23 қаң, 2018 сағат 15:22

Мұғалімдер 30 пайыздық үстеме ақыны қашаннан бастап ала алады?

Мұғалімдердің жалақысын көтеру үшін республикалық бюджетке өзгерістер енгізу керек. Оған біраз уақыт кетеді. Сондықтан әзірше жергілікті бюджеттердің есебінен 30 пайыздық үстеме ақыны төлеу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін ғана республикалық бюджет комиссияның отырысы өтті. Олар (мұғалімдердің жалақысын 30 пайызға көтеру туралы - авт.) қаулының жобасын мақұлдады. Келесі аптада Үкіметтің кезекті отырысында дауысқа салайын деп отырмыз. Содан кейін аталған құжат аймақтарға жіберіледі. Соның негізінде жергілікті атқарушы органдар мұғалімдердің қаңтар айындағы жалақысын жаңа жүйе бойынша төлей алады. Біз үшін, ең бастысы, мұғалімдер жалақының көтерілгенін осы айдың соңында көруі тиіс», - деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, әзірше 30 пайыздық үстеме ақы жергілікті бюджеттердің есебінен төленеді. Артынан республикалық бюджетті нақтылағаннан кейін әкімдіктердің барлық шығындары өтеледі.

«Өйткені бюджетті нақтылауға ұзақ кетеді. Парламенттің талқылауынан өткізу керек және тағысын тағы. Сондықтан әзірше жергілікті бюджеттердің есебінен көтергенді жөн көрдік», - деп атап көрсетті Б.Асылова.

Айта кетейік, жоспар бойынша ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап білім берудің жаңартылған мазмұнына көшуіне қарай 1-ші, 2-ші, 5-ші және 7-ші сынып мұғалімдерінің айлығы көтеріледі. Ал қыркүйекте 3-ші, 6-шы және 8-ші сынып ұстаздары еңбекақының 30 процентке артқанын көре алады. Бұдан бөлек, келесі жылы қыркүйек айында 4-ші, 9-шы және 10-шы сынып мұғалімдерінің жалақысы көбейсе, 2020 жылы 11-сынып мұғалімдерінің ақшасы артады деген жоспар бар.