13 ақп, 2018 сағат 14:20

Мұғалімдердің жалақысына үстемеақы қашан қосылады?

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша сабақ беретін мұғалімдердің жалақысына үстемеақының қашан қосылатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңартылған мазмұн бойынша сабақ беретін мұғалімдердің жүктемесі артқандықтан, лауазымдық жалақысын да арттыру қарастырылған. Қаулы 7 ақпан күні шықты, қазір өңірлер шұғыл тәртіпте есеп жүргізеді және менің пайымдауымша, ақпан айының жалақысы берілерде қаңтар және ақпан айларының үстеме ақысы бірге түседі», - деп жауап берді ол ҚР БҒМ алқасының кеңейтілген отырысы аясында журналистердің сұрағына.

Сонымен бірге, вице-министр жалақыға қосылған үстеме ақының аздығы туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарағұсованың сынына жауап берді.

«Кабинетті меңгеру, сыныпқа жетекшілік етуге қосылатын төлемдер 5 мың теңгеден аспайды, бұл тұрғыда Қарағұсованың алаңдаушылығын түсінемін. Бірақ, қазір Мемлекет басшының тапсырмасымен қарастырылған лауазымдық жалақыны көбейтуде анағұрлым көбірек ақша қосылады. Мәселен, орта есеппен мұғалімдер 80 мың теңге алса, 30% үстемеақы дәл осы 80 мың теңге негізінде, яғни шамамен 24 мың теңге қосылады», - деді Б. Асылова.

Вице-министрдің айтуынша, 1 қаңтардан бастап, республика аумағындағы 90 мыңға жуық мұғалімнің жалақысы көбейеді. 1 қыркүйектен бастап 200 мың мұғалім ұлттық біліктілік тестін тапсыру арқылы өз еңбекақыларын көбейте алады. Аттестацияның жаңа ережелері әзірленіп жатыр.

Бұған дейін, Бибігүл Асылова өзінің қанша жалақы алатынын мәлім еткен болатын.