-дың идеологиясынан айықпаған кезі еді. СССР-ге берілген коммунистер Одақтың құлағанын қабылдай алмай, ес жия алмай жүрген. Ал ұлтшылдар эйфорияда жүрді. Ең бастысы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі реставрация жұмысынакөп жыл жетекшілік жасаған академик Баян Тұяқбаеваның тарихи деректерді талдамай, зерделемей қазақ хандары кесене сыртында жерленген, ішкі жағындақабірі жоқ деген тұжырымы негіз болды. Реставрация барысында бөлмелердің едендерін ойланбай қопарып тастауға мүмкіншілік берді. 

– Сіз ол кезде қайда едіңіз?

–Шәуілдірде Отырар музейінде археология бөлімінің меңгерушісі едім. Кесенеге барсам бөлмелер іші қопарылып тасталған. Шошып кеттім. «Абылай ханның да сүйегі араласып кетті ме» деп қорықтым. Алайда Құдай оңдап, қабірін М.Мырзабаев монолит тәсілімен алыпты. Содан мүрдені зерттеуге көштік. Сүйек антропологиялық тұрғыдан зерттеліп, ерекшеліктері анықталды. Антропологиялық анықтама жазба деректердегі Абылай ханның жасы, ауруы, жарақат орындары жайлымәліметтеп салыстырылды. Барлығы сәйкес келді. 

– Мысалы...

– Абылай хан қартайғанда парадонтозбен ауырды деген мәлімет бар. Жақ сүйекте оның белгілері анық байқалды. 1756 жылы қытайлармен болған соғыста Абылай сұлтанның аяғы жараланғаны айтылады. Оны орысша бір дерек толықтырып «...сам он, султан в ледвею копьем ранен так сильно ранен, что от того и по отъезду их ходить не мог и в крайней слабости здоровья своего остался» депті. Абылай ханның осы сүйегінде расымен жарақат белгісі анық байқалды.Абылайдың қабір орны жөнінде біртоп мәлімет таптық. Барлығы кесене ішінде болғанын көрсетеді. Орыс географиялық қоғамының 1882 жылғы мәліметінде Н.Балкашиннің қазақ елінде жүргізген ғылыми зерттеулеріне баға берген рецензияда «В Туркестанской мечети Азрет-Султана, над могилой знаменитого киргизского хана Средней Орды Абылая, умершего 1781 г., поставлен мраморный надгробный камень, привезенный с другого кладбища и принадлежавший могиле Суюнч-ходжа-хана ...» деген дерек бар. 

– Ал, Сүйініш қожаның құлпытасын ұрлап әкеліп орнатқан деген деректі қайдан алдыңыз?

– Оны Мұхамеджан Тынышбаев жазады. 

– Жаңа Н. Балакшиннің еңбегінде Абылай ханды Әзірет Сұлтанның кесенесіне салтанатпен жерледі депті. Жалпы кесенедегі жерлеу рәсімін толық баяндайтын деректер бар ма? 

– Әр жерде үзім-үзім дерек ғана кездеседі. Мысалы, 1887 жылы «Туркестанская туземная газетаның» №10 санында шағатайша мынадай дерек жазылған: «...Абылай хан дүние фәниден, дүние бақиға сапар қылады... үш йуздің баласы Ханды қай йерге ... қоямыз деп маслихаттасып, ақыры Хазирет сұлтанның ишине қоймаққа иттифақ (келісім) қылып, Арыс бойынан үш жүздің баласы кезек-кезек жаяу көтеріп алып барып Түркістанға ... қояды». Осындай әр жерде айтылатын деректер ғана сақталған. Мәшһүр-Жүсіп қалдырған бір аңыз бар. «Абылай ханның түсі және өлімі» деп аталады. Сонда Абылай түс көріп Бұқар жырауға жорытады. Жырау түсін жорған соң: «мен білгенімді айтсам күн көзі, жер жүзіндегі әулиелер жиналып «Абылай өлді, соның жаназасына Түркістанға бара жатырмыз» деп құмдай жиылып жүр» дейді. Осы аңыз сол дәуірдің айнасы сияқты. Яғни «ақыретте әулиенің шапағаты болады» деген сеніммен бірге Түркістанда жерленген тұлғаның жаназасына әулие-машайықтар қатысады деген бейсаналы түсінік жатыр. Ханға «талқаның таусылуға тақау. Алладан бұйрық келсе бір күнде тұрмайсың. Бүкіл әулиенің әруағы Әзіреттің басына жиналып жатыр. Қамдан» деп мәңгілік тыныстайтын мекені әулиенің қасы екенін меңзейді. «Хазіретті Сұлтанға алып келіп, ақ күмбездің ішіне бір бөлмесіне қойып,тасын үстіне орнатты» деп жазады Мәшһүр-Жүсіп.

– Иә, дұрыс айтасыз. Көрінген жерге жерлемеген ғой. 

– Бір қызығы, шетелдік саяхатшылар да мұны мойындаған. Бәрі бір ауыздан Әзірет Сұлтан кесенесінің ортағасырда күллі түркі элитасының пантеонына айналғанын меңзейді. Қожа Ахмет Яссауи ғимаратында небір әйгілі хандар мен ханымдар жерленген дейді атақты шығыстанушы академик В.Бартольд. 1894 жылы Әбубәкір Диваев кесенедегі жазуларды көшіртіп, шығыстанушы П.Ахмеровке жіберген хатында «в мечети погребены кроме самого Ходжи Ахмеда Ясави и мусулманские царственные особы. При входе в мечеть, или скорее в усыпальницу великих людей Востока ...» дейді. Кесененің бір есігінде мынадай жазу бар екен: «Дверь великих людей есть рудник счастья. Любовь великих людей есть ключ счастья». Яғни Шығыстың ұлық тұлғалары жатқанын айтады. ХVІІ ғасырда Амстердам бургомистрі Николаас Витсен «Солтүстік және Шығыс Тартария» кітабында «... қазақ жерінде отыз екі қалашық бар. Ішінде атақтысы Түркістан. Мұнда бір ғимарат бар. Аты «астана». Қабырғалары түрлі бояумен әшекейленген. Кейбір бөлігіне алтын жалатылған. Ғимараттың үстіңгі жағында екі мұнара бар. Астананың ішінде жүзден аса бөлме бар. Бір бөлмесінде биіктігі адам бойындай қазан бар. Қазанның тоғыз құлағы нақышталған ... Астанада Әзіретқожа атты әулиенің моласы бар» деп бейнелейді. Әзірет қожа деп Қожа Ахмет Яссауиді атап отырғаны түсінікті. 

