07 қыр, 2016 сағат 13:36

Қызбелде Міржақып Дулатовқа ескерткіш орнатылды (фото)

Жанкелдин ауданының Қызбел ауылында туған қазақтың аса көрнекті жазушысы, ақын, қоғам қайраткері Міржақып Дулатовқа ескерткіш орнатылды. Биіктігі төрт метр болатын ескерткіш алаш арысының есімімен аталатын мектептің алдынан бой көтерді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "Қостанай таңы" газетіне сілтеме жасап.

Бұл игіліктің істі Жақаңның ұрпақтары жүзеге асырды. Баба ұрпақтары бұның сыртында Бидайық ауылындағы М.Дулатовтың кесенесі мен мұражайына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп берген. Мүсінді жасаған – осы елдің тумасы, облыс өңіріне белгілі мүсінші, суретші, Қостанай қаласының тұрғыны Мұқаш Рахалиев. Бұл кісімен жүзбе-жүз кездесіп, әңгімелесудің сәті түспеді. Тек телефон арқылы әңгімелестік. Өзінің айтуы бойынша, ол бұған дейін қолөнермен айналысқан екен. Домбыра, қобыз, күбі, бесік, сандықтар жасап, тұтынушылар тарапынан мол сұранысқа ие болған. Соңғы төрт жыл көлемінде мүсін жасаумен шұғылданып, қосымша кәсібінің арқасында ел алғысына бөленіп келеді. -Міржақып бабамыздың мүсінін жасау мен үшін үлкен бақыт деп білем. Өзім де қаржылай үлес қосып, үш айдың ішінде мүсінді жасап шықтым. Жасаған еңбегіме ешқандай еңбекақы талап еткен жоқпын. Себебі мен де осы ауылдың тумасымын. Перзенттік борышымның бір бөлшегі өтелсін деп, тегін қызмет еттім. Биыл күзден қалдырмай ескерткіш, мұражай, кесенелердің айналасына көшет ағаштарын отырғызбақшымыз.

Сондай-ақ, келер жылы бабамыздың атындағы мұражайдың ішіне жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Жас буын осындай тарихи ескерткіштерге тағзым етіп, қазақтың рухын асқақтатса екен деймін, — дейді Мұқаш Тоқтарбайұлы. Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз алған ауыл әкімі Елдос Едіресов Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы қарсаңындағы жасалған тамаша тартуға ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар, М.Дулатовтың ұрпақтарына және мүсінші М.Тоқтарбайұлына ауыл тұрғындарының атынан шексіз алғысын білдіріп, қазақтың салт-дәстүрі бойынша иықтарына шапан жауып, сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті. Баба рухына құран бағышталып, ас берілді. Ауыл қариялары М.Дулатов туралы деректер келтіріп, келелі әңгімелер айтты.