12 ақп, 2018 сағат 11:13

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ драма театрына жаңа басшы келді

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ драма театрына жаңа директор болып Асхат Максимұлы Маемиров тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Асхат Максимұлы Маемиров – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының докторы (PhD), «Болашақ» Президенттік стипендиясының иегері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. 2008 жылы Сорбона университетінің магистратурасында білім алып, Франциядағы Париж Ұлттық драма өнері консерваториясында тағылымдамадан өткен. 2010 жылы Мәскеудің атақты жоғарғы оқу орны ГИТИС-те - Ресей театр өнері академиясында «Режиссура магистрі» ғылыми атағын алды. 2015 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының докторантурасын тәмамдап, «Қазақстанның театр режиссурасы: сабақтастық пен жаңашылдық (1991-2015 жж.)» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап, «Философия докторы» ғылыми дәрежесіне ие болды.

Еңбек жолын Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында режиссер болып бастады. Құрманғазы атындағы Орал музыкалық колледжінде «Актерлік өнер» бөлімінің меңгерушісі, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнері» факультетінің деканы, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Актер шеберлігі және режиссура» кафедрасының доценті болды. Шығармашылық жұмыстарынан бөлек, өнертану бойынша философия докторы ретінде ғылыми ізденіс жұмыстарының шеңбері - заманауи режиссурадағы дәстүр мен жаңашылдық үрдістері, қазіргі заманғы театр өнерінің даму тенденциялары сынды тақырыптарды қамтиды.

Отандық мәдениеттің қазіргі заманғы үздік арт-менеджерлері қатарына кіреді. Еліміздің мәдениет пен өнер саласындағы белгілі ұйымдар – «Қазақстанның рухани қоры» АҚ, «Қазақ әуендері» АҚ жетекшілік етті. 2017 жылы қазақстандық мәдениеттің көш басындағы ең ірі музыкалық ұжымдардың бірі – «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымын басқарды. Елордалық «Астана мюзикл» театрының көркемдік жетекшісі және Қазақстан театрлар ассоциациясының вице-президенті болып табылады.

Асхат Маемировтың шығармашылық қызметі театр өнерімен байланысты. Ол Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Қара шекпен» (Г. Хугаев), М.Әуезов атындағы театрда «Қоштасқым келмейді» (А.Володин), «Ұлым саған айтам» (Б.Беделхан) атты спектакльдердің, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында С.Мұхамеджанвтың «Айсұлу» операсы, «Астана Опера» театрында «Қызжібек» операсын сахналауға ат салысты. Сонымен бірге «Ромео мен Джульетта» (Ж.Пресгурвик), «Қыз Жібек» (Е.Брусиловский), «Астана» (Б.Ғафу, А.Оренбургский) атты қазақстандық мюзиклдердің қоюшы режиссері ретінде танылды. 

Еске салайық, 7 ақпанда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ драма театрының бұрынғы директоры Ерлан Біләлге қатысты сот үкімі шыққан еді

"Сот Ерлан Біләлді ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 366-бабы бойынша айыпты деп танып, 52 500 000 теңге көлемінде айыппұл салу туралы үкім шығарады", - деп оқыды үкімді судья. 

Сондай-ақ, сот Біләлді мемлекеттік қызметтерге орналасу құқығынан өмір бойына айырды. Мұнымен қатар, судья сотталушының "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағынан айыру туралы ұсыныс жолданатынын мәлімдеді.

Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 366-бабының 2-бөлігі "Пара алуға оқталу" бойынша айып тағылды. Сотқа дейінгі тергеу органының мәліметі бойынша, Біләл "Сезам" қоғамдық қайырымдылық шығармашылық қорының президенті Қайрат Баяновтан Әуезов театрының қабырғасында жаңажылдық қойылымдар қою үшін 1,5 миллион теңге пара алмақ болған.