27 қар, 2020 сағат 14:16

Министрлік пен өңірлердің коронавирус бойынша статистикасы неге сәйкеспейді?

Денсаулық сақтау министрлігі мен өңірлердің коронавирус бойынша статистикасы неге сәйкеспейді? Бұл сұраққа бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңірлердің статистикасы туралы айтар болсақ, бұл жағдайдан хабарымыз бар. Аталмыш мәселені реттеу үшін біздің арнайы бригадалар мен мониторингілік топтар аймақтарға барып, жергілікті жердегі жағдайларды өз көзімен көрді. Мәліметтің кейде расында да тіркеліп (қате тіркеліп) жатқанын көріп, себептерін анықтадық. Мұндағы басты себептердің бірі – зертханалардың толық интеграциясының болмауы. Яғни жеке зертханалардың бір бөлігі бірыңғай ақпараттық жүйеге енгізілмеген. Кейінгі кезде бұл бағыттағы жұмысты реттеп, жеке зертханалар бірыңғай ақпараттық жүйеге кіріктіріле бастады», - деді Алексей Цой.

Министр сонымен қатар кейбір медициналық ұйымдар мәліметтерді кешігіп берудің салдарынан осындай олқылықтар орын алғанын айтады.

«Осы мәселелердің бәрін талдап, жергілікті жерлердегі жауапты азаматтарға әкімшілік сөгіс берілді. Бұл мәселе біздің ерекше бақылауымызда тұр», - деді ол.