«Кесенеде бұрын башқұрттармен бірлесіп сібірліктермен соғысқан Көшек хан жатыр. Оның қабірі үстінде яшмадан жасалған құлпытас қойылған» деп жазады. Түрік ғалымы Фуат Копрулузаде 1919 жылы шыққан кітабында: «Оң жақта және сол жақта қазақ билеушілерінің құлпытастары орналасқан бөлмелер бар. Бұлардың арасында әйгілі Абылай ханның бейіті бар» деп жазады. Бір сөзбен айтқанда пантеон екенін ол да жазып қалдырып кеткен...

– Тағы бір сұрақ, аға. Яссауи бабамыздың отбасы жайлы деректер бар ма?

–Бар. Насабнама нұсқаларында, одан бөлек шетелдік саяхатшылардың естеліктерінде айтылады. Олар да осы кесенеде жерленген. Әйелінің есімі Айша Қуш Тадж бибі. Баласының есімі Ибраһим. Жас кезінде қайтыс болған делінеді аңыздарда. Түркістан қаласынан Шәуілдірге бара жатқан жолда қызы Гауһардың мазары сақталған. ХІХ аяғында белгілі шығыстанушы, академик Н.Веселовский, 1930 жылы атақты археолог М.Массон Кесенеде болып «Әулие қасында оның ханымы жатқанын» хатқа түсіріп кеткен. Бірақ беріге дейін Яссауи бабамыздың жұбайының есімі белгісіз болып келген. Соңғы жылдары жария етілген бір шежіреден жұбайының есімі Айша Қуш Тадж бибі екені мәлім болды.

– Сонда Яссауи отбасымен кесенеде бірге жерленген ғой, иә?

– Иә, бұл да бір қызық, ерекше дәстүр. Тіпті ежелгі түркілік реңі бар десек те болады. Таза шариғатпен келсең кісінің қабірі мейлінше елеусіз болады. Ал көне түркілік дәстүрде марқұмның қабірін жерасты үйі етіп салады. Бейне бір отбасы мүшелері бір үйдің ішінде мәңгілік тыныс тапқандай. Оны бізде сағана деп айтады. Бұл дәстүр исламмен шарпысқанда сыртқы формасын сақтап қалды. Мысалы, Мәшһүр Жүсіпті, Бекет атаны алып қара. Екеуінің де мүрдесі ашық жатқан. Неге оларды топырақпен көміп тастамайды? Мәдениеттердің синтезі деген осы. Самарқанағы Әмір Темір мәйіті отбасы, бала-шағасымен бірге жатыр. Мұның көрінісі әлі де бар. Ауыл аймақтарда ерлі-зайыптылар бір мазарда жерленуге алдын ала дайындалады. Біреуі қайтыс болғанда қасынан жұбайына жер алып қояды. Тіпті қазақтардың қорымда ру-ру болып жерленетіні де содан шығады. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде де осы дәстүр сақталған. Бала-шағасы, шәкірттерібірге жерленеді. О дүниеде әулиенің қызметінде боламыз деп үміттенеді. Кесененің жанында Рабия Сұлтан Бегімнің көрікті кесенесінде де осы үрдіс сақталған. Рабия Бегім - «көшпелі өзбек мемлекетінің» атақты ханы Әбілқайырдың әйелі. Әйгілі Әмір Темірдің шөбересі, Ұлықбектің қызы. 1485 жылы қайтыс болған соң балалары оған арнап кесене салдырады. Ода ханшамен бірге Әбілқайырдың дүниеден жастай өткен шөберелері жерленген. Олардың аса шеберлікпен жасалған құлпытастары кесене ішінде әлі сақтаулы. Яғни бір кесенеде отбасы мүшелерімен жерленуі сол кездегі дәстүрді көрсетеді. 

– Ал «көшпелі өзбектердің» Әбілқайыр ханы онда жерленбеген бе?

– Кейбір әдебиетте Түркістанда жерленді деп айтылады. Бірақ қате пікір. Сығнақтағы Көк кесенеде жатқаны тарихи деректерде аталады. 

– Бірақ Созақта жерленіпті деген де қаңқу сөз бар ғой?

– Дұрыс айтасың. Ел арасында ондай әңгіме бар. Ортағасырлық бір деректе оның Созақта жатқаны айтылады. Өзбекәлі Жәнібек те кітабында соның бір шетін шығарып жазды. Қазақ хандығын құрған Жәнібек хан да сонда жатыр-мыс. Екі хан тірісінде соғысып еді, өлген соң бір молада қатар жатыр. Өмір татуластыра алмаған екі ханды өлім татуластырды. Дешті Қыпшақтың кең даласына сыймаған қос тарлан он шаршы құлаш жерге қатар көмілді деген аңыздар көп. Бір қызық айтайын. 

– Иә, тыңдап отырмын. 

–Бірде осы аңыздың түбін тексерейін деп Созаққа бардым. Молаларды араладым. Бірақ хандарға лайық кесене көрмедім. Ол кезде Әбілқайырдың моласы Сығанақта жатқанын білетін едім. Ал Жәнібек белгісіз еді. Мені қызықтырғаны: халықтың Әбілқайырды не үшін Созақта жатыр деп айтатыны. Мүмкін Әбілқайыр осында жерленген шығар деп те ойладым. Бірақ зерттеу жұмысым мынадай тұжырымды туғызды. Созақта ежелгі Оғыз қағанның Тау қаған деген баласының мазары болған екен. Бұрынғы көне түркі дәстүрінде ол жер киелі деп есептелген. Мүмкін қағандар, бектер жерленген де шығар. Әбілқайыр қайтыс болғанда оған арналып соғылатын мазар дайын болмай қалады. Сол кезде оны уақытша осы жерге жерлесе керек. Сығанақтағы мазар салынып біткенде балалары қайта қазып алып, сонда арулап жерлейді.

