31 там, 2017 сағат 07:35

Мұқағали Мақатаев пен Данте Алигьеридің шығармашылық диалогы

Шығыс пен Батыс жөнінде ең классикалық пікір айтқан адам деп ағылшын ақыны Редьярд Киплинг саналады. Ол алдымен Шығыс пен Батыстың бір бірінен мүлде бөлек екеніне және бір бірімен ешқашан бірікпейтініне  тоқталады.

Батыс пен Шығыс бірікпес, танымас жақынын аса,

Ахиреттік сотқа егер Жер мен Көк шақырылмаса.

Оқырманның көбісі тек осы жолдарды оқып әрі қарай көз жүгіртпегенге ұқсайды. Ал балладаның келесі жолдарында ақын мынандай тұжырымға келеді.

Бірақта олар жоқ нәрсе егерде әзір іс тұста,

Мықты мен мықты кездесіп, қиянда мәжіліс құрса.

Ағылшын ақынының ойынша адам өсе келе ру тайпалық тәуелділіктен босап, жекетұлғалық санаға жеткенде ғана Шығыс пен Батыс ұғымдары шартты ұғымға айналып, әрбір ұлттың өкілі бір бірімен шынайы сұхбатқа көше алады. Осыған байланысты біздің келесі тақырыбымыз Мұқағали Мақатаев пен итальян ақыны Данте Алигьеридің шығармашылық диалогына арналады.

Мұқағали қазір бәрімізге айдан анық сияқты. Жақында гүрілдетіп мерейтойын атап өттік. Кітаптары қазір түгелімен шығып болды. Ол туралы том-том болмаса да біраз зерттеулер шығып жатыр. Мұқағали қазір қазақтың қаны түгіл, жанына сіңген. Ол — ақынның идеалы. Тіпті, қазір Мақатаевтан өзгеше өлең жазуға да болмайтын сияқты. Әрине, бұл үлкен жетістік, ғажап абырой. Әйтсе де, менің ойымша, Мұқағали о бастан да, қазір де өз деңгейінде ұғынылып, өз деңгейінде бағаланбай келе жатқан ақын. Себебі, біз оны халық ақыны деңгейіне дейін түсіріп алғанбыз. Ал ол болса жазба әдебиеттің өкілі, халықшыл емес, жекетұлғалық сананың туындысы. Және оған жалпылама да, жекеше де біраз себеп бар.

Біріншіден, Мұқағали Кеңес Одағы заманының ақыны. Ал ол кезеңде қазақтар еуропалық халыққа айналып үлгірген. Көшпенділікті қойып, отырықшылыққа көшкен. Марксизм бағытындағы гуманистік көзқараспен тыныстаған. Интернационализмге әбден беріліп, халықтар достығы лабараториясына айналған. Міне осындай жағдайда Мұқағали қазақ поэзиясындағы Абай бағытын жаңа деңгейге көтеруші боп қалыптасады. Екеуін де орыс әдебиетіне, әлемдік мәдениетке деген шексіз ғашықтық біріктіреді. Осының нәтижесінде оларды тағы бір біріктіретін нәрсе ол гуманизм, немесе адамға, адамзатқа деген шексіз махаббат. Бірақ, Мұқағалиға бұл тұрғыдан өте күрделі даму жолынан өтуге тура келді. Өйткені Кеңес Одағы кезінде коммунистер өздерін гуманистпіз деп көрсеткенімен, іс жүзінде олар тек лепірме демагогияға құрылған отаршыл және зорлықшыл командалық жүйе жасады. Мұқағали осы жүйеге жастайынан сеніп өсті, коммунизм құрушылардың алғашқы сабында болғысы келді, бірақ өсе келе оның масқара қайшылықтарын көріп, және, әсіресе, оның жазушылар арасындағы өкілдерінің, немесе сол кездегі Жазуышылар Одағының екіжүзділігін, идеологияға қолшоқпар болған қараниеттілігін көріп, бірте-бірте диссидентке, кеңестік жүйеге қарсы тұлғаға айналады. Мұқағали ашық түрде диссиденттік өлеңдер жазбаса да, Жазушылар Одағының басшылығын және көрнекті тұлғаларын әшкерелеумен болады. Сөйте-сөйте ол барлық жерден қуылып, Одақтан шығарылып, елден аластатылғандай болады. Соңғы күндерін ауруханада өткізіп, сонда көз жұмады. Сөйтіп, гуманист болам деп бастаған Мұқағали ақыр аяғында барып тұрған диссидент болып тынады. Бұл мәселе, сол кездегі, жетпісінші жылдардағы советтік Қазақстанның моралдық тұрғыдан әбден іріп шірігенін көрсетеді. Демек, егер Мұқағали өзі әйгілеген гуманистік идеалдарына жете алмаса, оған ол кінәлі емес, сол кездегі жүйе кінәлі.

