14 мау, 2018 сағат 10:53

Министрдің ескертуі: Заңсыз қаруды тапсырыңыздар, өзіміз тапсақ жауапқа тартамыз

Қазақстанда қарумен жасалатын қылмыс екі есеге қысқарды. Бұл туралы бүгін халықпен есептік кездесу өткізген ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қару жоғары қауіп көзі саналады. Олар біздің азаматтарымызда түрлі жолдармен қолға түскен. Біреулерінде рұқсат болмаған кездерден бері баяғыдан бар, енді бірінде туған-туыстарынан қалған.  Шетелге кетіп бара жатып тастап кеткендер де кездеседі. Қару тұрғаннан кейін отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынаста да қолданылады, кейде балалар ойнайды. Бұл қайғылы жайттарға себеп болып жатады. Сондықтан 2012 жылы біздің азаматтарымыздың қолындағы қаруды алу туралы шешім қабылданды», - деді ол.

Оның айтуынша, заңсыз қаруды акция аясында тапсырғандар жауапкершілікке тартылмайды. Жұмыстар қолға алынған кезде ел тұрғындарынан қаруларды сатып алу үшін Үкімет шамамен 240 млн теңге бөлген. Бірінші жылы азаматтар шамамен 8 мың қару жарақ тапсырды.

«Оқ-дәрілер мен жарылғыштарды тапсырғандар болды. Тіпті бір жерден тауып алған гранатаны өткізгендер де кездесті. Мұның барлығын бізге өткізді, өтемақы бердік. Бес жылдың ішінде өте көп қару-жарақ қайтарып алдық. Олардың арасында туған-туыстарынан қалған тарихи қарулар да кездесіп, музейге тапсырдық. Нәтиже бар. Бүгінгі күні қарудың қолданылуымен жасалатын қылмыстар екі есеге қысқарды. Мұны өте жақсы нәтиже деп есептеймін», - деді Қасымов.

Мәселен, министрдің дерегінше, қару қолдану арқылы 2013 жылы шамамен 650 қылмыс тіркелсе, өткен жылы ол 300-ге дейін азайған.

«Дегенмен, адамдарда әлі де қару бар. Сондықтан біз ағымдағы жылы да осы мақсатқа ақша сұрап отырмыз. Азаматтарға қаруларыңыз болса тапсыруға тағы да өтініш жасағым келеді. Егер өзіміз табатын болсақ, онда қылмыстық жауапкершілікке тартамыз. Акция бар кезде қайтаруларыңызды сұраймын», - деді ол.