– Қызық екен. Бірінші рет естіп тұрмын. Ал Жәнібек ханның тұсында Әзірет Сұлтанға жерленуі үрдісі бәсеңдеген бе? Неге олар осында жерленбеген? 

– Киелі дәстүрдің сақталуы да саяси тұрақтылыққа тәуелді. Аттан түспейтін жаугершілік заманда кей үрдіс үзіледі. Қазақ хандығының алғашқы кезеңі не бар, не жоқ болатын алмағайып заман. Сондықтан, қилы кезеңде дүние салған хандарды Түркістаннан іздеу қиындау. Бірақ бұл дәстүрдің үзілгенін білдірмейді. Санадағы тарихи жады қолайлы сәтті күтіп тұрады. Қалай сәті туады солай тарихи тізбекті тірілтеді. Мысалы, Жәнібек немесе Керей хандар кесенеде жерленбеуі мүмкін. Қасымның тұсында мемлекет күшейеді. Қайтадан Түркістанға марқұмды жерлеу дәстүрі жанданады. Жәнібектің қызы Аманбикені 1519 жылы кесенеге жерлейді. Басына әсем құлпытас қояды. Көлемі 161х37х59 см. Шығыстанушы Ә.Диваев, Н.Ахмеровтер кесенеге келгенде құлпытасқа ерекше тоқталған. Оны қазақ ханы Жәнібектің қызы Аманбике ханымдыкі деп көрсеткен. Құлпытастың бетінде: «Бұл зираттың иесі, (күнәсі) кешірілген, «Алла тағаланың рақымы түскен, өмірдегі тірлігі алға басқан Аман бике Барақ ұлы Жәнібектің қызы. Ол шарапатты раджап айында 925 жылы дүниеден қайтты» делінген. Тастың қырларында құраннан үзінділер оймыштап жазылған. Бұл бір мәселе. Екіншіден құлпытастағы жазуға мән берсең, онда «күнәсі кешірілген», «Алланың рақымы түскен» деп келеді. Мұның өзі халықтық сенімді көрсетеді. Әулиенің жанына жерленген адамға Тәңірдің мейір-шапағаты түседі деп сенген.

– Мен түсінбеген бір нәрсе бар. Кесенеде көшпелі Әбілқайыр ханның қызы Рабия Бегім Сұлтан жерленген. Оның замандасы Жәнібек ханның қызы Аман бике де жерленіп отыр. Қарасаң Әбілқайыр мен Жәнібек хан бір-бірімен жауласып өткен тұлғалар. Қалайша балалары бір молада қатар жатыр?

–Әдетте саяхатшылар қазақ мұсылмандығын толерантты деп сипаттаған. Расымен де түркілік исламнан соны оңай көруге болады. Марқұмның тірісінде ұстанған жолына қарап бөлек көму деген қиянат жоқ. Себебі кие, қасиет, құт-береке, шарапат досқа да дұшпанға да ортақ. Осы терең философия болмағанда жауласқан тараптар көсемдерін көметін бір-бір пантеон жасап алатын еді. Бірақ оның түбі тұтас ұлыстың бөлшектенуіне әкеп соғады. Тірілер тіресіп жүргенімен өлілері бір молада жолдас боп жатады. Осының өзі ішкі рухани өзектің киелі бір орталыққа байланып тұрғанын көрседі. Одан бөлек бұл салт Яссауидің қайталанбас ұлық дәрежесін көрсетеді. Тек Әзірет Сұлтанның басына жерленсем деген құмарлық бәрінен басым тұрады. 

– Ал хан-сұлтандардан құлпытасы сақталғандары бар ма? 

–Жоқ десе де болады. Көбісі жоғалып, жойылып кеткен. Әсіресе, Совет Одағы кезінде жоғалған. Құрылыс материал ретінде пайдаланып кетті деген де әңгемелер бар. Себебі кезінде хан бейіттеріне жеке кесене-күмбездер салынған. Кесененің айналасын тегістегенде оларды жер бетінен сырып жоқ қылып жіберген. Одан бөлек құлпытастағы жазулар өшіп кеткендіктен хандардың жерленген орнын анықтау да қиын мәселе.

– Сонда құлпытасы болмаса немесе өшіп кетсе хан-сұлтанды қалай анықтайсыздар?

–Құлпытаста болмаса тарихи дерек көздерінде бар. Соған сүйенесің. Мысалы кесенеде «хижраның 990 жылы ... сұлтан...» деген жазуы ғана сақталған бір құлпытас бар. Құлпытас иесі қазіргі жыл санауымызбен 1582 жылы қайтыс болған. Ал аты-жөні белгісіз, өшіп кеткен. Енді осы кішкене деректі кеңірек баяндайтын тарихи жазба бар. Қадырғали би Қасымұлы Түркістанда Шығай ханның ұлы, халық «Ұзыноқты Ондан» атаған ержүрек сұлтан, қолбасшы жерленген дейді: «Ондан сұлтан жайлы хикаялар көп. Ержүрек батыр. Құралайды көзге атқан мерген еді. Жауға қарсы күресте көп ерлік көрсетті. Шығай хан тұсында әскердің бас қолбасшысы болды. Ол туралы тарихта белгілі. Қалмақтармен шайқаста отыз жасқа келген жігіт шағында шейіт болды. Қабірі Әзірет Сұлтанның қасында жерленді» дейді. Осыған қарап, зерттеушілер бұл құлпытас Ондан сұлтандікі болуы мүмкін деп тұжырымдайды. 

1913 жылы Міржақып Дулатов Түркістанға келеді. Қазақ ханы Есім жөнінде мынадай дерек қалдырады: «Есім хан бұл мешіттің ішінде болмаса да маңайында қойылған екен. Үстіне орнатқан белгісі бұл күнде жоғалып кетіпті» дейді. Алайда бұл қай Есім хан? Қазақ хандары ішінде бірнеше Есім хандар бар. Қолда бар мәліметтерді салыстыра келе Түркістанда 18 ғасырда билік құрған Сәмеке ханның кенже баласы Есім хан деген жорамал айтқым келеді. Оның билік құрған кезі 18 ғасырдың 50-ші жылдары мен 1798 жыл. 

