05 нау, 2020 сағат 12:33

Мұхтар Әуезов театрына жаңа басшы келді

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры ұжымына жаңа директорды таныстырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың арнайы бұйрығымен 5 наурыздан бастап театрға өнертану ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Тілеуқұлұлы Жуасбек басшылық етеді.

«Сәттілік тілейміз! Талай жыл қызмет етіп, осы жердің өсу-өркендеуіне атсалысып келе жатырсыз. Жалпы Қазақстанның театр өнері саласында еңбегіңіз орасан зор. Соны министрлік өте жақсы бағалап, өзіңізге деген үлкен жауапкершілік, сенім артып, театрдың дамуына үлес қосады деген ниетпен сізді тағайындауды жөн деп санады. Қызметіңіз құтты болсын. Бұл лауазымнан көрі, артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр. Ұжыммен бірге жемісті қызмет етеріңізге сенеміз», – деді вице-министр.

Еркін Жуасбек 1965 жылы Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыбарақ ауылында дүниеге келген. 1982 жылы Алматы Мемлекеттік Театр-көркемсурет институтының театр факультетіне «Драма және кино актері» мамандығына оқуға түсті.

Еңбек жолын ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға лаборант болып бастады.

1990-1993 жылдары осы институттың аспирантурасында оқыды. 1994 жылы театртану саласы бойынша кандидаттық диссертация қорғап, аталмыш институтта ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді.

1996-1997 жылдары қазақтың өнер мәселесі бойынша ғылыми Орталығына бөлім меңгеруші, 1997-1999 жылдары ҚР Білім және мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің «Театр және кино» бөлімінің бастығы болды.

1999-2001 жылдары Республикалық Неміс драма театрының директоры, 2001 жылы М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында әкімшілік директоры, 2004-2008 жылдары ҚР Театр қайраткерлері Одағының төрағасы болды.

2008 жылы желтоқсаннан 2013 жылы сәуірге дейін Астана қаласындағы Қ. Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрының директоры, 2013 жылдың 1 сәуірінен М. Әуезов атындағы қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының директоры-көркемдік жетекшісі қызметіне тағайындалды.

Еркін Жуасбектің «Үйлену», «Күлеміз бе, жылаймыз ба?», «Антивирус» пьесалары республика театрларында қойылып келеді.