01 қар, 2019 сағат 07:57

Министрлік оқушылардың білімін критериалды бағалау жүйесінен бас тарта ма?

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова бүгінде оқушылардың білімін бағалау үшін қолданылып отырған бөлім бойынша және тоқсан бойынша жиынтық бағалаулар (БЖБ/СОР және ТЖБ/СОЧ) тәртібін түсіндіріп берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазіргі уақытта ҚР Білім және ғылым министрінің тапсырмасы бойынша критериалды бағалау жүйесін жетілдіру жолдарын талқылайтын жұмыс тобы құрылды. Пікірталастар өрбіп, ұсыныстар түсіп жатыр. Мұғалімдер бір-бірімен пікір алмасып, тіпті дауласып, дәлелдер келтіріп, бұл жұмыс қатты қызу талқылану үстінде. Әріптестер өзара кеңеседі. Мұғалімдер көтеріп жатқан формативті бағалау кезіндегі балдарды есептеу, БЖБ мен ТЖБ-ның жиілігі сұрақтары пысықталуда. Бірақ мұғалімдер бір мәселе бойынша нақты ортақ мәмілеге келді - ескірген, 3 балдық жүйеге оралу мүмкін емес», - деп жазады вице-министр Facebook парақшасында.

Оның жазуынша, мұғалімдер критериалды бағалау жүйесінің әдістемесі дұрыс екенін түсінген. Сондай-ақ, ол бағалау жетекші елдердің жүйесінің тәртібіне сай келетіндей бағалаудың жаңа стандарттары мен механизмдерін жолға қойған. Сол себепті, министрлік критериалды бағалау жүйесінен бас тартпайды.

«Түсіндіріп өтейін: 2016 жылы басталған білім мазмұнын жаңарту жұмысы оқыту нәтижелерін бақылаудың жаңа формаларын қажет етіп, ақыры критериалды бағалау жүйесі енгізілді. Бұрын стандарт фактологиялық білімді игеруге баса маңыз беріп, оның деңгейі сабақта шағын фрагменттерді қайталап айтып берумен, қорытынды бақылаумен бағаланатын. Мұндай әдіс ақпараттық тұрғыда оқыту тәртібіне сай келді. Себебі, оқушыларға өңделген дайын материал ұсынылған еді», - дейді ол.

Шолпан Қаринованың сөзіне сенсек, бағалаудың жаңа жүйесінде объективтілікті қамтамасыз ететін бағалау құралдарына талап күшейтілген. Дайындалған талаптар мен тапсырмалар білім деңгейін анықтап қана қоймай, бұдан да жоғары деңгейдегі білім мен дағдыны пайдалану мүмкіндігіне жол ашады. Яғни, оқушының қалай сөйлеп, ой өрбітетініне, негізгі ойды қалай жеткізе алатынына, шешім қабылдап, алған білімді өмірінде пайдалана алуына қарай баға береді. Бұл бағыт дәстүрлі бағалаудың тиімсіздігін жойып, талаптардың бірыңғайлығын, стандартталуын және процедуралардың теңдігін қамтамасыз етеді.

«БЖБ – бұл бұрыннан бергі қолданыстағы тематикалық бақылау жұмысы, ал ТЖБ – тоқсан сайын алынатын бақылау жұмысы. Жаңа және ескі жүйеде де орындалған бақылау жұмыстарының санында ешқандай айырмашылық жоқ. Мәселен, Типтік оқу жоспарында (ТОЖ) 2013 жылғы «Қазақ тілі/орыс тілі» пәндері бойынша бақылау жұмыстарының келесі түрлері бекітілген: жылына 13-тен 15-ке дейін бастауыш сыныптардан диктант, мазмұндама, шығарма, тестілеу, қорытынды диктант (2 сыныпта 15, 3 сыныпта 14, 4 сыныпта 13) алынады. Жаңартылған мазмұн аясында БЖБ мен ТЖБ бұл сыныптарда жылына 12-ге қысқартылады. «Математика» пәні бойынша 2012 жылғы ТЖО-да 5-ші сыныпта бақылау жұмысының саны жылына 13 рет, ал БЖБ мен ТЖБ 14 рет кездесетін. Ал 6-шы сыныпта БЖБ мен ТЖБ саны жаңа бағдарлама бойынша азырақ. «Химия» пәні бойынша 2012 жылғы ТОЖ-да практикалық/бақылау жұмыстарының саны 11 болды. Ал 2016 жылғы ТОЖ-да БЖБ мен ТЖБ 12-ге азайды», - дейді ол.

Вице-министр критериалды бағалау жүйесі педагогтардың жұмысын жеңілдете түскенін жеткізді.

«Мұғалімдер туралы айтар болсақ: ескі жүйеде бастауыш сыныптардың мұғалімдері дәптерді күн сайын тексеретін. Бұл күнделікті тәртіп еді. Мұғалімдер күн сайын бірнеше пән бойынша 25 оқушының дәптерін тексеріп, келесі күні тексерілген тапсырманы ескертпесімен алып келетін. Сол секілді, орта және жоғары сыныптарда қазақ және орыс тілі, математика, физика, химия, биология пәндері бойынша жұмыс жазбаша тексеріліп, олармен практикалық және лабораториялық жұмыстар жүргізілді. Оның бәрі күнделікті қалыпты жұмыс еді», - дейді ол.

Оның сөзінше, БЖБ мен ТЖБ-ны тексеру кезінде бұрынғы жүйеге үйренген мұғалімдер еш қиналмайды.

«Әлбетте, ауызша пәндердің мұғалімдері қиналып қалары анық. Ескі жүйе бойынша олар жазбаша жұмыс жүргізбейтін. Олар оқушылардың ауызша жауабын ғана сұрайтын», - деді Ш.Каринова.

Атап өтілгендей, 2016 жылы жаңартылған оқыту бағдарламасы бойынша 1-сыныпқа барған балалар бірден формативті және жиынтық түрде бағаланып, жаңа жағдайларға белсенді түрде араласып кетті. Олар «жаман» белгі (баға) алуға қорықпайды. Оны білмейді де. Олар өз жауаптары мұғалімнің көңілінен шыққанына немесе шықпағанын біле алады.

«Жаңа жүйемен бағалауға алдымен ескі жүйеде оқыған және бағаланған, қазір жаңасына көшкен балалар баяу бейімделіп жатыр. Олардың қиындықтары психологиялық тұрғыдан бір-біріне үйреніп қалуларында, енді оларға қайта бейімделуге тура келеді. Ата-аналарға қатысты: бүгінгі ата-аналар-кешегі мектеп оқушылары, олар өздері ескі бағдарлама бойынша оқып, «3», «4», «5» деген баға алды. Оларға басқа бағаны елестету қиын. Сонымен қатар, бұрынғысы ыңғайлы. Және бұл түсінікті. Бұл ретте, ҚР Білім және ғылым министрлігінің ережелерінде БЖБ мен ТЖБ саны күніне 3-тен аспауы тиіс, оқушылардың шамадан тыс жүктелуіне жол бермеу үшін БЖБ мен ТЖБ тапсырудың икемді кестесі және т.б. бар екендігін атап өту қажет», - дейді вице-министр.

Айта кетейік, көкшетаулық мұғалім Әлия Ахетова БАҚ-тардың біріне берген сұхбатында жаңартылған оқу бағдарламасын, бағалау жүйесін және сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстарын сынға алған болатын.

Кейін ұстазбен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кездесті.