Ресей мұрағаттарын сүзіп шыққан белгілі тарихшы И.В.Ерофеева Түркістанда ХVІІІ ғасырдың өзінде қазақтың атақты алты ханы жерленгенін анықтайды. Әз Тәуке хан, Жолбарыс хан, Әбілмәмбет хан, Барақ хан, Абылай хан, Әбілпейіз хан.Онан соң 1813 жылы жазылған Абд Рахим Узкандидің «Шыңғысхан рисолясы» деген қолжазба табылды. Онда Жәңгір хан, Тәуекел Мұхаммет бахадур хан, Шах Мұхаммет бахадүр (Сәмеке) хан Түркістанда жатыр делінеді. Генерал-майор С.Броневскийдің 1830 жылы қазақтар жайлы жазбасында 1748-1750 жылдары билік еткен Сығай хан да Кесенеге жерленгенін айтады.Ал кейбір зерттеушілер Кесенеде жерленген он сегіз ханның есімін де атап жүр. 

– Ал кіші жүздің Әбілқайыр ханы Түркістанға не үшін жерленбеген? 

– Кіші жүз Әбілқайыр хан дүние салғанда оны Ақтөбе облысындағы қайтыс болған жерге қойған. Ресеймен одақтас болғандықтан олар ханның басына мазар тұрғызып береміз деп уәде береді. Бірақ бұл іс созылып кетеді. Сол кезде жұбайы Бопай ханым: «Мазар салып береміз деп едіңдер созылып кетті. Егер салмайтын болсаңдар ата-бабаның дәстүрі бойынша Түркістандағы кесенеге жерлеймін» деп патшаға хат жазады. Ресей офицерлері Ақтөбедегі құмның күйдіріп кірпіш басуға жарамайтынын алға тартады. Кейін ұрпақтары ханның сүйегін қазып алып Сыр бойына әкелді деген дерек бар. 

– Дерегі толымды, жерленгені күмәнсіз тағы қандай сұлтандарды кесіп айта аласыз? 

– Кенесарының әкесі Қасым сұлтанды айтуға болады. Оны қоқандықтар алдап кездесуге шақырып, тұтқын етіп Түркістанда ұстайды. Осы жерде сырқатанып 1840 жылы қыркүйекте дүние салады. Беклербек келіп рұқсат бергенше мәйіті көмусіз бір ай жатыпты. Ақыры туысқандарының айтуымен Әзірет Сұлтан кесенесінің ішіне жерлепті. Н.Балкашин 1887 жылғы еңбегінде қазақтың біртоп атақты тұлғаларының қабірі туралы мәліметтер келтіре келе Кенесарының әпкесі Бопай ханым да Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде, әкесі Қасымның қасында жерленгенін жазады. Ал Ұлттық энциклопедияда және көптеген басқа да кітаптарда оны Ақтөбе облысында жерленген деп қате жазып жүр. Біз осы дерекке сүйеніп Бопай ханым да әкесі Қасым сұлтанмен бірге Кесенеде жерленген деп анық айта аламыз. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың бабасы Бөкей хан да осы Кесенеде тыныстап жатыр. 

– Байқағаным, Кесенеге жерленген тұлғалар жайлы орыс саяхатшылары біршама деректер қалдырған сияқты...

– Неге олай дейсің? 1873 ж. Ресей империясындағы АҚШ-тың консулы Юджин Скайлер Түркістан қаласында болып сол сапардан алған әсерлерін 1877 жылы өз елінде мынадай атпен: «Turkistan. Notes оf a Journey in Russian Turkistan, Khokand, Bukhara, and Kuldja» кітап етіп басып шығарды.

Онда Яссауи кесенесі сипатталады: «оның құрылысы 1397 жылы Темір жаңа қалыңдығы Тәуекел ханымды күткен уақытта Түркістанға зияратқа барған кезде басталды. Шейх Ахмет Яссауи Орта Азияның атақты әулиелерінің бірі. Әсіресе қазақтардың пірі. Ол Jahria деп аталатын ағымның негізін қалаушы.1120 жылы дүние салды. Кесене алып күмбезді ғимарат десе болады. Артқы бөлігінде тағы бір ерекше күмбезі бар. Оның қасбеті екі шетінен дөңгелек мұнаралары бар аркалы порталдан тұрады. Арка астында ұсақ өрнекті оюлары бар үлкен есік бар. Оның үстінде Абдулла хан жасатқан кейінгі аркалы ойық бар. Құрылыс шаршы үлгіде күйдірген кірпіштен соғылған. Екі қыры мен артқы бөлігінде бүлінген сырлы қаптама мозаика сақталған. Күмбездердің көк түсті қаптамалары көпшілігінде түсіп қалған. Куфи үлгісімен жазылған соңғы жазу ғана оқылады. ... Мешіт ортасында биік күмбезді үлкен бөлме бар. Ол мавритан ғимараттары, әсіресе Альгамбре іспетті алебастрмен нақышталған. Оң мен сол жақ бөлмелерде Орта және Кіші жүздің түрлі сұлтандары жерленген. Олардың арасында атақты Абылай ханның моласы бар. Бір бөлме мешіт қызметін атқарады. Онда тек бір мәрте аптасына жұма намаз оқылады. Ғимараттың артқы бөлігіндегі шағын күмбез астында Ахмет Яссау мен отбасының қабірханасы орналасқан».

