23 қаң, 2018 сағат 12:01

Министрлік: Гепатитті тегін емдеуге 2,7 миллиард теңге бөлінбек

Қазақстанда тұрғындарды вирусты гепатиттен тегін емдеу үшін оған қарсы бес түрлі препарат пен екпе сатып алуға биыл 2,7 миллиард теңге бөлінбек, - деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Министрлік ақпараты бойынша, Қазақстанды вирусты гепатитті емдеу маңызды болғандықтан, 2018 жылы бұл ауруды емдеуге бөлінген қаржы бұрынғы жылдырмен салыстырғанда 3,6 есеге артқан. Вирусты гепатитті емдеу үшін жыл сайын «Пэгинтерферон альфа 2b» және «Рибавирин» препараттары сатып алынады. Ал биыл бұған қоса «Тенофовир», «Софосбувир»және «Даклатасвир» препараттары сатып алынбақ.

Бұл дәрілер ЮНИСЕФ-пен жасалған келісім және БҰҰ бағдарламасы бойынша жеткізілмек.

Денсаулық сақтау министрлігі бұған қоса биыл созылмалы В гепатиті вирусын жұқтырудың және одан пайда болатын бауыр циррозы мен бауыр қатерлі ісігінің алдын алу үшін 445 мыңнан астам екпе сатып алынатынын айтады.