Екіншіден, Мұқағали биік гуманисттік принциптерді сыйлай тұра өзін өте терең ұлттық ақын ретінде қалыптастырды. Ұлттық ақын дегеніміз тек ұлтшылдық ұранын ұрандай беретін ақын емес, өзінен бұрынғы бүкіл ұлттық мұраны меңгерген және оны жаңа адамзаттық заманауи деңгейге көтере білген ақын. Егер Мұқағали поэзиясына үңілсеңіз, ол біздің бүкіл ауызекі және жазба дәстүрімізді қазбалап, әсіресе, Махамбет пен Абайдың сарынын жалғастырғысы келеді. Демек, оған еркінсүйгіш азаматтық және шындық сүйгіш философиялық поэзия жақын. Сонымен қатар, Махамбет поэзиясы – ол жыраулық поэзиясының он тоғызыншы ғасырда қайта жаңғырған түрі. Ал жыраулық поэзия дегеніміз қазақ әдебиетінің төл туындысы, төл дәстүрі. Мұқағалидің бұл поэзияны ардақ тұтуы оның ұлттық болмысын ғажап тереңдетіп, айнымас бағыт береді. Екінші жағынан, Мұқағали ақындығының Абай поэзиясына жақындығы оған ұлттық дәстүрді әлемдік әдебиеттің бүкіл адамзаттық рухани ізденістері арқылы қайта саралай түсуге мол мүмкіндік береді.

Ал егер әлемдік өлшемге келсек, Мұқағалидің Пушкин мен Есенин арасындағы межелі кеңістікте табылары анық. Себебі, бұл ұлы тұлғалар екі ерекше құбылыстың көрінісі. Егер Пушкинге тоқталсақ, ол ұлттық поэзияны әлемдік деңгейге көтеруші тұлға. Бұл тұрғыда Пушкинге грек антикасы мен француз поэзиясы жақын. Осы екі негізге сап, ол бүкіл орыс мәдени мұрасын қайта қорыта білген. Ал Есенин болса, осы Пушкин жеткен биіктегі жазба поэзияны жартылай фольклорлық деңгейге түсіреді. Есенинде еуропалық мәдениетке талпынудан гөрі, стихиялық күші басым. Бірақ ол күштің негізі енді деревня емес, қала. Есенин қалалық ақын, бірақ қалаға деревнядан келген ақын. Сондықтан ол қалалық мәдениетті онша қабылдамайды, оны әшкерелеп, оған қарсы тұрады. Оның хулиган туралы өлеңдер топтамасын жазатыны содан. Ол аздай, Есенин қалалық мәдениетті буырқанған ішкі темпераментімен, деревнядан дарыған магикалық күшімен қайта жандандырғысы келеді. Қаланың цивилизация бұғауында кеміп қалған болмысын, ауылдық ақынның табиғи дарнымыен, табиғат бояуының  алқам да салқам алуантүрлілігімен Һәм дархандығымен еселегісі келеді.

Ал Мұқағалида осы талпыныстың екеуі де бар. Бірінішіден, ол Пушкин сияқты қазақ поэзиясын әлемдік деңгейге көтергісі келеді. Ал әлемдік деңгей дегеніміз не? Ол бүкіл әлемге мейлінше ашық болудан басталады және екінші жағынан өзге, тіпті, жаныңа бөтен құбылыстарды да мейлінше түсінуге тырысу. Бірінші талап ақыннан орасан адалдықты, өзінің еш мінін жасырмай, немесе өзін тым жағымды жағынан көрсетпей, бар табиғатымен, бар кедыр бұдырымен көрсетуін талап етеді. Екінші талапқа сай болу үшін ақын бар болмысқа жанашыр болуға тиіс және әрбір құбылыс оны қызықтырып, оның сауалын туғызуға тиіс. Міне сонда ғана ақын бар болмыспен байланыста болады, жүрегінен әлемге жол өрбіте біледі және ол ақын мен әлем арасындағы ерсілі қарсылы жүретін жол, әрқашанда өзара қатынасқа жетелейтін толқымалы арна. Мұқағали осы жәйттердің бәрін жете түсінген, мұны өлеңдерінен байқауға болады:

Жалғыз аяқ соқпақ жатыр іргесінде үйімнің,

Соған шығу қиыны екен өмірдегі қиынның.