Қытай жазбаларында да деректер бар. Мысалы, Қытай елшілеріАбылай ханмен кездесуінде мынадай естелік қалдырады: «8 айдың 25 күні Абылайдың бастауымен Атбасардағы Есіл өзені бойынан аттандық. 9-айдың 7-күні Көксеңгірге жеткенде, Абылайдың үйінен екі мәрте хабар келіп бәйбішесінің хәлі нашарлап жатқанын жеткізді. Хан «Отбасымның жағдайы сонша маңызды емес қой. Үйімде болғанда да өлейін деп жатқан адамды тірілте алмаспын. Оған қарағанда Боғда Ежен ханмен арадағы іс маңыздылау. Сендерді ел шетіне шығарып салған соң қайтармын» деді де, бізді бастап сапарды әрі жалғады. Сонан соң тағы бір хабаршы келіп, Абылайдың үйіне қайтуын жөн көрді. Хан бұрынғысынша назар салмады. Біз ол кісіні тоқтатып «сіз істің бәрін орны-орнына қойып болдыңыз ғой. Қайта беріңіз» дедік. Хан: «Ендеше «жол ортада тастап кетті» демеңдер. Мұндай қиын жағдайда шарасыз болып тұрмын. Бәйбішемнің бойында әлі жаны бар болса дәрігерге көрсетермін. Мен жеткенше қайтыс болса, міндетті түрде үлкендеріміз жатқан Түркістан жеріне апарып жерлеймін» деп қоштасқан. Осындай деректерге қарап Абылайдың бәйбішесінің Түркістанға жерленгенін білуге болады. Тарихта Абылай ханның 12 әйелі болғаны белгілі. Бәйбішесінің есімі Қарашаш. Оны міндетті түрде Түркістанға апарып жерлеймін депбекерайтпаса керек. Бұл жерден қазақ мәдениетіне тән екі феноменді көремін. Біріншіден 12 әйелі бола тұра бәйбішенің статусын жоймау. Оның мәртебесінің өзгелерден артық екенін Түркістанға жерлеу арқылы көрсетіп тұр. Екіншіден, ортағасырдың өзіде әйел мәртебесінің біршама жоғары екенін көрсетеді. Абылайхан неге «бәйбішем өлсе ауыл шетіндегі жайлы жерге апарып көміңдер» дей салмайды. Соншама алыс сапардан қайтып, бәйбішесінің жерлеу рәсімін бастан-аяқ атқаратындай не көрінді? 21 ғасырда араб елдерінде әйел затында осындай мәртебе бар ма екен? Осының өзі әйелді тең дәрежеде көрмесе де зат деңгейінде санамағаны анық. Көне түркілік танымның үзілмегенін осыдан көруге болады. 

–Әйел затын Түркістанға жерлеу ақсүйек-төре тұқымдарына ғана берілген артықшылық емес пе? 

– Жоқ. Олай деуге негіз жоқ. Құрметті болған аналарды Әзіретке апарыпқою жалпы қазақтық менталитетке айналған. 

– Осы ойды тиянақтайтын деректер бар ма? 

–Бар.1742 жылы майор Миллер Ресейден Жоңғар ханы Қалдан Церенге елші болып аттанады. Естелігінде 1743 жылы 17 наурызда Ұлы жүздің батыры Салтан Келдей үйінде Шақшақ Жәнібекпен кездескенін жазады. Шақшақ Жәнібек Түркістанға анасын жерлеуге әкеліпті деп естелік қалдырады. Анасын, әйелін киелі мекенге жатқызамын деп алыс аймақтардан мүрдесін арқалап жүрген қазақтың осы дәстүрі сендерге қызық болып көрінбей ме? Мен үшін бұл ғажап феномен. Тіпті мұсылман әлемінде осыған меңзес тарих табу неғайбыл. Үндістандағы Тәж-Махал да патшаның әйеліне салынған. Бірақ олар да Орта Азиядан, Қазақстаннан кеткен түркілер. Қазір ислам тарихындағы әйелдері айтпағанның өзінде атақты халифтер мен сахабалардың қабірін таба аласыз ба? Пайғамбардың басқа әйелдерін айтпағанда Хадиша, Айша, қызы Фатиманың мазары бар ма екен өзі? Ортодокс исламды ұстанатын аймақтар әйелді өлісінде құрметтемек түгел тірісінде затқа теңеп ұстайды. 

– Қызық факті екен. Осыны бұрын ойламаппын? Расымен де Исламдағы әйел тұлғалардың мазары туралы тырс еткен ақпарат жоқ. Бізде бұл қалай екен? 

– Расымен де қазақтар мән бермейді. Қараңыз. Бізде ер мен әйел қатар тәу ете беретін әйел адамның зияраты жетеді. Тараз жақтағы Айша бибі, Бабажа қатын, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Рабия Бегім Сұлтан, Гаухар ана, Домалақ ана, Сыр бойындағы Бегім ана, Қорқыт мазаратындағы Ақсақ қыз кесенесі, Орталық Қазақстандағы Болған ананы, Жұбан ананы алыңыз. Бәріне қазақтар әулие деп басына зиярат жасап, түней береді. Осы дәстүрдің өзі этносты бейсаналы түрде тәрбиелеп жатады. Жастардың түпсанасында ер мен әйел тең деген түсінік пісіп жетіле береді. Керек десең әулие сипатты әйелдер шежіреге дейін кіріп кеткен. Мысалға Наймандағы Қызай ана, Кіші жүздегі Кете руы Кете бике анамыздың есімімен аталады. Әзірет Сұлтанға иелік етіп отырған қожалар неліктен «әулиенің басына әйел адам жерлемейміз. Олар еркектен төмен» деп шарт қоймайды? Әйелді қорлау 21 ғасырда Ислам әлемінде проблема. Әйел құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдардың өзі мұнымен күресе алмай жатыр. Ендеше қазақ даласындағы әулие аналар культіне қарап Яссауи қалыптастырған мәдениеттің ізін көруге болады. Өзің ойлап қарашы, әйелден әулие шығару үшін қандай қажыр-қайрат керек? Осыған қарап мынаны білуге болады. Яссауи жолында қыздарды оқыту қарсылықсыз қабылданған. Оларға терең ой толғап, шиеленіскен дауды шешуге мүмкіндік берген. Қыз бала оқымаса қарабайыр тұрмыстың қараңғылығы жұтып қояды. Әрине, ілім иелері рухани тоқырғанда қыздардың да құқығы шектеліп тұрады. Бірақ түпсанада «қыз баланы құрметте» деген дәнек көгеретін сәтін күтіп жата береді. Томирис, Ұмай, Айша бибі, Домалақ аналар қыз баланың прототипі сияқты санада сақталып тұрады. Яссауи жолын ұмытып, дінді сырттан экспорттағанда қыз баланы шүберекпен бүркеу, оқытпау, үйге қамау, төмен ұстау, зорлықпен күйеуге беру белең алады. Қыздар надандыққа жұтылғанда этнос тұтас қараңғы дәуірге қадам басады. Себебі ұрпақтың тәрбиесі әйелдің қолында. Яссауидің даналығы сонда. Көбіне қыздардың сауатын ашуға мән берген. 

