28 там, 2018 сағат 11:05

Мұхамедиұлы «Этноауылдағы» күйі кеткен тазыларды өз бақылауына алды

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы елорданың «Этноауыл» жеріндегі күйі кеткен тазыларға қатысты мәселені өз бақылауына алды. Бұл туралы министр өзінің Фейсбук парақшасында жазды.

Айта кетсек, бұдан бұрын әлеуметтік желіні қолданушылардың бірі Жора Морозов өз парақшасында күйі кеткен иттердің видеосын салған болатын. Қолданушының айтуынша, ол видеоны «Қазанат» атшабары жақта түсірген.

Арыстанбек Мұхамедиұлы аталған «Этноауыл» ұлттық-мәдени орталығы аумағында («Қазанат» ипподромы) екі тазының жағдайы туралы бүгін түнде көргенін айтады.

«Таңнан бастап жағдайды анықтауға кірістім. Мекеме балансында бірде-бір ит жоқ. Иттер тұрған қамаулар «Этноауыл» аймағындағы шараларға қатысатын сырттан әкелетін жануарларға арналған. Екі иттің де иесі - Бекболат есімді жеке тұлға, оларды Павлодардан әкеліпті. Оның айтуынша, біраз уақыт бұрын екі ит қоршаудан жоғалып кетіп, 10 күн іздестіруден кейін өте нашар жағдайда қайтарылыпты. Иттер жоғалғаны туралы полицияға берген арызы бар», - деп жазады министр.

Арыстанбек Мұхамедиұлының нұсқауымен екі ит те Астананың ветеринарлық клиникасында толық медициналық зерттеуден өтіп, қажетті ем қабылдайтын болады.

«Ветеринарлардың қорытындысы бойынша, жануарлардың жағдайы қанағаттанарлық: тазы стандартқа сәйкес арық болуы керек. Біз иттерді істің мән-жайын анықтағанша сол жерде қалдыру қажет деп шештік. Ішкі қызметтік тексеру басталды. Кінәлілер міндетті түрде жазаланатын болады. Иттердің қожайынымен келісімшартты бұзу туралы және Жора Морозовтың операцияға жұмсалған қаржысын ұстап қалу туралы шешім қабылданды», - дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Министр тазылар туралы жазба авторына жануарға деген мейірімі мен адамгершілігі үшін алғыс білдірді.

«Жануарларға мұндай қарым-қатынасқа жол бермеуіміз керек. Бірақ иттердің иесі бар екенін ескеріп, оның жекеменшігін тартып ала алмаймыз. Қажет болса, құқық қорғау ұйымдарына жүгінеміз. Егер қожайынынан иттерді алатын болса, «Этноауыл» оларды өз сапына қабылдап, қауіпсіз және жайлы өмір сүрулеріне жағдай жасауға дайын», - дейді министр.