Жалғыз аяқ соқпақ әкеп жолға салды шытырман,

Шимай-шимай сызығындай жүрегім мен миымның.

Міне, осы соқпақтан бастап ақын өмірге ұлы саяхатын бастайды, көп нәрсеге көзін ашады. Бұл тұрғыда ақын кейіпкерін Буддамен салыстыруға болады. Бірақ егер Будда дүниенің азапқа толы екенін көріп, мәселе азаптан қашу, азаптан арылуда деп шешсе, қазақ ақыны азаптан қаша алмайсың, демек азапты бөлісу керек, яғни, бір бірімізге жанашырлық білдіруіміз керек деген ғажап тұжырымға келеді.

Біреулерді мерт қылып аламын деп,

Ашуыма ауыздық саламын кеп.

Тентек інім бетіме тік қараса,

Жасқанамын жандай-ақ залалым көп.

Сонымен, Мұқағали поэзиясы – жанашырлық ілімі, ал жанашырлық дегеніміз ол әрбір жанның жан саулығына мейлінше мүдделі болу және әрбір құбылысқа деген мейлінше зейін, барынша құлақ түру.

Сұмдығы ай осы біреу мұң дауыстың,

Шыға алмай, көкіректе тұнған ұшқын.

Күй тартып көкіректе боздатады.

Сұмдығы ай осы біреу мұң дауыстың,

Іздеп мен ойға да ұштым, қырға да ұштым.

Осы елгезектік Мұқағалиді Дантемен біріктіреді. Оларды тағы бір біріктіретін нәрсе екеуінің де ұлттық негізі берік және сонымен қатар, ұлттың дамуын олар моральдық жетілуден, бүкіл адамзат құндылықтарын бойына дарытудан іздейді. Бұл тұрғыда екеуі де адамды мінсіз тұлға деп санамайды, адам күнәһар болуы мүмкін, бірақ күнәсінан арылуға тиіс.

Адалмын деп, араммын деп айта алман,

Адалдықпен бірге ойладым, бір күлдім.

Арамдықтың кемесінде шайқалған.

Тентек болған тайыншадай ділгірдім.

Адалсың деп көңілімді көпсітпе,

Адалдықты ала келгем анамнан.

Арамсың деп өмірімді өксітпе,

Жұмырбасты пенде болып жаралғам.

Адалдығым, арамдығым байқалған,

Жырым менің, сырым менің – шарайна.

Адалмын деп, араммын деп айта алман,

Сен сұрама, жарай ма?

