25 қар, 2019 сағат 13:57

«Мұқағали тілі сөздігі» таныстырылды

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі ғалымдардың ізденістері мен бірлесе еңбек етуінің арқасында жарыққа шыққан «Мұқағали тілінің сөздігі» атты кітаптың тұсаукесері өтті, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Кітапты құрастырушылар елімізге танымал ғалымдар Байынқол Қалиұлы Қалиев, Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев, Шерубай Құрманбайұлы, Сәбира Сағынбекқызы Исакова.

Сөздікке пікір жазған ғалымдардың бірі Әділ Ахметов кітап жайлы мәлметтермен бөлісті.

Сөздікте ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 5 томдық шығармалар жинағында бар 13348 сөз бен 5035 тұрақты тіркес түгел қамтылып, олардың қайталанып қолданылған саны (282 мың) көрсетілген. Тілдік бірліктердің әрқайсысына анықтамалар беріліп, мысалдар келтірілген. Сол арқылы Мұқағалидың қазақ әдеби тіліне қосқан үлесі мен орны айқындалған, - дейді Әділ Ахметов.

Кітапты құрастырушылар бұл сөздіктің ерекшелігін айтты.

Бұл сөздік – бір сөздік емес, ол түсіндірме сөздік пен жиілік сөздіктердің қосындысынан тұратын жиынтық (синтездік) сөздік. Яғни екі түрлі сөздіктің бірлігінен құралған сөздік, - дейді сөздікті құрастырушылардың бірі Шерубай Құрманбайұлы.

Еңбек тіл білімі қызметкерлері мен қазақ тілі мамандарына, магистранттар мен докторанттарға және мектеп мұғалімдері мен мұқағалитанушыларға арналады.

Кітаптың тұсаукесеріне Мемлекет қайраткері, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбек, елші-дипломат, ғалым Әділ Ахметов, қытайтанушы ғалым Дүкен Мәсімханұлы, т.б. ел ағалары мен жазушы, ғалымдар, студентер мен БАҚ өкілдері қатысты.