27 қаң, 2017 сағат 12:15

Мұхамедиұлы: Димаш - салыстыруға келмейтін дарын иесі

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қытайда I Am a Singer байқауына қатысып жатқан Димаш Құдайбергеновті салыстыруға келмейтін дарын иесі әрі ерекше музыкант деп атады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". Бұл туралы министр Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

"Қазір біз Димаш Құдайбергеновке опералық бағдарлама әзірлеп жатырмыз, ол симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындауды жоспарлап отыр. Димаштың болашақта әлемдік сахналарда бұдан да зор жетістіктерге жететініне сенімдімін, сол кезде біз мақтанышпен "Иә, бұл біздің Димаш Құдайберген!" деп айтатын боламыз. Ол ерекше музыкант, салыстыруға келмейтін дарын иесі", - деп жазды министр.

Еске салайық, қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенов Қытайдағы I Am a Singer музыкалық байқауына қатысқаннан кейін бұл елде танымал болды. Көптеген БАҚ отандасымыз туралы жазып жатқаны жайлы да ақпарат тараған еді.

Димаш Құдайбергенов телешоудың бірінші кезеңінде SOS d'un terrien en détresse әнін француз тілінде орындап, жеңімпаз атанған болатын.