10 қаң, 2019 сағат 15:46

Мұғалімдердің мәртебесі туралы заңның қашан қабылданатыны белгілі болды

«Мұғалімдердің мәртебесі туралы» заң 2019 жылдың маусым айында қабылдануы мүмкін. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.

Алдымен вице-министр қазіргі таңда аталған заңның мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің келісімінен өтіп жатқанын атап өтті. 

Осы орайда ол мұғалімдерден ұсыныс қабылдау жұмысы да жалғасып жатқанын жеткізді. 

Оның айтуынша, аталған заң жобасы ақпан айында Мәжілістің қарауына жіберіледі. 

«Ақпан айының басында заң жобасы Мәжіліске енгізіліп, онда депутаттар құжатты ары қарай өңдейді. Содан кейін Сенаттың қарауына өтеді. Ал маусымда еліміздің Президенті аталған заң жобасына қол қояды. Оған дейін 300 мың педагог оны тыңғылықты оқып, зерделеп, өз ұсыныстарын енгізулері қажет», - деді Эльмира Суханбердиева елордадағы №59 мектепте өткен қоғамдық тыңдау барысында.

Айта кетейік, өткен жылы Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында үкіметке мұғалім мәртебесі туралы заң жобасын дайындауды тапсырды.