09 қаң, 2017 сағат 08:20

Мұхан Исахан. "Алмас қылыштың" тарихилығынан гөрі, идеологиялық бояуы басым

Қазақфильмнің жаңа туындысы "Алмас қылыштың" құйқа тамырды шымырлатып, рухты көтеретін сәтті сюжеттерді қиыннан қиыстырып, қыбын тауып жеткізе білген тұстарына дән риза болдық.

Мысалы, Дешті-Қыпшақ жауынгерлерінің Өз-Темір қолымен қоян-қолтық шайқасқан кездегі батырлығы мен әскери өнерді шебер меңгеруі, Әбілқайырға тарпа бас салған арыстанды Жәнібектің сүңгімен сұлатып салуы, Жетісуге көшкен жұрттың "Уығымыз - ағаш, ұранымыз - Алаш" деп ұрандауы, Қазақ сарбаздарының Моғолстан шекарасында ойрат шеріктерінің бетін қайтарып, қиқуға басуы, ноғайлы мен қазақтың арқа-жарқа табысуы, Жәнібектің жасы үлкен Керейге жол беруі, Керейді ақ киізге отырғызғандағы дүйім жұрттың психологиялық-сакральді күйі және фильмдегі сай-сүйекті сырқыратар т.б. сюжеттер сөз жоқ шебер берілген. 

Кинотуындыда қазақ мемлекеттілігінің зор мехнатпен құрылып, адам қаны судай төгіліп, талай жанның шахид кешкендігі, Алаш баласының қайғыдан қан жұтып, күңіренуі, мұқым елдің тар жол, тайғақ кешуде Жаббар Хаққа жалбарынуын орамды бояулармен суреттей отырып, жалпы Алаштың ел болып ұйысуында тылсым бір илаһи күш-құдіреттің бар екенін себезгілеп әдемі жеткізген.

Ал, фильмде тарихи негізі жоқ сюжеттер мен рабайсыз көріністер және қарадүрсін сөздер кинотуындының кемел емес екенін әйгілейді. 

Айталық, Жәнібек сұлтан пен Рабия Сұлтан Бегімнің арасындағы көңілдестік байланысқа ешбір тарихи дерек жауап бере алмайды. Рабия Сұлтан Бегімнің Ордадағы жиын соңында Жәнібекке: "Жастайыңнан аңқау едің..." деп сезім білдірген тұсы, ноғайлының биі Мұсаның көшкелі тұрған жырауға: "Бізге Әбілқайыр кеңішілікпен қарап отыр" деген уәжі, 17 ғасырда ғұмыр сүрген Қазтуғанды ноғайлының көшбасшысы етіп көрсетуі, ойрат тайшысы Өз Темірді үстем көрсетіп, Әбілқайыр мен Есенбұғыға және Керей мен Жәнібекке шекеден қаратып қоюы және т.б. фильмдегі сұрқай көріністер тарихи тұрғыдан алғанда мүлде сын көтермейді. 

Сондай-ақ, Дешті-Қыпшақты қырық жыл бойы билеген Әбілқайыр хан мен оның немересі Мұхаммед Шайбани оғланның тектілікке тән емес жағымсыз қылықтарын жиі көрсетуі, аңға шыққанда қол созым жерде ақ шаңқан Орданың тұруы, Қобланды батырдың Әбілқайыр ханның сарайына Тайбуырылымен баса-көктеп кіріп: "Ей қу түлкі" деген тұсы және Бұрындық пен Мұхаммед Шайбани сұлтандардың бір-бірімен "ее" деп жас баладай егесуі, майдан даласында ат төбеліндей аз ғана жауынгерлердің шайқасы және т.б. жадағай көріністер тым ерсі берілген. 

Дегенмен, бұл рабайсыз көріністер кинотуындының жалпы көркемділігіне мін бола алмайды. Фильм идеологиялық мәнде өз мақсатына толық қол жеткізген деп айтуымызға болады. Осы тұрғыда киноның режиссері Рүстем Әбдіраш пен ақылшысы Смағұл Елубай, Ерлан Төлеутай және басқада ат салысқан азаматтар мен шебер ойнай білген актерлерге үлкен алғыс айтамыз. Алаш жұрты, жаңа туындың құтты болғай!

Мұхан Исаханның фейсбуктағы жазбасынан