Соңғы сұрағымен ақын сұраушының өзіне күдік келтіргендей. Бұл нағыз философиялық поэзияның қасиеті – барлық нәрсені сұрау белгісіне алу, дүниені негізі белгісіз, күмәнді нәрсеге айналдыру. Ал Данте үшін дүниені күмәнді қылу аз, ол күнәдан арылудың амалын, биік құндылықтарға жол табуды өзінің сүйіктісі Беатричеден іздейді. Беатриче Дантенің көршісі Флоренцияның ардақты азаматы Фолько Портинаридің қызы еді. Данте Беатричені алғаш рет 9 жасында көреді, ал қыз одан бір жас кіші болады. Бұл оқиға Флоренцияда мамыр айында өткен мейрамда болады. Кейін ол бұған Жаңа өмір деген алғашқы шығармасын арнайды. Осы алғашқы кездесуден Данте өмір бойына әсер алады. Бірақ Беатриче жастайнын, нақты айтқанда 24 жасында қайтыс болады. Әйтседе Данте шығармашылығында ол мәңгі өмір сүреді. Тіпті Дантенің ең атақты шығармасы Құдыретті комедия ақынның тозақтың барлық шеңберінен өтіп жұмақта Беатричемен кездесіп, қосылуымен аяқталады. Данте үшін Беатриче бейнесі шектен тыс сұлулықтың және нәзіктіктің шоғыры. Ол барлық өзге қыздарда шұғылаланған сұлулықтың символына айналғандай. Іс жүзінде Данте Беатриченің сұлулығын сұлулықтың нақ өзіндей ұғынады, мұндай сұлулық оған ғашық болғандардың табиғатын өзгертеді, себебі ол ғажап, сондықтан жаңа өмір тудырушы, оған жақын болу моралдық мінсіздікке талпынумен бірдей және рухани биіктікке жетелейді. Ең қызығы, Дантенің бұл пайымы шығыста кең тараған сопылық поэзиясының ұстанымдарына ұқсайды. Сопылар өзінің Аллаға деген махаббатын сұлу қызға ғашық болу үлгісінде суреттеген және бұл ешқашанда ғашықтар қосыла алмайтын махаббат. Сопылық ақын сол махаббатын жырлай жырлай рухани жетілу сатысына биіктей береді. Сол сияқты Дантеде өзінің кейіпкерін немесе өзін ең төменгі саты тозақтан бастап, ең биік саты жұмаққа дейін көтереді. Және сол жұмақта ғана Беатричемен кездеседі. Біраз зерттеушілердің айтуынша Данте шығысқа қызыққан, араб философиясымен таныс болған. Енді әлгі айтылған нәрселерге назар аударсақ Данте араб және парсы тіліндегі сопылық поэзиясымен таныс болған сияқты. Тағы бір айта кететін жәйт, Данте о дүниелік сапарға аттанған бірінші саяхатшы емес. Дантеден көп ғасыр бұрын бұл сапарды Әулие Вираз деген парсының абызы жасаған. Бұл оқиға Арда Вираз намаг деген кітапта баяндалады. Ғалымдардың айтуынша Әулие Вираздың кітабы зәрдүшт дінінің бергі заманда жазылған кітабы. Ол пехлеви және парсы тілдерінде жазылған нұсқада таралған. Бізге жеткен қолжазбалардың ең көнесі 1410 жылы құрастырылған пазанд-санскрит тіліндегі нұсқасы. Бірақ шығарманың өзі ислам жаңа ене бастаған Сасанидтер дәуірінде, 7-8 ғасырларда жазылған деп есептеледі. Егер Дантенің ислам мәдениетімен таныстығын ескерсек, оған бұл шығарманың да бір көне нұсқасы таныс болуы мүмкін ғой. Өйткені әлгі кітапта Әулие Вираздың зәрдүшт дінін қайта жандандыру үшін о дүниеге барып келу сапары суреттеледі және, әрине Вираз барлық нәрсеге зороастриец ретінде қарап, зороастризм құндылықтарын уағыздайды. Әрине, дантенің Құдыретті комедиясы әлдеқайда күрделі, онда жекетұлғалық сананың құндылықтары басым, бірақ жалпы идеясы ұқсас.