–Бұл феномен мен үшін жаңалық болды. Домалақ анаға зиярат жасағанда іштей «не үшін еркек боп тұра әйелдің басына зиярат жасауым керек» деген ой тумайды екен. Бейсана деген осы болса керек. Жаңа Шақшақ Жәнібек жайлы айтып қалдыңыз. Оның өзі де кесенеде жерленген емес пе?

– Иә, 1751 жылы Торғай өңірінде қайтыс болған. Сүйегін Түркістанға әкеліп әулиенің жанына жерлеген дегенмәліметті Міржақып Дулаттың мақаласынан табамыз. Алайда И.В.Ерофеева орыс дерегіне сүйене отырып оны Ырғыз өзенінің төменгі ағысында жерленген дейді. Сөз жоқ қазақтың сол дәуірдегі атақты адамының басым бөлігі ӘзіретСұлтанға қойылған. Қазақ даласында айдауда болған А.Янушкевичтің жазбасына «дәулетті қазақтар Әзірет зиратына өздерінің сүйектерін, кейде жақындарының денесінің бөлшектерін жібереді» дейді. Атақты Шоң бидің сүйегі осылай жіберілгенін жазады поляк зиялысы. 

– Байтақ даланың кез келген түкпірінен Түркістанға жеткізген бе? Көп шақырым жол ғой. Мүрдені алыстан жеткізудің айла-тәсілі табылған ба сонда? Бұзылып кетпей ме?

– Мүрдені сүрлеу көне түркіде бұрыннан бар. Алтай елдерінде мәйітті қыста сақтап, көктемде көметін әдіс беріге дейін сақталған. Себебі қақаған қыста жер қазу, мәйітті көмуге табиғи жағдайлар мүмкіндік бермей жатады. Сондықтан мәйітті киізге орап, ағаштың үстіне іліп қоятын болған. Тоң жібіп, күн жылына бастағанда мәйітті арулап жерлейді екен. Осы жайлы ел аузында айтылатын бір әңгіме бар. Баяғыда уақ пен керей арасында дау туады. Керейліктер уақтың аулына құн сұрап, жаяу-жалпылай келе жатады. Сол кезде уақтың бір шешені алыстан: «Ассалаумағалейкум, ақтабандар» депті жаяу келе жатқандарын айтып. Керейдің бір шешені «Уағалейкумсалам, мәйітін сүр қылып сақтағандар» деп жауап берген екен. Тура осыған меңзес оқиға Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» шығармасында да айтылады. «Бәйбішем сөреліде, мен өреліде өмір сүремін» деп Есеней би бәйбішесін өлдіге балайды. Онан бөлек алыс жерде соғысып қаза тапқан жауынгерді де еліне осындай әдіспен қана жеткізе алған. Сондықтан мәйітті уақытша сақтап қою, көктем шыға жерлеу қазақ арасында қалыпты құбылыс болған. Сол сияқты қазақ хандығы кезінде де игі жақсыларды Әзіреттің басына жеткізу үшін ішек-қарнын алып, бөлек көмеді. Денесін былғарыға орап сөреге қойып қояды. Мұны уақытша аманат орны деп те айтады. Біздің тілде – морг. Шарты мәйіттің денесі жерге тимей, сөреде тұратын болған. Көктем кірі бастағанда Түркістанға аттанады.

– Сүрленіп жеткен мүрделерге кімдерді жатқызасыз?

–Алыс-аймақтан келетін тұлғалардың бәрі сондай рәсіммен жеткен. Кесененің Ақсарай бөлмесінде сыртындағы ойылып жазылған арабша жазулары әбден мүжіліп, оқуға келмей қалған үлкен құлпытас тұр. Бұл «Қаздауысты Қазыбек бидің» басына қойылған құлпытас деседі. Қазыбек бидің сүйегін осында әкеліп жерленгені жайлы аңыз көп. Соның бірі: «Қазбек бидің сүйегін былғарыға орап, күндіз өзен бойына, құдыққа сақтап, түнгі салқынмен жүріп отырғанда бір айда әрең жеткізіліпті». Шоң би қайтыс болғанда да 2 мың шақырым жерден Түркістанға әкеліп жерлейді. Мәшһүр Жүсіп «Шоң би дүниеден қайтып, денесін былғарыға тігіп, қыс ішінде жүз жылқымен Әзірет Сұлтанға апарыпты» дейді. Тағы бір деректе Шоң би тірісінде «Торайғыр (Сұлтанмахмұт Торайғыровтың бабасы) екеуміздің Құдайға берген уағдамыз бар. Дүниеден қайтып жатсақ хазіретке апарыңдар» деп өсиет еткен екен. Шоң бидің мәйітін Сілтінің бойында аманат сүресіне сақтап қояды. Қырық күндік асы беріліп жатқанда Торайғыр қайтыс болады. Екеуін бірге Әзірет Сұлтанның басын әкеліп жерлепті. Бөгенбай батыр да солай. Торғай өзені бойында қайтыс болады. Денесін уақытша сөреге сақтайды. Күн жылына денесін ақ түйеге салып, 45 күн жол жүріп отырып, Әзіретке әкеліп жерлепті. Бөгенбай батырдың уақытша денесі сақталған жер қазірге дейін «Бөгенбай сөресі» деп аталады. Шыңғыстауда 97 жасында дүниеден қайтқан Мамай батырды да уақытша сақтайды. Себебі батыр күздің аяғында қайтыс болады. Ұрпағы денесін Әзіретке апарамыз деп ұйғарады. Алды қыс. Амалсыз батырдың ішкі құрлысын қасап жолымен бөлек алып, Орда тауының етегіне жерлейді. Денесін шөптен жасалған дәрі-дәрмекпен сылап сөреге қояды. Туыстары кезек-кезек күзетеді. Қар еріп, жол ашылғанда зембілге салып, Түркістанға әкеліп жерлейді. Мұндай оқиғаларды айта берсем, соңы жоқ бітпейді. Ел аузында әңгімелер жетіп артылады. Батыр-билердің Түркістанға жерленуі жайлы аңыз-әпсаналарды түгел жинап хатқа түсіру мүмкін емес. Себебі тым көп. Қазірдің өзінде Атырау, Орал аймақтарына үйіндегі шежіресіне қарап, Түркістанға келіп атасының басына ас беріп кететіндер аз емес.

