06 сәу, 2020 сағат 09:11

Моңғолияда коронавирус жұқтырған 15 адам тіркелді

Моңғолияда коронавирус жұқтырды деп тіркелген 15 адамның барлығы басқа елдерден келген, деп хабарлайды МОНЦАМЭ агенттігі.

Моңғолияның Инфекциялық ауруларды ұлттық зерттеу орталығындағы оқшаулағышына жатқызылған Түркия азаматынан коронавирусқа алынған сынама қорытындысы оң нәтиже көрсетті. Бұл туралы бүгін Моңғолия Денсаулық сақтау министрлігінің брифингінде орталықтың директоры Д.Нямхүү мәлім етті. Бұл елдегі тіркелген коронавирусқа шалдығудың 15-ші оқиғасы. 

Еске сала кетейік, Түркия азаматы 28 наурызда Моңғолияның Ұланбатыр қаласына чартерлік рейспен келген. Ол Түркия Елшілігі қызметкерінің жақыны, онымен бірге отбасының тағы екі мүшесі болған. Олар келген кезде, бірден оқшаулағышқа жабылған. 1 сәуірде Моңғолия ДСМ екеуінің коронавирусқа шалдыққанын растады, алты күн өткен соң, Түркияның үшінші азаматынан да індет анықталған. 

6 сәуірдегі жағдай бойынша, Моңғолияда жаңа типтегі коронавирус жұқтырудың 15 оқиғасы тіркелді, 13 адам стационарда ем қабылдап жатыр, тағы екеуі дерттен жазылып, үйіне карантинге оқшауланған. 

Бүгінде елде 248 адам дәрігерлердің бақылауында. Алдағы күндері Токиодан ұшатын чартерлік рейстен Моңғолияның 184 азаматы эвакуацияланады.