Біздің Мұқағали мен данте тақырыбына баруымыздың басты себебі, Мұқағали Данте жазған құдыретті комедиясының Тамұқ деген бөлімін аударған. Ал аудармаға бару үшін сол автор сені өте қызықтыруға тиіс. Бұл тұрғыда ойланып қарасақ осы екі ақынды біріктіретін біраз себептер бар. Біріншіден, бұлардың екеуі де өз елдерінің үлкен патриоты бола тұра, өзіне замандас қоғамға ашық қарсылықта болған. Бұл тұрғыда әсіресе дантенің өмірі ғажап. Данте 1265 жылы Флоренцияда дүниеге келген, 56 жыл өмір сүрген, 1295 жылдан бастап Флоренцияның саяси өміріне белсене қатысқан. Ол кезде Италияның біресе Рим папасына, біресе герман императорына бағынып, біресе әрбір қала өзін республика жариялап бірікпеген кезі еді. Осының нәтижесінде әрбір қала тұрғыны гвельф пен гибеллиндерге бөлінген. Гвельфтер папаның билігін жақтаса, гибеллиндер императордың билігін жақтаған. Данте гвельфтер жағында болған. Кейін олар Ақ және Қара гфельфке бөлінгенде, ол ақтардың жағында болған. Ақтар ол кезде папаны қолдамаған. Ең қызығы Данте өзі аса ақсүйек дворян тегінен болса да, қалалық интеллигенция мен ірі буржуазия өкілдерін жақтаған. Міне сол кезеңде біраз өсіп, үкімет басында болған. Бірақ ақтардың үстемдігі құлағасын, Данте билігін өз пайдасына қолданды деп айыпталып Флоренциядан қуылған, тіпті  егер ол осы қалаға қайтып келсе өртеу жазасына кесілсін деген қаулы қабылданған. Ал Мұқағали болса, «Мен жанынан безген ақынмын», өйткені мына совет жүйесіне қарсымын деп айтады екен. Мұқағалиді ешкім өртемесе де ол іштей өртеніп кетті. Оның поэзиясы аза мен азардан туған өрт. Данте болса енді папаны қойып, герман императоры Генрих VII үміт артады. Ол Италияны біріктіре алады деп ойлаған. Императорды қолдауға шақырған хаттарында Данте өзінің уағызына көнбеген отандастарын жауыз деп атаған. Бірақ император өмірден ерте кетіп, ақынның бұл үміті де ақталмай қалады. Кейін отандастары егер кешірім сұрасаң Флоренцияға қайтып келуіңе болады деген, бірақ Данте ондай өз өзін қорлауға бара алмайды, содан 1315 жылы Флоренция сеньориясы оны балаларымен қоса өлім жазасына кеседі. Сөйтіп Дантенің қалған өмірі түрлі қалаларды кезумен өтіп, ақыры 1321 жылы Равеннада маляриядан қайтыс болады.

Әрине, мұндай биографиясы бар ақын Мұқағалиді қызықтырмауы мүмкін емес еді. Әрбір адам біреуді түсіну үшін алдымен өзімен салыстырады. Өзіне жақын, өзін толқындыратын қасиеттерін көргенде ғана, сол тұлғамен сұхбатқа барады. Бұл тұрғыда Данте, әрине, үлгі тұтарлыққа тұратын тұлға. Ол сонау 13-14 ғасырдың өзінде адамның адамдығын және азаматтығын жырлаған, Құдыретті комедиясында папа мен кардиналдардың өзін тамұққа салып қойған, билікке қарсы шыққан. Сонымен қатар, асыл әйел ретінде Беатричені дәріптеп, махаббат сезімінің философиясына бүге шігесіне дейін үңіле білген. Бұл тұрғыда Мұқағалиға келсек, ол махаббатты жырлауға шорқақтау. Бірақ ойланып қарасаңыз, бұл махаббаттан қашу емес, оны аса дәріптеу, оны титтей де болса ұсақтатуға бармау.

Жәй ғана көңілде жоқ қалағаным,

Кешкілік бақты ұзақ араладым.

Өбісіп те өлісіп екеу отыр.

Өтіп кеттім, бұрылып қарамадым.

Міне, Мұқағали осылай махаббаттан сырт қалған сияқты. Бірақ оның махаббаттан сонша өгейситіні, ол қалаулысын тапқысы келген, бірақ таппағанға ұқсайды. Әлде тапса да, өзіне қимады ма екен? Не болмаса махаббатқа қойып кетіп, есімнен айырылып қалам ба деп қорықты ма екен? Олай болса Мұқағали махаббатты ессіз, түссіз дүлей күш деп түсінген, не де болса құр нәпсіге көнгісі келмеген. Ал мұндай ұстаным махаббатты ең асыл құндылық ретінде шексіз дәріптеуден туындайды. Бұл туралы оның махаббат туралы түсінігі дантенікіне ұқсас. Ал дантенің ұғымы бойынша махаббат ол сүйіктіңді өз жүрегіңмен қоректендіру. Бұл туралы ол Жаңа өмір деген шығармасында жазады. Жас ғашық ұйықтап қалып түс көреді. Түсінде оған махаббат құдайы Амор келеді. Оның құшағында тыр жалаңаш тек қана бәрі көрінетін мөлдір жейдесі бар Беатриче, махаббат құдайының жоғарыға көтерген қолында Дантенің жүрегі, Амор аруды оятып, оған ақынның жүрегін жегізеді. Әрине, бұл өте ертеде жазылған өлең және мұндағы барлық бейнелерді тек символика деп түсінгеніміз жөн. Әйтсе де мұнда итальян ақыны ең басты нәрсені ұстаған, ол махаббаттың тек құрбандық жолында іске асатынын. Міне, мұндай құрбандыққа Мұқағалидің барғысы жоқ. Себебі ол бұл дүниенің тек махаббаттан тұрмайтынын біледі және ол адамға, ізгілікке, жанашырлыққа деген махаббатын ешнәрсеге айырбастағысы келмейді. Керісінше, ол өзінің осы ұлы махаббаты үшін өзінің жеке махаббатын құрбандыққа шалады. Жалпы, құрбандық тақырыбы Мұқағали поэзиясында өте маңызды тақырып. Бұл өте қызық, өйткені Мұқағали көшпенділік негізінен шыққан ғой, ал құрбандыққа бару христиан дінінің басты тақырыбы. Себебі онда Христос жартылай құдай, жартылай адам бола тұра, бүкіл адамзаттың күнәсін мойнына артып, өзін құрбандыққа шалады. Ең ғажабы осы мағыналас өлең Мұқағалида да бар.