– Әзірет Сұлтан дүрбесіндегі зиярат феномені жайлы не айтасыз? Себебі әулиенің басына тәу ету барлық әлемде бар. Қазақстанның ішінде де жетіп артылады. Яссауидің олардан айырмашылығы бар ма? Түркістан неліктен ерекше аталады? 

– Дұрыс байқадың. Әулиеден шарапат тілеп, қабіріне арнайы барып Құран оқып, дұға бағыштау бәрінде бірдей. Шайбани ханның әулие басына барып зиярат жасағанын Фазлаллах ибн Рузбихан баяндайды: «Надев на себя ихрам поклонения могиле его святейшества Хваджа и отвечая «слушаюсь» на призыв Божий, он от чистого сердца совершил обход той Каабы прошения, побежал по тропе молящихся и со смирением и покорностью поспешил пойти поклониться к жилищу муджавиров, совершающих коленопреклонение и земные поклоны. То, что подобает по обязательным правилам прославления и чествования такого преславного и чтимого места, было почтительным слугой исполнено. Снаружи куполообразного здания, на краю западной суффы, котторая находится у порога могилы, он присел, и чтецы слова Божия приступили к благопристойному чтению нараспев». Орынбор губернаторына 1745 жылы жазған хатында қазақ ханы Әбілмәмбет те Түркістанға Құдайға құлшылық жасауға барғанын хабар етеді.Фазлаллах ибн Рузбихан өзінің он екі күн Қожа Ахмет Яссауи басында болғанын және қандай әсер алғанын да қағазға түсіріп кетеді: «В течении двенадцати блистательных дней я удостоился пребывать в соседстве этого возвышающего душу места, в уединенной молитве и благочестивом собеседовании в собрании, где поучал и сам учился, совершенно отказавшись от прочего». Осы жазғанына қарағанда тарихшының рухани тазарудан өткенін, бұл жерде оқымысты дәруіштермен жүздесіп сұхбаттасқанын, тәлім алғанын хабардар етеді. Яссауидің кесенесі көпфункционалды орын деп айтуға болады. Көп міндет атқару жағынан Түркістанмен тең келетін әулие мазарын айту да қиын. Мысалы Кониядағы әйгілі әулие Мәулана Румиді алайық. Мұсылман әлемінде туристерді ең көп тартатын қала. Батыс Еуропадан арнайы келетін елде есеп жоқ. Бірақ көп қырлылығы жағынан Яссауимен теңесе алмайды. 

– Неге?

– Әзірет Сұлтан кесенесі зиярат орнынан бөлек Түркі әлемінің рухани темірқазығы іспеттес. Түркі нәсілді жұрттың жиналып бас қоса алатын, ортақ мүддеде тоғыса алатын жалғыз тұлғасы. Бір мысал айтайын. 1763 жылы Түркістанда қазақ билеушілерінің халықаралық жағдай жөнінде кеңесі өтеді. Онда Қытайға қарсы Орта Азия елдерімен және Ауғанстан патшасы Ахмет шаһпен бірге әскери одақ құру мәселесі талқыланып, мақұлданған. Құрылтайға қазақтың алты мың би-батыры мен сұлтандары қатысқан. Осы жиын мұсылман халықтарына едәуір қуат берген. Әрі белгілі бір деңгейде Қытайдың Орта Азияны жаулау ниетінен бас тартуға мәжбүрледі. Көрдің бе? Кесене зияратпен қатар халықаралық маңызды жағдайды талқылайтын дипломатиялық орталық ретінде де қызмет атқара береді. Кесенеден 300 м жерде Күлтөбе бар. «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген тәмсілді естіген шығарсың?

– Әлбетте.

–Сол төбеде сыртқы жауға қарсы қаншама кеңес өткен. Би-батырлар әулиенің дүрбесінде тұрып «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарамыз» деп бәтуаласқан. Әз-Тәукенің «Жеті жарғысы» да осы киелі орында қабылданды. Қазіргі тілде айтсақ елдің парламенттік орталық міндетін атқарды десе де болады. Сондықтан, Түркістанды тәу ететін орын емес, басқа да қырын көрсету керек. Хан сайлауын өткізген, Ақсарайда елшілерді қабылдаған, тарихи тұлғаларды жерлеген резиденциялық ролін қайда қоясыз? Осындай көп қырлы функция атқарған бірде бір әулиенің кесенесін көргенім жоқ. Тарихшылар осыған әлі күнге дейін маңыз бермей келе жатыр. 

– Пантеондық қызметін айттыңыз. Ал хандардың Түркістанда елші қабылдағаны жайлы деректер бар ма? 

–Бар. Біреуін ғана айтайын. 1694 жылы Тәуке ханға Ресей императоры І Петрдан елшілік келеді. Олар орыс патшасының хатын оқығанда қалпағын шешіп, түрегеліп тұрып тыңдауын талап етіп, қыр көрсетеді. Тәуке бас киімін Құдайға мінәжат еткенде де шешпейтінін мәлімдейді. Олар патшаның хаты оқылғанда түрік сұлтаны мен парсы патшасы да бас киім шешіп тыңдайтынын айтады. «Түрік сұлтаны мен қызылбас патшасы менен ұлық емес» дейді Тәуке хан. Амалы таусылған елшілер воеводаның біреуі қалпақ шешіп, түрегеліп тұрып тыңдасын деп өтінеді. Сонда Тәуке «Олай да істей алмаймын. Менің саулығым сексен мың әскерімнің қуатында» деп жауап қайырған екен. Көрдің бе? Сол сияқты елші қабылдайтын резиденциялық ролі болған. Тәуелсіз қазақ санасына отарсыздандыру процесін жүргіземіз десек осындай киелі жерлерді, онда өткен тарихи сәттерді идеологияға айналдыру керек. 

– Қызық екен. Тағы қандай ерекшелігіне тоқталар едіңіз?

