17 қыр, 2019 сағат 18:23

Мұғалімдер, депутаттар және спортшылар «Екі жұлдыз» жобасында ән салады

1 қыркүйектен бастап Qazaqstan ұлттық арнасынан «Екі жұлдыз» жобасы қайта эфирге шығады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" телеарнаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Екі жұлдыз» шоуында танымал әншілер мен өзге саланың мамандары ән айтып қана қоймай, ең мықты жұп ретінде жеңіске жетуге талпынады. Қатысушылар арасында белгілі спортшылар, кино және театр актерлері, депутат, ұстаз, айтыскер ақын, кәсіпкер мен тележүргізушілер бар.

Атап айтқанда, жобадан актер, ҚР Халық әртісі Досхан Жолжақсынов, ҚР Халық әртісі, театр және кино актері Тұңғышбай Жаманқұлов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова, айтыскер ақын Дидар Қамиев, тележүргізушілер Әйкерім Есенәлі, Қарагөз Сүлейменова, кәсіпкер Ларион Лян, боксшы, Олимпиада жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, таэквондошы Севда Алиева, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Сергей Воронцов, театр және кино актерлері Қайрат Әділгерей, Мереке Қалбаева, Гүлбахрам Ахат, Дәурен Айдарқұлов, Тәуекел Мүсілім, Дариға Бадықова және Берік Тұрсынбековтың өнерін тамашалауға болады.

Олармен жұптасып, бәсекеге түсетін эстрада жұлдыздары қатарында Ұшқын Жамалбек, Ақбота Керімбекова, Ақбота Нұр, Жігер Ауыпбаев, Қуандық Рахым, Нұрболат Абдуллин, Серік Ибрагимов, Зарина Алтынбаева, Жұбаныш Жексенұлы, Айгүл Иманбаева, Салтанат Бақаева, Ғазизхан Шекербеков, Жеңіс Ысқақова, Балжан Бидаш пен «Славян базарынан» жүлдемен оралған Ернар Садырбаев бар.

Әр кезең түрлі тақырыптарға бөлінген - ұлттық музыкадағы айрықша тұлға Шәмші Қалдаяқовтың және аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің әндері «Екі жұлдыз» сахнасында шырқалады.

«Қатысушылардың өнері үш адамнан құралған қазылар алқасының және залда отырған көрерменнің арнайы мобильді қосымша арқылы берген дауыс санымен бағаланады. Қазылар алқасы мен көрерменнің дауысы 50/50 пайыз құқыққа ие. Әр бағдарлама сайын ең аз қолдауға ие болған бір жұп жобамен қош айтысады. Қазылар алқасының тұрақты мүшесі - Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Толқын Забирова», - делінген телеарнаның ресми хабарламада.

Бағдарлама 21 қыркүйектен бастап әр сенбі сайын 21:00-де көрсетіледі.

Еске сала кетсек, қыркүйек айында ұлттық арнаның 61-ші маусымы ашылған болатын. Жаңа маусымда Qazaqstan арнасынан 14 жаңа жоба эфирге шығады. Осыған дейін көрермен ықыласына бөленіп үлгерген 10 бағдарлама жаңаша форматта қайта ұсынылды.