Құттықтап құстар сайрап, сөйлеседі,

Құдайдан келген әлде дерек пе екен?!

Айтыңдар, мазасы жоқ бұл ғаламға,

Алысып аспан мен жер тулағанда,

Адамнан бір құрбандық керек пе екен?

Құрбандық керек болса, шалсын мені,

Үзіліп бір пенденің қалсын демі.

Жарты қасық қаныммен шөлін бассын,

Аз болса қара жерге қан сіңгені.

Мың сәлем! Құдыретке жеткізіңдер,

Құрбандық керек болса, шалсын мені!

Бұл жолдарда кекесін де жоқ емес. Ақын адамзаттың құрбандықсыз өмір сүре алмайтынына езу тартады. Бірақ, оның түпкі ойы әріде. Ол кейінгі баянды тірлік үшін құрбандыққа барғысы келеді.

Әлем тыныш болса екен арт жағымда,

Алға шеру қозғалыс тартқанында.

Тыныш келіп, сайрандап қайтса болды,

Бір ел келіп бір елдің бақтарында.

Мінеки, енді біз Мұқағалидің ең қымбат ұстанымы тыныштық тақырыбына келдік. Жалпы, тыныштық ол үшін тақырып емес, оның ішкі негізі. Оның өлеңдері ғалам үнсіздігінен, өз тереңіне үңілген ғажап шоғырлана білген тыныштықтан туындап, тамырын сан саққа жаяды. Бұл өлең тудырудың ең қиын жолы. Өйткені кез келген тақырыпты суреттеуге болады, ал егер сен өзің әлі қандай туынды тудыратыныңды білмей тұрғанда, саған тек өзіңнің адал ниетіңмен құдайдың құдыреті ғана көмектеседі.

Осының бәрін ойлап бағамдағанда Мұқағалидің Дантенің Құдыретті комедиясын аударуына баруы өте заңды. Ол біріншіден ақынның әлемдік деңгейге талпынуы, өзіне рухани сүйеніш іздеуі, екіншіден, қазақ тілінің мол мүмкіндігін және алуан түрлі икемділігін көрсете алуы, үшіншіден, қазақ поэзиясының пайымшылдығын және өзге құндылықтарды пайымдай алатын кемелділігін паш етуі.

Ал егер ақын үш бөлімнен тұратын поэманың тек Тамұқ бөлімін аударса, демек, оны адамның парқы мен нарқы, қылмыс пен жаза, о дүниеден, тәңірлік үкімнен қорқу мәселесі қызықтырған. Мұқағали мазмұны жағынан поэманы өте дәл аударған. Тек қана текстқа емес подтекстіне де үңілген. Ақын тек кейбір формалық жағын дәл ұстамаған және оны қажетсінбеген де сияқты. Сондықтан болар Мұқағалидің аудармасы аудармадан гөрі өзінің төл шығармасына ұқсайды.

Сонымен, Мұқағали мен Дантені ең басты біріктіретін нәрсе, олардың өз орталарынан биіктеп, адамзаттың ең биік моралдық құндылықтарына талпынуы. Бірі Шығыстан, бірі Батыстан болса да, олар өздерінің үйреншікті дәстүрлерінен биіктеп, поэзия мен руханилық патшалығында кездеседі.

Әуезхан Қодар