–Большевиктер билікке келгенше Түркістандағы жұма намазы Әзірет Сұлтан кесенесінде өтетін болған. Лыкошин, Массон, Гордлевскийдің деректерін қарасаң сол заманда Кесенеде жұма намазы өтетінін, дәруіштердің зікір салатынын, артынан бәрі әлім ботқа жейтінін жазады. Бұл көшпелі қазақтың мұсылмандық идентификациясын айқындап тұрған ірі феномені еді. Қазір модерн стильде салынған мешітке барасыз. Бірақ 1920-30 жылдары Түркістанға жұмаға жиналған жамағаттың рухани әсерін ала аламайтыныңызға кепілдік беремін. Өзің ойлап қара, намаз оқып тұрғанда сенен 10 метр жерде Яссауидің, 12-13метр жерде Абылайханның сүйегі жатады. Кие мен құтқа мүлде сенбейтін қазіргі оқымысты қазақтың өзі бұл бөлмеге бас сұққанда мысы басылып қалады. Әулиенің кереметі мен ханның құтына имандай сенетін ол заманның қазағы қандай күйде болғанын бір Құдай өзі білсін. Жамағат жұмадан соң әулие басындағы құдықтан су ішіп, әлім ботқа жеп, «тәбәрік» деп үйіне бір уыз топырақ әкететін. Топырақ алушылар тым көп болғандықтан едендерін ойып тастаған. Амал жоқ ойықты толтыру үшін сырттан топырақ әкеп төгетін болған. Көбі Әзіреттің топырағы тері ауруына ем деп сенген. 

– Енді ғылым дамып, медицина өркендеген соң мұндай заттарға сенудің өле бастауы қалыпты процесс шығар? Дерматолог дәрігер тұрғанда топырақ тасудың не қажеті бар?

–Мен олай ойламаймын. Кісінің кеудесіндегі кие ұғымы осындай қарапайым нәрседен басталады. Ғылымда оны сакральды география деп айтады. Әулие жерленген жердің қасиеті болады деп сенеді. Нақты ғылым осы сенімді сындырғанда әулиеге де құрмет қалмайды, кие, қасиетті де шетке ысырады. Оның үстіне әулиенің топырағы тікелей ем болмаса да ғаріп жанның «осы аурудан жазылатын шығармын» деген үмітіне тіреу боп тұрады. Барлық дәрігер пациентке «кеселден айыққың келсе ең бірінші маған да, дәріге де емес, ең әуелі ауруды жеңе алатыныңа сен» деп үйретеді. Егер осылай қабылдасақ топырақты тәбәрік деп алудың түк те сөкеттігі жоқ.

– Онда әулиеден медет тілеп, Алладан бала сұрап, арнайы баратын бедеу әйелдердің де көп кешікпей бөпелі болуы осы сенімнен шығар...

–Жарайды, мен саған нақты дерек айтайын. 18 ғасырда қазақ даласына саяхат жасаған И.Андреев мынадай дерек қалдырады. Қазақтар киелі жер деп Түркістан қаласын мойындайды. Онда Әзірет Сұлтан мазары бар. Оған зиярат етуге Орта жүз қазақтары жаяу баратынын жазады. Мысал ретінде, үйленгелі 8 жыл болғанымен перзент көмеген Уақ ұлысының қазағын айтады. Ол 1779 жылы жарты жыл жаяу жүріп Түркістанға зиярат етеді. Осы сапардан соң бір ұл, бір қызды болғаны баяндайды.

– Дінмұхаммед Қонаевтың да жиі зиярат ететінін жұрт айтып жүреді. Осы қаншалықты рас?

– Жасырын болса да Д.Қонаев Түркістанға келгенде бабаның құлпытасын ұстап, бетін сипап, суынан дәм татып кететін. Мұның өзінде үлкен сыр жатқан сияқты. Іштей сенді ме, сенбеді ме ол бөлек әңгіме. Бәріміз білеміз, құран, намаз, құдай дегенге ешкікөздене қарайтын уақыт болды емес пе? Соған қарамастан Димаш ағамыз бабаның рухына тағзым етуін үзген емес. 1983 жылы келгенде қабірханаға кіріп, Яссауидің құлпытасын сипап шыққанын сол кездегі Түркістандық жөндеу шеберханасының бастығы, кесененің үлкен жанашыры Жантемір Әлімов те көрген.

– Соңғы сұрақ. Бұл енді тарихқа айналды. Пантеонның модерн маңызы қаншалықты жоғары? Әлі де туристер тарту үшін пайдалануға бола ма? 

– Жаңа айттым, Әзірет Сұлтан пантеоны тарихта өте сирек кездесетін құбылыс. Табиғи жолмен пантеонға айналған Англиядағы Аббат Вест министрлігі ғана онымен шендесе алады. Париждегі немесе Кремльдегі пантеондар сакральдік тұрғыдан бәсі төмен. Пантеонның ішкі мәні ғайыппен ұласып жатпаған соң адамның жүрегін соншалықты қозғамайды. Енді маңызына келейін. Большевиктер осы дәстүрді үзді. Енді соның зардабына қара. Соңғы 80 жылда Әзіреттің басына бірде бір тұлға жерленбеді. Құрманғазы Ресейде қалды. Шәкәрімге қабірдің өзі зорға бұйырды. Мүрдесі ұзақ жыл құдықта жатты. Қазіргі ұрпақ Мұхтар Әуезовтің, күйші Динаның, батыр Бауыржан Момышұлының, Нұрғиса Тілендиевтің, Ақжан Машанидің моласын таппай қалды. Бұл тұлғалар Алматының айналасында бірнеше зиратқа жерленген. Барсаң тарихи жадыңды оятпайды. Киелі сезімді бастан кешпейсің. Жұрттың арнайы зиярат етуіне де қолайсыз. Кеңсайға біреуді іздеп барсаң өзіңнің қай өркениетке, қай мәдениетке жататыңды ұқпайсың. Ал Әзірет Сұлтан кесенесінде көне түркі мәдениеті мен ислам өркениетінің тоғысқан бекетін көресің. Кеудең мәнге толып, адам рухының мәңгілік сипатын жан-жүрегіңмен сезініп қайтасың. Тәуелсіздік алғанда советтік идеологияны сындырып, санадағы дәстүрді жаңғыртуға талпынған бір-ақ тұлға бар. Ол Өзбекәлі Жәнібеков. Көзінің тірісінде ағайын-туысына «Өлсем денемді Арыстанбап қорымына жерлеңдер» деп өсиет еткен. Өсиеті орындалды.

Сұхбаттасқан Санжар Керімбай

Ұлт порталы

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар